Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:05, 22 Желтоқсан 2021

Бір отставкадан аман қалған Махажанов еді...

None
None

Кентаудың әкімі елдің сенімін ақтай алды ма?

Түркістанның іргесінде жатқан Кентау 90-жылдары көп қиындықты бастан кешірген қала. Бертінде «Қаратау тәжі» атанып кеткен шаһардың экономикасына қан жүгіре бастады.  Қайбір жылдары ол моноқалаларды дамыту жөнінде үкімет қабылдаған арнайы бағдарламаға да енген. Мамандар «Түркістанның облыс орталығы болуы Кентаудың дамуына зор серпін береді» деген еді. Әзірге Кентау жақтан келеңсіз әңгімелер көбейіп тұр.

Әсіресе биыл. Наурызда қатты соққан желдің салдарынан облыстың бірқатар аудандарында электр бағаналары құлады. Жарықтың болмауынан Кентаудағы жылу орталығы істен шығып, құбырлар қатып қалды. Мамандар  қалпына келтіру жұмыстарын аяқтағанша, тұрғындар бірнеше күн жылусыз отырды. Қысқасы, Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановтың командасы төтенше жағдайға дайын емес болып шықты. Сол кезде облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев кінәлі қызметкерлердің жауапқа тартылатынын айтқан еді. Алайда кентаулық шенеуніктер бұдан сабақ алмаған болып шықты. Дәл осындай жағдай биыл қарашада тағы қайталанды. 

Кентау соңғы жылдары лас қалаға айналып бара жатыр. Мұны жуырда облыстық экология департаментінің басшысы Уәлихан Қайназаров брифингте мәлімдеді. Сол үшін Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановқа 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынғаны да осы жиында айтылған.  

Биыл Кентау қаласында 600 пәтерлік 10 көпқабатты үй пайдалануға берілген. Қараша мен желтоқсанның суығында жаңа пәтерге қоныстанған тұрғындар шу шығарды. Бақсақ, шенеуніктер алаулатып-жалаулатып кілтін тапсырған баспаналарда жылу жоқ болып шықты. Әкімдік жаңа тұрғын үйлерге жылуды газбен жұмыс істейтін автономды пештер арқылы беруді жоспарлаған көрінеді. Алайда былтыр келеді деген көгілдір отын әлі іске қосылмаған. Күні кеше біз осы жөнінде тұрғындармен тілдескен болатынбыз. Олардың айтуынша, әкімдік әзірге әр пәтер иесіне екі электр жылытқыш құралын таратып беруден басқа амал таппағанға ұқсайды. Бір жақсысы, оңтүстікте биыл қыс жылы. Яғни Махажановтың абыройын әзірге табиғаттың жылы мінезі жауып тұр деген сөз.

Мұның бәрін неге тізіп отыр дейтін шығарсыздар. Әрине, жоғарыдағы жайттардан кейін кеншілер қаласындағы коммуналдық саланың ақсап тұрғаны айтпаса да түсінікті. Бұл бұған дейін ауыл шаруашылығы мекемелерінде, кәсіпкерлік салада жұмыс істеген Махажановтың тәжірибесіздігімен байланысты болуы мүмкін. Енді, міне, мұның арғы жағынан сыбайлас жемқорлықтың да құлағы қылтия бастады.

Өткен аптада Кентау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы басшысының үстінен «аса ірі көлемдегі бөтеннің мүлкін талан-таражға салу» бабымен қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болды. Біз осы жөнінде облыстық соттың баспасөз қызметіндегілермен байланысқан едік. Ондағылардың айтуынша және ақпарат құралдарында жарияланған ресми мәліметтерге қарағанда, бөлім басшысы Әлібек Бабаевтың  қылмыстық ісі бойынша қазынаға келтірілген шығын көлемі 58,8 миллион теңгені құрайды. Айыпталушыны қамауда ұстау жөніндегі тергеушінің өтініш хатын сот қанағаттандырмаған. Сот оған  70 миллион теңге кепіл мөлшерін белгілеп берген. Айыпталушы кепілді қамтамасыз еткен соң, ол үйқамаққа ауыстырылған.  Сот Бабаевтың бюджетке келтірілген шығынды төлеп қойғанын да ескергенге ұқсайды. Әрине, сот үкімі шықпай жатып болжам жасаудан, пікір білдіруден аулақпыз. Дегенмен айыпталушының шығынды өтеп қоюы біраз жайтты аңғартады емес пе? Бұл бөлім басшысының өзіне тағылған айыппен келісетінін білдірмей ме?

Егер Ә.Бабаевқа айыптау үкімі шықса, Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов тәртіп бойынша отставкаға арыз беруге міндетті. Ол қызметінен босату жөнінде Шөкеевке бұған дейін де бір рет арыз жазған болатын.

Былтыр сол кездегі Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Хасан Муслимов «пара алды» деген айыппен сотталып кетті. Муслимов содан біраз уақыт бұрын «пара алмаймын» деген челлендж таратып, оның түсірген ролигі әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында қызу талқыланған болатын. Қызық болғанда, арада бір жыл өтпей жатып Муслимов ауылдағы бір тұрғынның жерге қатысты мәселесіне оң қорытынды беру үшін 4 миллион 150 мың теңге пара сұрап, оның 2 миллион теңгесін алу барысында ұсталды. Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім күшіне енген соң, Дәурен Махажанов отставкаға арыз бергенімен, сөгіс жазасымен қызметінде қалдырылған еді. 

Осылайша былтыр Махажановтың командасында  «пара алмаймын» деп, ғаламтордың жұлдызына айналған әкім «пара алды» деген айыппен сотталып кетті. Енді биыл коммуналдық саласынан көп шу шығатын Кентауда  коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы «ірі көлемде қаржыны талан-таражға салды» деген баппен айыпталып жатыр. Кентауда осындай парадокстар  көбейіп кеткен сияқты. Кентаудың әкіміне жасалған кешірімнің, жүктелген сенімнің ақталған түрі осы ма?

Махажанов Шөкеевтің тағайындаған алғашқы кадрларының бірі  саналады. Ол оған дейін Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

Тегтер: