Бір күнде 1267 адамнан Covid пен пневмония анықталды, 34 өлім тіркелді

15.08.2020, 12:49

7

Қазақстанда 14 тамыз күні 439 адамнан ПТР тестімен расталған коронавирус және 828 адамнан белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония анықталды. Тәулік ішінде коронавирустан 21 өлім, пневмониядан 13 өлім тіркелді.

Эпидемия басталғалы елде 102 287 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған. Ал 1 тамыздан бері саналып отырған коронавирустық пневмония барлығы 17 494 адамнан анықталған, аурудан 211 адам қайтыс болған.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бастап ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын бірақ ПТР тесті инфекцияның барын анықтай алмаған вирустық пневмонияның санағын жүргізе бастады. Министрлік бұл шешімге елдегі медицина белсенділерінің талабы мен халықаралық қауымдастықтың назары Қазақстандағы жағдайға назары ауғаннан кейін барды. Өйткені Қазақстанда жаз басталғалы өкпе ауруына шалдығу мезгілсіз күрт өршіді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында елде 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Оның ішінде бактериялық, зең және вирустық пневмония жағдайлары бар. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда өкпе ауруына шалдығу 3,3 есе өскен.

Әуелі 17 шілде күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 1 тамыздан коронавирустық пневмония дерегін Covid статистикасымен біріктіруге уәде еткен. Алайда 2 тамыздан бастап жарияланған статистикада пневмония мен коронавирус деректері бөлек көрсетілген. Джонс Хопкинс университетінің және worldometers.info сайтының Covid карталарындағы Қазақстан мәліметінде тек ПТР тестімен расталған науқастар саны ғана беріліп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы Covid және коронавирустық пневмония деректерін біріктіріп жариялап отыр. Екі деректі біріктірсе, Қазақстанда 119 781 науқас тіркелген болар еді.

Қазақстан статистикасына күдік келтіретіндер көп. Әуелі денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық тестілеуді тоқтатып, тек ауру белгілері байқалған адамдар мен ауру адаммен байланыста болған адамдарды ғана тестілеуге көшкен. Яғни көптеген адам тестілеуден өтпеген. Ал Қазақстан билігі тек ПТР тестімен ғана коронавирус диагнозын қойып отыр. Елдегі дәрігерлер ПТР тестінің дәлдігіне күдік келтіреді. Алдымен тест сапасы нашар болуы мүмкін, одан кейін сынама алуда қателік кетуі мүмкін. Оның үстіне коронавирус жұқтырғаны тестімен расталған, бірақ өлім себебі "өзге аурудан" деген жүздеген науқас бар.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Жарты мүшелі жан жұртқа жігер беріп отыр (видео)
    29.09.2020, 10:22
  • Ар сатылды, кен шашылды
    29.09.2020, 09:55
  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16