Бір топ америкалық сенатор Тоқаевтан кәсіпкер Ерімбетовті босатуды сұрады

03.08.2019, 05:00

5

АҚШ сенатының 17 мүшесі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, жеті жылға сотталған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовті босатуды сұрады. Хат мәтіні шілденің 29-ы күні америкалық сенатор Марко Рубио парақшасында пайда болды. Онда сенаторлар Ерімбетов ісінің «саяси астары барын» айтып, кәсіпкердің тағдырына алаңдаушылық білдірген.

Шамамен екі жарым беттік хатта кәсіпкердің 2017 жылдың қараша айында қамауға алынғаны, ұстау мен қамау кезінде оның құқықтары өрескел бұзылғаны, азаптауға ұшырағаны айтылады. Хат авторлары кәсіпкердің ісі "қазақ үкіметінің Әблязовқа (Ақорда оппоненті, қуғындағы бұрынғы банкир — ред.) қарсы ірі кампаниясының бір бөлшегіне ұқсайды" деп топшылаған.

«2018 жылы қазан айында Ерімбетов мырза алаяқтық бабымен жеті жылға сотталды. Алайда Ерімбетовтің тергеушілері оған бірнеше рет егер әпкесі, заңгер Бота Жәрдемәліні (Бельгиядан саяси баспана алған — хат) Қазақстанға оралып, қазақ үкіметінің оппоненті Мұхтар Әблязовқа қарсы куәлік беруге көндіре алса, онда барлық айыптан құтыласың деп айтқан-мыс. 2017 жылы қараша айында Ерімбетовтің Әблязовпен еш байланысы болмаса да оны Әблязов жетекшілік ететін „ұйымдасқан қылмыстық топқа кірді“ деп айыптады» деп жазылған хатта.

2018 жылы қараша айында БҰҰ-ның күштеп қамау бойынша жұмыс тобы Ерімбетовтің «заңсыз қамалғанын» айтып, дереу босатуды талап еткен еді. ​Осы шешімді атап өткен хат авторлары бұған дейін Human Rights Watch, Қазақстандағы азаптауға қарсы коалиция, Open Dialog Foundation, Еуропа кеңесі сияқты халықаралық ұйымдардың да кәсіпкерді қолдап, қазақ билігінен босатуын сұрағанын жазған. ​Хатқа 17 сенатор қол қойған.

2018 жылы қазан айында Алматы соты "қаржы алаяқтығы" бойынша айыпталған Ескендір Ерімбетовті жеті жылға соттады. Ол сотта өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын, істің саясиланғанын, тергеу кезінде азаптауға ұшырағанын айтқан.

Қарай отырыңыз: Ерімбетов «тергеу кезінде азапталғанын» айтты (18 шілде 2018 жыл).

Ал судья Тәкен Шакиров сот үкімін оқыған кезде оның «аса ірі көлемде қаржы алғаны» толық дәлелденді деді.

Бұған дейін Ерімбетов ісінің жай-жапсарын зерттеген қазақстандық құқық қорғаушылар Ескендір Ерімбетовті елдегі саяси тұтқындар қатарына енгізген.

Ерімбетовтың қарындасы Бота Жәрдемәлі 2009 жылдан бері шетелде тұрған, Қазақстан билігін сынайтын Әблязовтың заңгері болып жұмыс істеген.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13
  • Мегаполистің білім саласы автоматтандырылды
    20.09.2020, 13:46
  • Интернетте балаларға қауіпті тағы бір ойын пайда болды
    20.09.2020, 13:34