Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:55, 03 Тамыз 2023

Бір видео үшін – 100 мың доллар!

None
None

Адамның жеке өміріне қатысты мәліметтерді немесе видеоларды ғаламторға салмау үшін ақша талап ету соңғы жылдары қалыпты жағдайға айнала бастады.

Шымкенттік бір тұрғынның досының беделін түсіретін ақпаратты таратпау үшін одан 100 000 доллар талап еткені белгілі болды.  

Шымкент қаласы Полиция департаментінің хабарлауынша, Қаратау ауданының тұрғыны полицияға бопсалау туралы арызбен жүгінген. Жас жігіт өзін әлеуметтік желінің белгісіз қолданушысы қорқытып, одан 100 мың доллар талап еткенін айтқан. Бопсалаушы егер ақша бермеген жағдайда оның интимдік сипаттағы жеке суреттері мен видеоларын интернетке жариялаймын деп қорқытқан.

Өз беделіне алаңдаған тұрғын ақша талап етушінің шартымен келісіп, оның нұсқауын орындаған. Сұралған ақшаның 10 миллион теңгесін сөмкеге салып, көшелердің біріндегі темір құбырдың астына қалдырған. Күдіктіні бірнеше сағаттан кейін ақшаны алуға келген кезде полицейлер ұстады. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 194-бабы 4-бөлігі «аса ірі мөлшерде қорқытып алу» бойынша тіркелді.

Ұсталған адам өзінің досы болып шыққанын білген арызданушының таңданысы мен ренішінде шек болмаған көрінеді.

Қазір белгілі болғандай, досының мас күйін пайдаланған жолдасы, оның смартфонындағы жеке суреттері мен бейнежазбаларын өзіне өткізіп алған. Бопсалаушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Мұның алдында Абай ауданының тұрғыны полицияға өзінің атынан әлдебіреулердің несие рәсімдегені жөнінде арызбен жүгінген.

Ер адамның айтуынша, ол өзінің атынан несие рәсімделгенін төлем туралы хабарлама келген кезде білген. Полицейлер бұл жайтты «алаяқтық» бабы бойынша тіркеді.

Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтау үшін бірқатар жедел іс-шаралар жүргізген. Жәбірленушіден, оның отбасы мүшелерінен және әріптестерінен сұрақ-жауап алып, смартфонды көбіне қайда және қашан қалдырғанын, жеке деректерін кімге жария еткенін, сондай-ақ ақша аударымдарын тексерді. Нәтижесінде күдікті анықталды.

Ол, арызданушының келіні болып шықты. Ол өзінің қулық-сұмдығын қайын атасының біліп қойғанын байқап, Түркістан облысындағы туыстарына қашып кеткен. Полиция қызметкерлері оны мегаполиске жеткізді. Айлакер келіннің қайын атасының телефоны арқылы интернет-банкингті жасырын пайдаланғаны белгілі болды.

«Бірнеше айдың ішінде әйел туысының атына жалпы сомасы 750 мың теңгеге тауар алу үшін 2 несие рәсімдеген. Оларды қолма-қол ақшаға айналдырып, қаражатты өз шотына аударып алған. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі таңда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», – деді Абай аудандық полиция басқармасының анықтаушысы Серік Жантаев.

Сондай-ақ жақында тәртіп сақшылары Шымкенттегі дүкендердің біріне «бомба» қойылғаны жайлы хабарлаған «террористі» ұстады.

Полиция департаментінің «102» арнасына белгісіз біреуден қаладағы дүкендердің біріне бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы барып, тәртіп сақшылары сауда нүктесіне келушілерді эвакуациялап, аумақты қоршауға алған. Ғимаратты және оған іргелес аумақты тексеру кезінде ешқандай жарылғыш заттар табылмады.

Сол күні жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтежесінде экстремизмге қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері қоңырау шалушыны анықтады. Алайда 28 жастағы азамат өз кінәсін мойындамаған.

Тергеу барысында күдіктіні дауыс арқылы анықтау үшін екі рет фоноскопиялық сараптама жүргізілді. Сарапшылардың қорытындысы ер адамның қылмысқа қатысы барын растады.

27 шілде күні күдікті процессуалдық тәртіпте қамауға алынды. Қылмыстық іс бойынша жинақталған іс-құжаттар сотқа жолдау үшін әзірленуде.

Полицейлер дайындалып жатқан терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау 5000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға алып келетінін ескертеді.

Тегтер: