Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:03, 05 Тамыз 2021

Бір жан едім сауабы тәңіріңде...

None
None

ЖАПЫРАҚПЕН ҚОШТАСУ

Қауызында тұмса қар мөлдіреген,

Жазсам деймін әйтеуір мен бір өлең.

Көктеміне талпынған бүртік жарып,

Жапыраққа жаным бар елжіреген.

Тіршілікке талпынған тамыры өніп,

Жапыраққа қараймын жаным еріп.

Көңілімді күңгүрт күй торлап алды,

Жапыраққа қош дер сәт тағы келіп.

Көк өзендей жататын тасып түбі,

Көңілімді көп ойдың басып мұңы.

Күннің көзін бұлттар жауып қалған,

Көрінбейді аспанның ашықтығы.

Іздеп кетем көктемгі  тұнық көкті,

Ой-санамды тербетіп үміт текті.

Шыбықтарға оқып ем өлең арнап,

Жапыраққа мөлдір мұң сіңіп кетті.

Ғайып болып кескіні жүздің жылы,

Сабағынан шайқалды түздің гүлі,

Жаным ауырып жылаймын оңашада,

Жапырақтар үзілсе күздің күні.

 Маған берген тағдырдың бедел құны,

Өртеп жатыр кеудемді өлең мұңы.

Аман болсақ қайтадан  көрісеміз,

Уайымдама, жапырақ, келер жылы.

ҚОШ БОЛ, ЖАНЫМ

Алагеуім таңнан қашқан түнектің

Дидарынан жарық іздеп жүдеппін.

                                                  Төлегендей ғұмыр кешіп не керек?

Сыңары боп қалмаған соң Жібектің.

АВТОР

Қош бол, жаным...

Сүйіп қалған елігім,

Сендей жанға тең көреді мені кім?

Жарқылдатып əрбір айтқан сөзіңнен,

Қуат алып, балауыздай ерідім.

Қош бол, жаным...

Теңгерімсіз миятым,

Көңілдегі таза, тұнық зиятым.

Алғашқы һəм… соңғы осы жырымның,

Саған төктім нөпір қылып сиясын.

Қош бол, жаным...

Алтын шара күн-айым,

Бəрін құрттым енді қалай қылайын?

Қаламымды нəзік мұңға батырып,

Соңғы… соңғы кешуімді сұрайын.

Қош бол, жаным...

Артық кеттім кеше мен,

Үрлеместен ұрттап алып кеседен.

Ақталмаймын, ақталсам да себебі

Түзелмейді қателігім, пешенем.

Қош бол, жаным...

Бас имейтін ханға да,

Оған куə мына маусым, маң дала.

Ақын емес, пенде болып жаңылдым,

Жаңылмасты жаратпаған Алла да.

Қош бол, жаным...

Қоңыр мінез киелім,

Қалай айтам деп өзіңе «иемін»

Өмірдегі қолым жетпес үзірім,

Мен өзіңді қатты-қатты сүйемін.

Қош бол, жаным...

Сезіне біл нұрды айқын.

Қаламыңды қайраққа сап шыңдайтын.

Менмін ғой сол, бір адамдар болады,

Сенің мүлде ренішіңе тұрмайтын.

Қош бол, жаным...

Тектілігің қаныңда,

Хақым да жоқ қалуға шын жаныңда.

Əкем жатқан табытқа да жатармын,

Келер жылы өзім туған мамырда.

Қош бол, жаным...

Жалғыз гүлім өбетін,

Көңіліме күмбірлі күй төгетің.

Ə, айтқандай, құттықтаймын өзіңді,

Келер айда туған күнмен келетін.

Қош бол, жаным...

Сезімімде аян шын,

Сана сергіп, көңіл қалай оянсын?

Тіршілікте сыйламаған гүлімді,

Қабіріме өлең оқып қоярсың,

Қош бол, жаным...

БАҚ ІШІНДЕГІ ӨЛЕҢ

Еніп кетсем ішіне тоты бақтың,

Гүл өніп тұр жүзінде топырақтың.

Күлтесіне сүйсініп нәркес гүлдің,

Аятымды өлең ғып оқымақпын.

Жаулығындай сұлудың гүл қозғалып,

Шаттық сыйлап жатыр ма бір жазға анық?!

Тары басты инелік ызыңдап бір,

Жүрегімнің оттығын тұр маздатып.

Өтелмейтің қайтейін сұрап құнды,

Көтеріп келем солай сынақ-сынды.

Гүл күлтесін көмкерген тұнық тамшы,

Жапыраққа  ақыры құлап тынды.

Жақын жүрген зия-нұр жаны Күнге,

Бір жан едім сауабы тәңіріңде.

Жүрегімді жаралап алып соның,

Таба алмадым дауасын әлі күнге.

             ӨЛЕҢ. МҰҢ

Ақ ұлпа сезімімді мүсіндеген,

Тұп-тұнық жатыр менің ішімде өлең.

Өмірлік кие ол да қонған маған,

Мәртебемді биіктен түсірмеген.

Аралап кетем кейде сағым ішін,

Өлеңге қосақталып сағынышым.

Жаныма жақын сәтте көріп қалам,

Түнгі Айдың жырларыма шағылысын.

Жүректің жеткізіп ем бұла мұңын,

Құшағыма қызарып құлады Күн.

Бұлаңдап өте шығар бұл жалғанда,

Өлеңдей бір өзіңді ұғады кім?

Секем ап қалды тағы ішім неден?

Бәріне  жетсем екен күшімменен.

Артып қойып өлеңге обал еттім,

Мұңымды  мына адамдар түсінбеген.

Қайтем еңді...

ИМАН МЕН ӨЛЕҢ

Жанымды тербетеді тұнық өлең,

Ұйқасы ұйқымды ұрлап түніменен.

Шашыма ақ қырауын байлап жатыр,

Өмірдің ауыр екен мұңы деген.

Тұла бойы тұп-тұнық тұнған өлең,

Ақындар жақын осы мұңға неден?!

Жүрегімді жаралап алған жерге,

Өлеңімді оқуға жылда келем...

Жылда келем...

Жырларым жарық шашып,

 Жарақатың жанымның таңып, басып.

Уақыт шіркін қолымнан сусып  жатыр,

Жастығымды әр жылдар алып қашып.

Мойындамас айтқанмен ешкім мінін,

Соны ойлап абыздың кештім мұңын.

Ақыретке  барғанда не демекпін,

Жалға алған таусылып бес күндігім?!

Өрнектеліп сәбилік тұлымымда,

Тағдырым бар жалғасқан мұңы мұңға.

Иман өлшем төмендеп кетпесе екен,

Өлең жазған өлшеулі ғұмырымда!

ЭЛЕГИЯ

Мені сүйген өмірдегі жаны ізгім,

Ып-ыстықсың күндеріндей тамыздың.

Нендей күштің тиді саған салқыны,

Үлбіреген аппақ мақта тəріздім.

Көңіліңе кетті неге құз құлап?

Ұғынбайды ниетіңді ізгі жат.

Күйігіңді баса алмай қиналам,

Бір тал жалғыз шылымымды мыжғылап.

Нəзік болмыс… сүйрік саусақ аяулым,

Мені сүйген тағдырыңды аядым.

Мені бұлай қадірлемес басқа жан,

Сол ғой сені биігірек қоярым.

Кінə тағып біліп жүрмін сөкпесін,

Тілеудемін гүлдің азап шекпесін.

Жыламашы, жыламашы, өтінем,

Көзіңдегі бояу ағып кетпесін...

ЖҮРЕК КӨРДІМ

Жүрек көрдім,

Тап-таза тұнық қана,

Ауыратын сылтау мен сыныққа да.

Құштарлығы өмірге мықты болған,

Сенбейсің бе, ішіне кіріп қара.

Жүрек көрдім,

Әдемі лүпілдеген,

Арманының сынығын бүтіндеген.

Мұң мен нала жан-жағын торуылдап,

Жебір ойлар сәт сайын түтіп жеген.

Жүрек көрдім,

Кеміткен күйік күшін,

Ұғынуға демеймін тиістісің,

Талай уақыт өтсе де ұмытпаған,

Тастап кеткен бұрынғы сүйіктісін.

Жүрек көрдім,

Шертпеген күйдей мұңын,

Білгендіктен септігі тимейтінін.

Айтып жүрген жалықпай бұдан кейін,

Екінші рет ешкімді сүймейтінін.

Жүрек көрдім,

Құралған аздан бағы,

Кеуде керіп, мүлде жоқ қаздаңдауы,

Ақын деген аты бар еншілеген,

Содан болар, әдемі жазғандары.

Жүрек көрдім,

Өлеңі көрікті еткен,

Сын-сағатта сынбаған келіп жеткен.

Өз жүрегім екен ғой, сөйтсем, шіркін,

Сайқал қыздың қолында өліп кеткен.

Танымаппын...

Жамбыл облысы

Жамбыл ауданы

Еңбек ауылы

Тегтер: