Бір миллиард теңгенің контрабандасы тәркіленді
Мемлекет басшысының Қытаймен шекарада орналасқан кеден бекеттеріне қатысты сынынан кейін Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қарауындағы кеден бекеттерінде контрабандалық әрекеттерге тосқауыл қойып, кедендік төлемдерді ұлғайту жолында бірқатар жұмыстар өз жемісін беруде.
Атап айтсақ, жуырда «Алтынкөл-Жол» кеден бекетінде, Қытай Халық Республикасынан Ресей Федерациясына транзит процедурасы негізінде бара жатқан контейнерлік пойызға кеден заңнамаларын бұзған деген күдік нәтижесінде 6 теміржол контейнеріне инспекциялық тексеру кешені арқылы сканерлік әдіспен кедендік тексеріп-қарау жұмысы жүргізілді.
Нәтижесінде аталмыш контейнерлерден көліктік-ілеспе құжаттарында дұрыс мәлімделмеген, салмағы 137 тонна, кедендік құны 1 миллиард теңгеден асатын халық тұтынатын тауарлары табылды. Мысалы, тауардың көліктік-ілеспе құжаттарында тауардың аты «мата» деп көрсетілген. Алайда, кедендік тексеру барысында джинси, шалбар, күртеше, тері тон, белдемше, пижама, әртүрлі әйелдер киімі, т.б. кедендік-салықтық төлем құны жоғары тауарлар шықты. Бұл жерде жалған мәлімделген мата тауары салықтық алым коэффициенті төмен тауарлардың қатарына жататын болғандықтан, тауар иесінің кедендік төлемдер мен салықтарды нақтылы төлеуден жалтару мақсатын көздегенін байқатады.
Қазіргі уақытта «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің басшылығы тарапынан жинақталған аталмыш іс қағаздарын қылмыстық шешім қабылдау үшін Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментіне жіберу мәселесі қарастырылуда.