Бір қайнауы кем сайлау заңы халыққа не береді?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Ал, шын мәнінде, саяси ұйымдар мен партиялар және сарапшылар өте мән беретіндей бұл қандай заң? Қазақстандағы тіркелген партиялар енді саяси бәсекелестік арқылы мәжіліске келе ала ма? Әрине, келеді, алайда ол үшін басқа қатарластарын жеңіп шығуы керек.
— Бұл өте маңызды құжат. Енді еліміздегі сайлау жүйесі жаңа талаптар бойынша жұмыс істейді. Аудандық деңгейдегі қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлау – жергілікті жердегі мемлекеттік басқаруға халықтың тікелей қатысуын қамтамасыз ету жолында жасалған бірегей қадам. Биыл осы заң бойынша 800-ден астам елді мекенде әкімдер сайлауы өтеді. Сонымен бірге, саяси партиялардың парламент пен мәслихатқа өтуіне қойылған 7 пайыздық шек 5 пайызға дейін төмендетілді. Аталған шешім саяси бәсекені күшейтіп, сайлау үдерісіне тың серпін берері сөзсіз. Оған қоса, бұдан былай сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсы» деген баған енгізіледі. Бұл сайлаушылардың таңдау құқығын толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осылайша, президенттің бастамасымен қолға алынған саяси реформалардың бірінші, екінші және үшінші топтамасында көзделген негізгі ұсыныстар заң нормаларына айналып, іске асты. Мұның бәрі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында көтеріліп, пысықталды. Шын мәнінде, бұл – мемлекет басшысы баса мән беріп отырған Қазақстандағы саяси диалогтың нақты жемісі, – деді президенттің саяси кеңесшісі Ерлан Қарин.
Бұл заңды билік қуана қабылдағанымен, алайда көңілді күпті етіп келген бір сауал бар: осы уақытқа дейін парламентті бірнеше партия ғана иемденіп келді. Назарбаевтың «Nur Otan» партиясы мен «Ақ жол» және Қазақстан халықтық партиясы. Осы үшеуі ғана. Ал коммунистердің мәжіліске келуіне кім ықпал етіп отырғанын қайдам, бірақ соңғы бірнеше шақырылымнан бері олар депутаттық мандатты тұрақты алып келеді. Соған қарағанда, жалпы, бүгінгі билікке тентек емес, момын коммунистер керек болған сияқты. Оның үстіне, Мәскеуде аты шығып тұрған Зюганов құрған коммунистер партиясының да белгілі бір дәрежеде ықпалы тиіп тұр-ау деп шамалаймыз.
Біздің билік әлі де коммунизм мұраттарына адал болып, қызыл жалаулыларды саяси бәсекеден тайдырмай келеді. Ал келесі сайлау тағы да көп нәрсені айқындайтыны сөзсіз. Бірақ коммунистер үштікке іліне ме, жоқ па, оны уақыт көрсетер. Жыл басында өткен сайлауда, ең алдымен, «Ауыл» партиясына обал болды. «Ақ жол» және Қазақстанның халық партиясы 7 пайыздан артық дауыс жинады да, мәжіліске келді. Ал сайлау қорытындысы бойынша «Ауыл» (5,29 пайыз) және «Adal» (3,57 пайыз) партиялары парламентке өте алмады. Ал кеше қабылданған заң бойынша енді 5 пайыздан артық дауыс алған партия мәжіліске келе алады. Бірақ енді келесі сайлауды «ауылдықтардың» бес жыл күтуіне тура келеді.
Алайда «Nur Otan-нан» басқа қазақстандық партиялар үшін 5 пайыздың өзі үлкен меже, одан да өту қиын. Өйткені халық өзінің сүйікті партиясын іздейді. Шын мәнінде, сайлауда айқындық, ашықтық пен әділдік болса, «Nur Otan» партиясы дәл бүгінгідей, жоғары дауыс ала алмайды. Десек те, бұл заң саяси бәсекеде кейбір партиялардың күш алуына серпін беретіні анық. Президент кеңесшісі Қариннің де «бұл өте маңызды құжат» деп отырғаны да сондықтан. Ал партиялар үшін сайлау қаншалықты шынайы болады, оны уақыт көрсетеді. Сондай-ақ президент қол қойған заңда назар аударарлық тағы бір бап бар: ол барлық кандидаттарға қарсы дауыс беру: «Сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген жаңадан жол енгізілді. Бұған дейін қазақстандықтарда мұндай құқық болған жоқ. Сайлауға барған сайлаушылар ұсынылған кандидаттардың біріне міндетті түрде дауыс беруі керек еді. Ал Қазақстанда сайлау болса, үнемі бойкот жариялап, қарсылық танытып отыратын оппозиционерлерге бұл бап қалай әсер ететіні, әзірге, белгісіз. Енді олар, амал жоқ, сайлау учаскесіне барып, қарсылығын осы бап арқылы білдіруіне тура келеді.
Тоқаев қол қойған үшінші өзгеріс ауыл әкімдерінің сайлануына қатысты. Алайда ауыл әкімдерін сайлауға қатысты қуанышын білдіріп жатқандардың көз жасы қаншалықты шынайы бола қояр екен?! Олардың сөзіне сенсек, «Енді ауыл халқы өз әкімдерін өздері сайлап алады. Бұл ауылдағы электораттың белсенділігін арттырады. Бұл ел үшін тек қана пайда». Бірақ бәріміз түсінуге тұрарлық бір нәрсе бар: қолында бюджеті жоқ, сайланған ауыл әкімі бәрібір аудан әкіміне кіріптар ғой. Ал бюджет облыстан бекітілетінін ескерсек, «сайланды» деп дабыра қылғанымызбен, ауыл әкімі өздігінен еш нәрсе істей алмайды. Олар тәуелсіз емес. Оның үстіне, «ауыл әкімін сайлау рулық тартысты күшейтіп жіберуі мүмкін» деген пікірлер де айтылып жатыр. Қалай айтқанда да, бірнеше айдан кейін болатын ауыл әкімін сайлау ел халқының электораттық белсенділігін арттыра ма, жоқ па, оны да уақытында сарапқа салатын боламыз.
Ақиқаты – биыл 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, Қазақстанның 25 жасқа толған кез келген азаматы ауыл әкімі болуға үміткер. Бірақ күмәнді сауалдар да жоқ емес: ауыл әкімдерін сайлау нәтижелі бола ма? Бұл бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қоса ма? Халық үшін тағайындалатын әкім мен сайланатын әкімнің қайсысы қадірлі болуы мүмкін? Бұл сауалдар өзекті. Өйткені биыл 800-ден астам ауыл әкімін сайлауға тура келіп тұр. Бізді алаңдататыны, бұл тағы да көз алдау үшін жасалған «эксперименттік сайлау» болып шықпаса екен дейміз.