Бір өкініш, бір үміт

Финляндия Қазақстан құрамасын ресми кездесуде бесінші рет жеңді.
Футболдан 2024 жылы Германияда өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі бел ортадан асты. Қазақстан құрамасы өз алаңында өткізген екі ойынның бірінде жеңіліп, бірінде жеңіп, қоржынына үш ұпай қосты.
Бір қарағанда, үш ұпай аз сияқты. Бірақ турнир кестесінде қалыптасып отырған жағдайды сараптасақ, мұның аз емес екенін түйсінеміз. Қазір Н тобында Дания мен Словения 13 ұпаймен көш бастап тұр. Ізін ала Финляндия мен Қазақстан (12 ұпайдан) келеді. Солтүстік Ирландия мен Сан-Марино ұпай таратушы ғана. Демек, алдағы тартыс жоғарыдағы 4 құрама арасында өтеді.
7 қыркүйектегі Финляндиямен ойын қарсаңында отандастарымыз екінші сатыда тұрды. Финдерді тізе бүктірсек, таза бірінші орынға шығуға мүмкіндік бар еді. Алайда Қазақстан құрамасы суомиліктерге қарсы тұсауланып қалғандай күй кешті. Бұл, біздің ойымызша, нәтижеге жауапкершіліктен туындаған кеп болса керек. Өйткені отандастарымыз бұрын-соңды Еуропа, әлем біріншіліктерінің іріктеу кезеңінде осынша табысты өнер көрсеткен емес.
Финляндия құрамасына қарсы бас бапкер М.Әдиев орталық алаңда мейлінше тығыз ойнауға тәуекел етті. Бірақ қорғанысқа икемді жартылай қорғаушылар көп болғасын ба (А.Тағыберген, А.Дарабаев, И.Қуат), отандастарымыз шабуылды келістіре алған жоқ. Матч барысында фин қақпашысы Лукаш Градецкиді бар-жоғы екі соққымен ғана мазалай алды. Оның өзі де тым әлсіз болды.
Шындығында, Қазақстан-Финляндия кездесуі тең есеппен аяқталса әлдеқайда әділ болар еді. Бірақ финдер бұл іріктеу кезеңінде бекерден-бекер топ басында жүрмегенін дәлелдей алды. 78 минутта Кяллман жартылай қорғаушы Антманды сол қапталдан тамаша паспен даралап, есеп ашуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, қарсыластар толыққанды үш ұпай олжалап кетті.
Финляндия құрамасына қатысты статистика:
— Финляндия Қазақстан құрамасын ресми кездесуде бесінші рет жеңді. Бұған дейін финдер отандастарымызды 2008 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде (2:1, 2:0) және 2022 жылғы әлем біріншілігінің іріктеуінде (1:0, 2:0) бос қайтарған болатын. Финляндия – құрамасы Қазақстаннан бес және одан да көп ойында басым түскен Түркиядан кейінгі (6 кездесу) екінші команда.
— Финляндия мен Қазақстан арасындағы алғашқы кездесу 2006 жылы Кипрдегі халықаралық турнирде өтіп, ойын 0:0 есебімен тең аяқталған еді.
10 қыркүйектегі Қазақстан – Солтүстік Ирландия кездесуі де аса ауыр өткеніне қарамастан, Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. 27 минутта Абзал Бейсебековтен пас алған Максим Самородов айып алаңының сыртынан дәл соғып, есеп ашты. Отандастарымыз осы жеңіс голын ойын соңына дейін қарымтасыз сақтай алды.
Бұл кездесуде М.Әдиев команда құрамын біраз жаңартты. Қорғаныстың оң қапталында Л.Скворцовты қызылжарлық Е.Тапалов алмастырса, орталық алаңда А.Тағыбергеннің жанына А.Бейсебеков орналасып, Б.Зайнутдинов пен Р.Оразов шабуылдағы жалғыз Самородовты қолдауға кірісті. Біздің құрама І таймды өте жоғары деңгейде өткізді. Екінші кезеңде солтүстікирландиялықтар шабуылды қанша күшейтсе де, Қазақстан құрамасы қорғаныста сыр берген жоқ. Алмасып шыққан С.Малый, И.Қуат, А.Дарабаев, Т.Досмағамбетов, А.Әйімбетов сияқты футболшылар да ойынды едәуір күшейтті.
Енді бәрі сырт алаңдағы екі кездесуде шешіледі. Қазақстан құрамасы 14 қазанда – Даниямен, 17 қазанда Финляндиямен ойнайды. Дания соңғы турда финдерді сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіп, құрлық біріншілігінің жоллдамасынан басты үміткер екенін дәлелдей түсті. Наурыз айында Қазақстаннан 2:3 есебімен жеңілгені де бұл құраманы қамшылайтыны анық. Дегенмен Әдиев шәкірттері де қазіргі мүмкіндіктің ерекше екенін түсінеді.
Ендігі жоспар бойынша, қазан айындағы кездесулер қарсаңында Қазақстан құрамасы Алматыда жиналып, бір аптаға жуық табиғи алаңда жаттығу жасайды. Команда құрамы іріктеу ойындары таяғанда белгілі болады.
Солтүстік Ирландия құрамасын жеңгеннен кейін Қазақстан құрамасы өз тарихында екі рекорд жасады:
— Бірінші рет іріктеу кезеңдерінде Қазақстан құрамасы 12 ұпай жинап отыр. Бұған дейінгі рекорд 2008 және 2020 жылдардағы 10 ұпай болатын.
— Қазақстан құрамасы тұңғыш рет бір іріктеу кезеңінде 4 жеңіске жетті. Дәл сол 2008 және 2020 жылдардағы құрлық біріншілігінің іріктеу кезеңінде отандастарымыз 3 жеңіспен шектелген еді.