Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:52, 16 Маусым 2021

«Бір белдеу – бір жол» кімнің мүддесін соғуда?

None
None

Бүгінгі таңда Қытай әлемді дүр сілкіндіріп, өзінің геосаяси ықпалын одан сайын арттыра түсуде.

Бұрын-соңды болмаған әрекеттерге баруда. Ешкімнің қабағына қарамай, өздерінің көздеген сыртқы саясатын жүзеге асыруда. Ең бастысы, айдаһар елі «Бір белдеу – бір жол» тарихи концепциясындағы жоспарларын әртүрлі және сан қырлы дипломатиялық айла-тәсілдермен ұтымды пайдалана білетінін көрсетуде. Оның нәтижесі де жоқ емес. Қытай Орталық Азияға өзінің ықпалын жүргізе отырып, Таяу Шығысты да қамтуды назардан шығармағаны белгілі. Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасында қаншама елдер бар. Солардың бәрімен ортақ тіл табысуға, өзіне қарай тарта білуге, қандай да бір экономикалық көмек көрсетуге қытай жағы ерекше көңіл аударуда. Қытай Таяу Шығыс және Еуразиялық құрлықты өзінің ортақ экономикалық өзегі ретінде қабылдап отыр. Бұл ретте Иран мемлекетінің Таяу Шығыстағы ықпалы мен оның санкцияда отыруы қытай жағына тиімді саясат жүргізуге мүмкіндік беруде.

  Жуырда Қытай Иранмен өзара экономикалық және қорғаныс көмегін көрсету жөніндегі келісімге қол қойды. Келісімшарт 25 жылға жасалды. Қытай Иран экономикасына 400 миллиард доллар көлемінде қаржы бөлді. Бұл дегеніміз – жыл сайын Иран экономикасына 16 миллиард доллар құйылады деген сөз. Мұның сыртында,  егер Иранмен екі арадағы өзара байланыс нығая түсіп, өзінің нәтижесін берген жағдайда Иран экономикасына 10 жыл ішінде  1 триллион доллар бөлінетін болды. Қытайдың осы елге соншама ерекше назар аударуы, мол қаржы бөлуі энергетикалық ресурстарының мол көзі саналатын Иран мен Сауд Арабиясынан өзіне қажетті мұнай мен газдың 70 пайызын арзан бағамен алуында жатыр. Сол себепті Қытай  Иранның аймақтағы ықпалын  күшейте отырып, энергетикалық ресурстарға одан сайын қол жеткізу негізгі   нысанаға айналуда. Бұл келісімшарт АҚШ пен батыс елдерінің санкцияларына қарамастан жасалды. Яғни Қытай Иран мәселесінде батыл қадамға барды.

 Иран аяқастынан «бостандыққа» шыққандай күйге бөленді. Өзара келісімшарт Иранға қарсы бағытталған батыс тосқауылдарының быт-шытын шығарып, ирандықтардың еркін тыныс алуына жол ашып отыр. Шын мәнінде Иран – Қытай үшін таптырмайтын үлкен саяси және экономикалық алаң. Өйткені  Иран Таяу Шығыс және Парсы шығанағында ең ықпалды елдің бірі болып табылады. Сонымен қатар Иранның техникалық жағынан дамыған ел екені де белгілі. Қытай үшін Иран Орталық Азия мемлекеттерімен салыстырғанда оның қытай технологиясыменетене үйлесіп кетуіне және екіжақты өндірістік-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы және аймақта әртүрлі қарама-қайшылықтарды бәсеңдетуге ықпалды мемлекет. Мұндай мүмкіндікті айдаһар елі барынша пайдалануда.

Соңғы жылдары  Қытай Таяу Шығыстағы 13 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, үлкен қадам жасады. Бұрын АҚШ ықпалындағы араб елдерінің сонау алыстағы Қытайға ыңғай бере бастауы  көп нәрсені аңғартады. Бұған Қытайдың экономикалық қарыштап дамуы және әлемдік рөлінің күшейе түсуі ықпал етуде. Аспанасты елінің Таяу Шығыстағы үйлесімді дипломатиялық батыл қадамдары батыс және Ресейдің өзін ығыстыруда. Бұған Түркия мен Иранның Таяу Шығыс және Парсы шығанағындағы ортақ көзқарастары Қытайдың олармен қоян-қолтық байланыс жасауына жол ашып отыр. Мұндай қарым-қатынас Қытайдың экономикалық мүмкіндіктерін ілгері жылжытып қана қоймай, әлемдік сауда саясатын жүргізуде оның ықпалын арттыра түспек. Әсіресе Иран арқылы әлемдік нарықтың түбегейлі жаңа сипат алуына, қытай қаржысын игеруге, аймақтық бәсекелестіктердің бәсеңдеуіне, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мұсылман елдерінің дамуына, олардың батыс пен АҚШ ықпалынан кетуіне, мұсылмандардың Қытайға деген жалпы көзқарасын түбірімен өзгертуге, өзара түсіністіктің орнығуына қол жеткізуде.

Алайда Иран Қытайдың инвестициялық көмегі өзінің ұлттық мүдделеріне нұқсан етпеу жағына ерекше мән береді. Осы орайда, олар әртүрлі елдермен экономикалық әріптес болуға ынталы. Иран Еуразиялық одақпен және басқа да батыс елдерімен өзара байланыс жасауға мүдделі екенін ашық көрсетуде. Мұндай қадам елдің қытай қаржысының ықпалында ұлттық мүдделерге зиян келмеуін қамтамасыз етпек. Ең бастысы, Иран Қытай мен Ресейді өз мүдделеріне тиімді пайдалану жағын негізгі нысана етіп отыр. Біз Иранның аймақтағы ірі мемлекет екенін, Таяу Шығыстағы саяси ойындардың негізгі ұйымдастырушысы және ықпалды күші болып табылатынын назардан тыс қалдырмауымыз жөн. Қазақша айтқанда, Иран тез шағылатын жаңғақ емес. Ол алдын алыстан болжайтын, ұлттық саясатына берік ел.

Иран тәжірибесінде инвестиция салған елдердің өндіріс салаларын өзіне  түгел немесе жартылай жекешелендіруге мәжбүрлейтін әдеттері бар. Бұл мемлекет мүдделеріне қайшылық туған жағдайда жүзеге асырылатын бірден-бір амал болып табылады. Мұндай іс-әрекеттер инвестиция салған елдерге ұнай қоймайтыны белгілі. Сонда да Иран Ислам Республикасы ұлттық мүдде тұрғысынан бұл бағыттан бас тартпақ емес. Ал аспанасты елі Иранның осындай әдіс-тәсілдерін екі ел арасындағы байланысқа кедергі деп қабылдамай, керісінше, ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қою  аса маңызды деген тұжырым жасап, батыл қадамға баруда. Бұл Қытайдың дипломатиядағы алға және артқа шегініс жасау құпияларын аңғартады. Ең бастысы, Қытай Иранның мұнайы мен газын өзіне пайдалана отырып, «Бір белдеу – бір жол» жобасын Парсы шығанағы мен Таяу Шығыста, одан әрі Еуропада жүзеге асыру. Бұл нысана қазірдің өзінде өз жемісін беруде.

 Қытай сыртқы саясатында неліктен Иран Ислам Республикасымен ерекше қарым-қатынас жасауға мүдделі болып отыр? Мұның өзіндік сыры неде? Біріншіден, Иран шиит мұсылман елдерінің арасындағы ең беделді және жетекші ел болып табылады. Оның Пәкістан, Ауғаныстан, Ирак, Сирия, Йемен, Ливан елдеріне ықпалы орасан. Иран осы елдерді АҚШ және  батыс мемлекеттерінің ықпалынан шығарып, осы аймақта өзінің басымдыққа қол жеткізуіне ұмтылуда. Екіншіден, Иран Ислам Республикасының Таяу Шығыстағы Израиль мемлекетімен арадағы қарама-қайшылығы.

Үшіншіден, Палестина арабтарын қолдау мәселесіндегі және өз елінде ядролық уранды байытуға қарсы АҚШ санкцияларының салынуы, оған тікелей Израильдің араласып, Иранды әлем алдында жау ретінде құбыжық етіп көрсетуі исламдық ортақ бірлікке нұқсан келтіруде.

Төртіншіден, алты араб мемлекетінің Израильмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуы араб әлемінің әлі де болса ауызбіршілігінің жоқ екенін дәлелдейді. Израиль АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең сенімді серіктесіне айналып, араб елдерінің саяси және экономикалық саясатына араласып, Иранды жан-жақтан қыспаққа алып отыр. Бұл кішкентай еврей мемлекетінің бай араб елдерін алақанында ұстап, өз билігін «өзіне бермей», тығырыққа тіреуі деп қабылдауға болады. Әрине, мұның бәрі АҚШ және батыс елдерінің тікелей қолдауымен,  дем беруімен жүзеге асуда. Өйткені Таяу Шығыс және Парсы шығанағы әлемдік стратегиялық және экономикалық саясаттың күретамыры болып табылады. Сондықтан Иран Израильге қарсы ислам мемлекеттерінің біртұтас майданын құруды өзінің сыртқы саясатындағы басты бағыттарының бірі деп санайды. 

  Бесіншіден, ислам әлемі, яғни мұсылмандар елі әлемдегі қазба-энергетикалық ресурстардың шамамен үштен екісіне және әлемдік теңіз саудасы мен тартымды нарықтар үшін қажетті ең маңызды  бұғаздарға ие. Егер ислам елдері өздерінің біртұтастығына, ауызбіршілігіне қол жеткізетін жағдайда ислам әлемі дүниежүзілік саясатта және энергетикалық ресурстар бөлінісінде ең маңызды рөл атқаратын болады. Өкінішке қарай, ислам елдерін әлемдік энергетикалық ресурстар нарығында тежеу, тиісті үлесін алуға қарсы әрекет ету, ислам әлемін біріктірмеу сияқты қарсылықтар күшейіп келеді. Оған қарсы тұру, негізінен, Иран мен Түркияның еншісіне тиіп отыр. Ал өзге мұсылмандар елі алауыздықтың шырмауынан шыға алмай, батыстық ықпалдың жетегінде жүр.

Міне, Таяу Шығыс пен Парсы шығанағында ислам елдерінің ең ықпалды және маңызды екі мемлекет бар: ол – Иран Ислам Республикасы мен Түркия Республикасы. Осы екі елдің Орталық Азия, Пәкістан, Ауғаныстан, Таяу Шығыс елдеріне ықпалы орасан. Бұл Қытай үшін көптеген стратегиялық мәселелерді шешіп алуға және өзіндегі мұсылмандарға қатысты осы  елдердің қысымын бәсеңдетуге, өзара түсіністікті қалыптастыруға жол ашып отыр. Сонымен қатар Қытай осы елдермен тығыз  жақындасу арқылы «Бір белдеу – бір жол» бағытындағы стратегиялық жоспарларын жүзеге асыра отырып, Таяу Шығыс пен Парсы шығанағында орасан энергетикалық ресурстарды игеруге толыққанды мүмкіндікке ие болуда. Бір сөзбен айтсақ, Қытай Иран Ислам Республикасымен 25 жылға келісімшартқа қол қоя отырып, оның қарсыластары – Сауд Арабиясы,  Бахрейн, Оман, Біріккен Араб Эмираттарымен де ортақ тіл табысуы қытай дипломатиясының жемісі деп қабылдауға болады. Қытай АҚШ-тың Иранға қатысты көзқарасына қарамастан, Иранмен келісімшарт жасауға батылдық танытуының өзі қытай жағының бұл мәселеде ұзақ және байсалды жоспар жасағанын көреміз. Соның нәтижесінде Қытай өзін  иран мұнайымен қамтамасыз етуге қол жеткізді.

Бүгінгі таңда «Каспийтранс» дәлізі арқылы тек  контейнер легі көбіне аспанасты елінен ғана ағылуда. Негізінен, бұл дәліз «Бір белдеу – бір жол» жобасына қатысушы елдердің ортақ тауар айналымын қамтуы тиіс.Алайда бұл  тек аспанасты елінің мүддесіне айналып отыр.

Жалпы, Қытай Таяу Шығыс пен Парсы шығанағын өзінің сыртқы саясаттағы ең басты бағыттардың бірі деп санайды. Өйткені бұл аймақтың әлемдік саясатта алатын орны ерекше де маңызды. Мұнда әлемдік мүдделер тоғысқан және әлемдік энергетикалық ресурстардың басым бөлігі орналасқан. Сондықтан қытай үкіметі 2012 жылдан бастап Таяу Шығысты өздерінің ұлттық мүдде аймағы ретінде санап келеді. Бүгінгі таңда Таяу Шығыс Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігінің негізгі элементі болып табылады. Әлемдік қытай саудасының 60 пайыз көлемі осы аймақтағы елдерден құралады.

Қытай Халық Республикасының Таяу Шығыстағы стратегиялық міндеттері олардың сыртқы саясат стратегиясының сипатын анықтап берді. Алғашқыда «бейбіт самғау» деп аталды да, кейін  «үйлесімді әлем» болып өзгертілді. Осындай қадамдарға баруының өзіндік себептері бар еді.               Мәселен, «самғау» сөзін аймақтағы кейбір мемлекеттер өздеріне қарсы және қауіпсіздігіне төнетін әрекет деп қабылдады. Ал «үйлесімді әлем» стратегиясының негізінде еуропалықтар айтатын  «жеңіл күштер» технологиясы пайдаланылды. Осы стратегия шеңберінде қытай мақсатты түрде мынандай белсенді шаралар кешенін пайдаланды. Атап айтқанда: еркін сауда аймағын құру, экономикалық жобаларға өзара тиімді пайызсыз несие беру, аймақтағы мемлекеттердің өзгеге берешек қарызын өтеу сияқты тиімді бағдарламалар ұсынды. Сол сияқты осы аймақта орналасқан елдердің бұқаралық ақпарат құралдарында қытайдың гуманитарлық және дипломатиялық көмегі жөнінде жергілікті халықтың хабардар болуына ерекше мән берді. Мұның сыртында, осы елдерде қытай тілі мен қытай мәдениетін насихаттау, оған жергілікті зиялы қауым өкілдерін тарту, оқушылар мен студенттерді арнайы стипендиялармен қамтамасыз ету бағытында әртүрлі жобалар іске асырылды. 

  Шын мәнінде Қытай Таяу Шығыс елдерімен экономикалық байланыстарды жедел түрде нығайту  ғана емес, аймақ нарығынан АҚШ және оның одақтастарын ығыстыру міндеттерін де алға қойып отыр. Иран мен Қытай арасындағы келісімшарт АҚШ және батыс елдерінің әлемдік саясаттағы маңыздылығын әлсіретіп, қаржы нарығында доллардың үлесін төмендетуге бағытталған және АҚШ-тың Таяу Шығыстағы рөлін бәсеңдетіп, қытай ықпалын арттыруға назар аударуда. АҚШ президенті Джо Байден Ұлыбритания премьер-министрі Б.Джонсонға Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасы сияқты екінші баламалы жоба жасау қажеттігін ұсынды. Бұл дегеніміз – АҚШ пен Ұлыбритания екеуі бас болып,  аспанасты елінің әлемдік сауда қатынасындағы арандатушылық әрекеттеріне және Қытай, Ресей, Иран бірлігіне батыл  тойтарыс беру болып табылады. Демек, Қытай мен Иран қарым-қатынасы АҚШ және батыс әлемінің геосаяси бағыттарына нұқсан келтіруге, стратегиялық энергетикалық ресурстарынабарыншакедергі келтіруге бағыт алғанын көрсетеді.

Әрине, Қытай Арабия түбегіндегі елдердің мұнай өндіру салаларына орасан қаржы ресурстарын жұмсауды одан сайын жалғастыруда. Аспанасты елінде мұнайға деген сұраныс жыл сайын артып келеді және одан әрі ұлғая түспек. Бұл бағытта Таяу Шығыс аймағы маңызды рөл атқаруда. Сондықтан Қытай Таяу Шығыс пен Арабия түбегінде қауіпсіздік шараларын күшейте түсуде. Бүгінгі таңда аспанасты еліне дос емес елдердің сарапшылары  әлем қауымдастығын қытай қаупі және империялық амбициясы туралы әртүрлі  айыптаулармен қорқыта отырып, Таяу Шығыс пен Орталық Азияны қытайдың экономикалық жобаларына қатысудан бас тартуға көндіруге тырысуда. АҚШ пен Қытай арасында өзара түсінбеушілік, бәсекелестік кедергілер бар. Сонда да Қытай Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы жобалары үшін АҚШ-тан қауіп төніп тұр деп санамайды. Өйткені қазіргі таңда америкалықтар Қытайдың стратегиялық жоспарларын бұза алатындай мүмкіндіктері мен ресурстарын көріп тұрған жоқ. Ал «Бір белдеу – бір жол» жобасына қатысушы елдер Қытайды сенімді серіктес ретінде ғана емес, сонымен қатар Таяу Шығыстағы балама күш ретінде есептейді. Сонымен қатар қытайлықтардың өздері аймақта «достық және жауапты держава» имиджін қалыптастыру бойынша сәтті дипломатиялық әдістерді кеңінен пайдалануда. «Бір белдеу – бір жол» жобасына 71 ел қамтылып отыр. Мұның өзі Қытай дипломатиясының жаңа қырын көрсетсе керек.

Бүгінгі Қытай – кешегі Қытай емес. Аспанасты елі қарқынды дамуда. Оның ауқымы кеңейіп өсіп келеді. Бұл процесті ешкім тоқтата алмайды. АҚШ және батыс қоғамы тығырыққа тірелуде. Қытай пандемия кезінде де өзінің әлемдік ірі ел екенін көрсете білді. Мұнда коронавируспен күрес өзінің нәтижесін беріп, ел экономикасының бірқалыпты дамуына жол ашуда.

Қытай мен Иран арасындағы келісімшарт аспанасты елінің әлемдік ықпалын одан сайын күшейтіп, «Бір белдеу – бір жол» жобасының кепілдігіне жол ашып отыр. Сол сияқты бұл келісімшарт Иранның ядролық бағдарламасына қарсы күшейтілген батыс санкцияларын әлсірету, мұсылман елдерін экономикалық жағынан қолдау болып табылады.

Қорыта айтқанда, Иран мен Қытай 25 жылға жасасқан келісімшарт тек екі ел арасындағы байланысты емес, әлемдік стратегиялық бағыттарға құлаш ұрған Қытайдың әлемдік геосаяси ықпалын көрсетеді.

Тегтер: