Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:40, 29 Қазан 2021

Бір тойы бар Төлегеннің тойланбаған

None
None

«Мен жер басып жүргендердің көбін аядым, өзін-өзі арыстанға балап, алдаумен, алданумен ғұмыр кешетіні үшін аяған болармын, білемін, жер бетінде асыл адамдар көп, бірақ жер астында одан да мол-ау.

..», – деген Оралхан Бөкейдің айтқаны бар еді бір шығармасында. Есіме соның түсе кеткені кездейсоқ емес. Өйткені әңгіменің басы сол жер астында жатқан қазақтың ардақты ұлдары жайлы болмақ. Алайда сол мықтылардың ішінен Төлегенді даралағым келіп отыр. Себебі поэзияның құдіреттілігін танытып, өзін өзгеге мойындата білген асыл ақындардың бірі – нақ Төлеген. Төлеген жайлы айтқанда адам ғұмырының ұзақ жасаумен өлшенбесін тілге тиек ету керек. Мәселенің мәнісі қанша ғұмыр кешкенінде емес, қандай іс тындырғанымен таразыланатынында, өйткені.

О, адамдар, біргемін мен сендермен,

Ықыласыңа еш нәрсені теңгермен.

Сендер – менің бақытымның бұлағы,

Сендер менің дарыныма жел берген, – деген ақынның: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», – деген Абай сүрлеуін салып, барша қазақты жанындай жақсы көріп, ұлтымен бірге жасасқан ғұмыры 1937-нің 8 наурызында Өзбекстан жерінде басталған болатын. Содан бері өзге жерде тұрып, елге оралса да қазақты өлеңімен, жүрегімен сүйіп, халықтың жанашыры болды. 1962-65 жылдары Оңтүстік Қазақстанның Сарағаш ауданында жастар мектебінің директоры болып елге қызмет еткен Төлегеннің педагогикаға қосқан үлесі де көп.

Мен ұл ем. Сендер – ең үш тамаша елік, 

Төртеуіміз бір әкенің баласы едік. 

Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын,

Өстік біз бір омыраудан таласа еміп, – деп өзінің отбасында ұлдан жалғыз екендікін айтқан ақын өмірде бірақ жалғыз болмады. Өйткені таланты арқылы ортасын тамсандырған Төлегеннің достары соның айғағы болса керек. Шахановтың: «Анам марқұм Ұмсын Айтбайқызы 13 құрсақ көтерген, сол перзенттерінің менен өзгесі түгел о дүниелік болып кетсе де, рухы мен үмітін құлатпаған дархан әрі қайсар адам еді. «Неше перзентіңіз бар?» – деп сұрағандарға: «Ұлым үшеу, үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – Мұхтар Шаханов», – дегені сөзіміздің айғағы.

Үш жолдастың бірге жүріп өткізген қызықтары да мол. Үшеуі үш тарих. Қызықта да, қайғыда да бірге болған бұл азаматтардың мынадай оқиғасы еске түссе еріксіз жымиясың. Шәмші Қалдаяқовтың ол тұста ішуді үдете түсіп жүрген шағы. Оны бұл бағытынан тежеу, яғни тентек судан алыстату – жақын достары мен туыстары үшін орындалмас арман сияқты. Кейінгі кездері ішкілікті доғаруға шақырған жақындарына: «Мен жетіскеннен ішіп жүрген жоқпын, әкем қатты науқастанғандықтан, соның күйігінен осындай күйдемін», – деп сылтаурататын. Сол кезде оған Төлеген Айбергенов мынандай бір шумақ әзіл өлең арнаған-ды:

«Арағы бұл Шымкенттің жетіп жүр ме,

Әкеңнің қайғысы, әлде өтіп жүр ме?

Әкем ауру екен деп іше беріп,

Әкеңнен бұрын өліп кетіп жүрме».Осыдан Төлегеннің достары арасында қалжыңға жақын болғанын байқауға болар. Шығармашылық әлемінен бөліп қарап өмірдегі қарапайым Төлегенді айтар болсақ, ол көрінгенге көндікпейтін, өзіндік дара ойы бар адам. Күнделікті тірліктің айдауынан шығармайтын көнбістікке ақын жүрегімен көне алмады. Өйткені оның бойында көнбістік жоқ. Басқалар оның басындағы ең үлкен осалдық деп есептеген тік мінезділігін жеңе алмады. Жеңуге тиіс те емес еді. Өйткені шеңберге  сыймайтын шабыт иесі – ақынды еркін ұшқан құс деп сезінді өзі сүйген өмір.

Ол тіпті атаққа әуес болмай, керісінше өзгелердің дарынын байқаса, соларға демеу болды. Оны Мұхтар Шахановтың бойындағы өлеңге деген ынтаны көруінен байқауға болады емес пе? Төлеген – кітап шығаруды емес, өлеңге адалдықты, әдебиетте арлы болуды көбірек діттеген ақын. Сабырхан Асановтың Төлеген жайлы: «Бір сүйсе өле сүйіп, бір жек көрсе толайым жек көріп кететін ақын мінезі көзге ұрып тұратын», – дегені бар еді. РасыменТөлеген елін, ұлтын сүйген, ұлтының қуанышына қуанып, қайғысына қайғырған асыл азамат бола білді.

Мұхтардың жазбасынан оқығаным бар еді. Бірнеше жыл бұрын Шәмші, Төлеген үшеуіміздің құран жарыстырғанымыз есіме түсті. Құранды қырағаттап, нәшіне келтіре оқу жағынан Төлеген бірінші орын алатын. Ал аятты көп білу жағынан Шәкең бірінші орында еді. Мен құранның екі-ақ аятын білгендіктен, соңғы орынды иеленгенмін. Сонда ақындықтан бөлек дінге де жақын болған Төлегенді тани түскенмін. «Кешірімділік – өмір көргендіктің белгісі. Өмір көрмеген адам ешқашан кешірімді бола алмайды. Ақкөңілдік пен аңқылдақтық – адалдық нышаны. Арам пікірлі адамдар ақкөңіл де, аңқылдақ та емес». Бұл – Айбергенов әлемінің ойы. Осындай қағиданы ұстанған ақын жаны адал, жүрегі таза емес дегенге кім келіспес?

Әдебиетке деген соншалықты махаббат оның жанына ізгілік нұрын сеуіп, ақынды армандарға жетеледі. «Мен сағаттардың шықылдағынан қатты қорқамын. Кейде ол маған: «Түк бітірмей тұрғанда тезірек жүрер жолыңды жүріп өтіп, осы бір немеден жылдамырақ құтылайыншы», – деп тұрғандай болады», – деп ой айтқан ақынның уақытты бос жібермей пайдалы іске арнау керектігін ұқтыратындай.

«Қолда барда – алтынның қадірі жоқ» деген сөз құр айтылмаса керек. Өйткені қолда бар алтын – туған жердің, қазақ жерінің қадірін білмей жүргендер қаншама? Ал сол жерге жете алмай жүргендер кейде оның қаншалықты қымбат, қаншалықты ыстық екендігін ұғынады. Тағдырдың толқыныстары ақынның отбасын бір жылдары туған жерден бөлек жерге тастаған уақытта, дүние есігін өзге жерден ашқан Төлегеннің маңдайына осындай жағдайды жазған екен Құдай. Сондықтан да болар, Төлегеннің сағынышы мәңгілік сағыныш деген атауға ие болғандығы. Туған жерді қию қаншалықты қиын болса, атамекенге оралу соншалықты бақыт болды ол үшін.

Сағынбай барсаң, теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай,

Бұлбұлдың даусын есіте алмайсың, бауларға кірсең сағынбай.

Сағынбай барсаң, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,

Ойлауың мүмкін, дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап...

Ал менің өз жадымнан қосарым – Төлегеннің өміріме өз өрнегін салғандығы. Өмірімде ана жайлы өлеңді шын көңіліммен жаттап, ана жайлы шығарма жазуға бармайтынмын – өз еркіммен. Әрдайым сол тақырыптан алыстау жүруді жаным қалайтын. Алайда бала күнімде қазақ әдебиетінен бір күні Төлегенді өттік. Оның «Ана» деген өлеңі берілген екен. Әдеттегідей үйге өткен тақырып өлең болса – жаттауға, шығарма болса – мазмұн айтуға беріледі. Үйге барып сол өлеңді оқыдым. Көзіме жас үйіріліп, ең алғаш ана деген тақырыпқа шын мән бергенім болды. Сондағы жүрегіммен беріле жаттаған өлеңім, қарап отырсам, әлі күнге есімде мәңгі сақтаулы. Ең бастысы: Төлеген Айбергенов арқылы ана деген тақырыпқа батыл баратын болдым. Бұл менің алғаш Төлегенмен танысып, оны түсінуім еді. Сол бір мені еріксіз еріткен өлең жолдары:

Арманыңды ақтарам ба жүрегімде тербесем,

Айға – сіңлі, қарындассың қасиетті жерге сен.

Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,

Сендік қуат мың есе артық жердің тарту күшінен.

Содан бері мен Төлегенге: «Сен терең тамырларыңмен құзар қойнаудан нәр аласың. Биіксің. Беріксің. Дауыл құлата алмайды, нөсер жыға алмайды. Үскірік аяздың қаһарынан да қорықпайсың», – дейтін болдым. Мұның сыры: Пайғамбар сынды қарттардан тәлім-тәрбие алып өскен ол өнерге үлкен құрметпен қарады. Сыпыра жыраудан бастап, бергі Қашағанға дейінгі халық ақын-жырауларын түгел жатқа айтып, ауыз әдебиетінен сусындады. Ал бүгінгі туа салып, өздерін Әуезов санайтындар солай жасамайды, әсте. Өйткені іштен бәрін біліп туатындар. Бастарыңа тигенде болмаса, қазір «өзімнен» өзгені мойындамайсыңдар-ау. Ал Төлеген білгенін ізбасар інілеріне үйретіп, білмегенін солардан алатын. Бұл сөзге Мұхтарға Төлегеннің берген сыйлығы мен айтқан ақылдары дәлел.

«Туған күніме Төлеген Айбергенов «Тасбақаның түрлері», «Іле Алатауының құстары» атты екі кітап сыйлады. Неге бүркіт 100 жыл, тасбақа 300 жыл өмір сүреді? Неге есек парлап барғанда 25-30 жыл ғана ғұмыр кешеді? Неге жолбарыс көзіне тура қараған адамнан қаймығып, бойын үрей мен қорқынышқа жеңдірген адамды лезде паршалап тастайды? Өзіңді қоршаған табиғатты және оны мекендеген тіршілік иелерін толық зерттемейінше, үлкен ақын бола алмайсың», – деді ол. Бүгінгінің ағалары, сірә, олай деп айтпас. Олай дейтінім: жайымен ақыл сұрасаң, ақылы асып кетер деп қызғанар «ағаларым» бар. Адамдар арасындағы теке-тірес те, шіркін, бұғылардыкіндей тек жылына бір рет қана болса ғой. Жоқ, адамдар арасындағы теке-тірес Құдайдың құтты күні болады. Осындайда көзін тырнап аша сап дүние жиятын, өзегі талып өлгенше жиятын пендеден кей ретте ит озық. Олар ырылдасқаны болмаса, қырқыспайды. Қабысқаны болмаса, шабыспайды дейсің.

Әдебиет ортасы соншалықты құдіретті болғанымен, соншалықты лас орта болса да ақын Төлеген – сол ортада өзінің тазалығын сақтап қалған азамат. Өзі қамқорлықты керек ететін жас ақын өзгеге қамқор болып жүрсе, оның азаматтық болмысы туралы мақтау айтудың өзі артық. Оны сөзбен емес, жүрекпен ұғу керек. Ал ол үшін жүрегіңіз таза болсын. Иә, «жүрек таза болсын» деген Қадыр Мырзалиев Төлеген жайлы. Төлеген айтпай ма: «Өзгеге қалай көрінетінін білмеймін, мен үшін ойлану мен қиялға берілу бүкіл өмірімнің бас қызығындай саналады. Осы аз өмірім ішінде ойланып өткізген уақыттарымды – өз міндетін атқарып өткен, саналы өткен, даңқты өткен уақыт деп есептеймін. Сондықтан да мен ойлар үшін, ойлану үшін қанша уақытым кеткен болса да, ол үшін өмір бойы өкінбей өтем ғой деп ойлаймын. Мен үшін өкініштісі сол: арзан күлкі мен болмашы ләззәтқа бола жылап кеткен алтын сағаттарым болса керек. Мен осы күнге дейін қаншама ойларды ойладым десеңші? Соның бәрін де дер кезінде қағаз бетіне түсіре бергенде ғой. Басқа үшін дүние болмағанмен, өзіме көп пайдасын тигізер еді-ау, шіркін», – деп.

Жұбайы Үрнисамен Абай кешінде танысқан Төлегеннің махаббаты да ұлы Абай ақындікіндей ізгі еді. Жұбайы Үрниса апайымыздың жұбайы жайлы «Арман сапарында», «Жақсылық жыры» деген өлеңі бар. Оны Төлеген жыршы Жақсылық Мамытовқа арнаған. Ол біздің үйлену тойымызда жырлады ғой. Сол кісінің әсері Төлегенге өтті. Екінің бірі жеке болып ән салушы еді. Төлеген домбыра тартып, ән салмайтындарды сауық кешке қатыстырмайтын. Оның жақсы көретін өлеңі, «Мен саған басыбайлы бол демеймін» деген естеліктері оның баршаға өнер адамдарын ерекше жақсы көргендігін аңғартады. Ұлы Чеховтың: «Біз бүгінде жаза білу дегенді ақ қағаздың бетін сөйлемдерге толтыра білу деп жүрміз. Ал шынында жаза білу дегеніміз – сол сөйлемдердің ішіндегі жарамсыздарын сыза білу», – деген өсиеті бар. Оны Төлеген де өз өлеңіне өре түскен:

Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым, 

Аузында болу – бұл өзі сыздаған барлық жараның. 

Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін, 

Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын.

Бүгінде Төлегеннің оқырмандары мен жанашырлары жоқ деп айту қате болар. Өйткені оның атындағы көше мен оның өлеңдерін жинақ етіп шығарғандар бар. Солардың бірегейін айтар болсақ, 2007 жылы Алматыдағы «Білім» баспасынан Жарылқасын Нұсқабайұлының қамқорлығымен «Әдеби мемуарлар» сериясы бойынша «Жан еді өлең үшін дара туған» деген атпен ақын Төлеген Айбергенов туралы естеліктер жарық көріп, оқырман көзайымына айналған болатын. Наурыз тойы қарсаңында, ақынның туған күніне сүйіншідей болып Қытайдан жылы хабар жетті. Аталмыш кітап Қытайдағы қандастарымыздың көмегімен араб қарпіне аударылып, төте жазумен жарыққа шыққан. Осы бір игілікті бастаманы қолға алып, араб қарпіне түсірткен һәм қаржыландырған Нұрдаулет Нұрбаракұлы екен. Сөз ыңғайында айта кету керек, бұдан бұрын Мұрат Шаймаранұлы «Мен саған ғашық едім» деген атпен Төлеген Айбергенов өлеңдерін өзі қаржыландырып араб қарпімен шығарған болатын. Бұл – ақынға деген ізгі ниетпен жасалған жұмыстардың айғағы.

Алайда Төлеген атындағы сыйлықтың соншалықты төмендігі жанды қынжылтады. Жо-жоқ, аты емес, заты ғой қынжылтатын. Кезінде осы сыйлықтың иегері атанған Ақберен Елгезектен сұралған сауалдан бұл сыйлыққа тек медальдің ғана берілетіні анық болған еді. Ал «Алтын қаламнан» диплом мен флешка ғана тарту етіледі екен. Сонда Төлеген Айбергеновтің сыйлығына мән берілмегендік пе, әлде қаржының қалталарға кеткенді болды ма екен? Мейлі, оны қойшы дейміз. Ақынның артында қалған қыздарының бірі – Айнар Төлегенқызының бір кездері далада қалғаны бәрінен де ашындырады. Қорғаушысы жоққа тізе батырмағанда, қазақ кімге батырушы еді?

Хан көтеріп, пір тұтудың орнына шікірейіп  жүріп, өлтіріп аламыз таланттыларды. Егер олар ортамызда жүрген шағында ардақтап әр сөз, әр ісін жоқ дегенде үйреніп үлгерсек – өлмегені ғой, өлтірмегеніміз ғой, ал біз тірі кезінде-ақ өлтіріп аламыз өз ұл-қыздарымызды. Біздің қазаққа таланттылардың өміріне қатысты титімдей белгіні теберіктей көріп-қастерлеу қасиеті дарымай-ақ келеді. Әлде біз біреуден қорқамыз ба, әлде ұяламыз ба деген ой оралады санаға. Айтпады демейін, түбі біз осы «үндеме, ұят боладыдан» өкінетін боламыз. Себебі ұяты бардан ұят болады, ұяты жоқпен ұят сақтамай сөйлесу керек. Айтып отырған мәселенің шелпектің бетіне шыққан майдай ығыры шыққандығын білсек те айту керек, орындауға қорқатындарға. Өйткені «қорқақты қуа берсең, батыр болады» демей ме қазақ? Бүгінгі біздің қуанышымыз солардың қайғысынан, қанынан көктеген гүл емес пе, шындығына келгенде. Сондықтан қанша айта берсек те жалықпайтын дүние.

«Айбергенов творчествосына баға бергіміз келгенде орыстың ұлы сыншысының теңеуіне тәу етуге тура келер. Қазақ поэзиясының бақытына «айналасына асау толқын бүріккен Ниагара сарқырамасындай» Қасымнан соң, «жап-жасыл жағасы күлім қаққан тұнық өзен» тәрізді Төлеген, Мұқағали құбылысы келді. Үшеуі де қазақ табиғатының ешбір халыққа ұқсамайтын бұла мінезін, сезім сұлулығын, ішкі әлемін ашты. «Мылқауға тіл бітірді». «Бізді оларға, оларды бізге іңкәр еткен де осы себеп. Туған ай, шыққан күннің астында отырып, бір уақ Төлегенді оқыңыздаршы. Өмір сүру анағұрлым жеңіл болады», – деген Талғат Ешенұлы айтқандай, баршамызға Айбергеновты бір мезгіл оқу керек. Ал Мұхтарша айтар болсақ: «Мың сөзден бір сөз артық. Шөпті қалай орамыз деп жиналыс жасағаннан гөрі, жиналғандардың шөпті орып тастағаны дұрыс қой».

Бізге беймәлім ұлы галактиканың мың-сан жұмбағының бірі – мықтылардың рухани әлемі өзара астасып, үндесіп жататыны да өзгеше бір құбылыс қой. Оны сезінуге кеңістік өлшеміндегі қас-қағым сәттей – адам ғұмыры жетпейтіні өкінішті-ақ. Кейде ойлаймын: жалғыздықтан да, бейнеттен де ада Төлеген сынды жастай кеткендердің де өз артықшылығы бар екен деп. Кей кезде құмырсқаның илеуіндегі тіршілік сынды құжынаған өмірдің қайғысынан құтылып, бітпес араздықтардан тыс қалып, жер қойнауына кетудің өзі рахат па дерсің? Өйткені адамды өмірдің бақталастығы мен бәйгесі шаршатады.

Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

Дәл қай күні екенін айта алмаймын.

Бірақ… бірақ...

Ешкімді де билетпей қайтармаймын.

Мен өзім де ән салам түн ауғанша,

Менің жаным бұл күнге құмар қанша?!

«Өмірің өшкенше өнерің тозбасын» дегендей, өмірінің соңғы сәтіне дейін өлеңнің құдіреттілігін танытқан Айбергеновтің арманында кеткен тойланбаған бір тойы – біздің еншімізде болар, бәлкім, кім біледі?

Тегтер: