Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:30, 27 Тамыз 2023

Бір жеңістің тарихы. Көк туым рух бергенде...

None
None

Түркістан облысындағы «Шардара Армспорт» қол күресі клубынан түлеп ұшқан мықтылар жетерлік.

Арман Қарсыбаевтың бастамасымен құрылған клуб аз уақыт ішінде түрлі жас деңгейі бойынша 50-ден астам әлем чемпионын тәрбиелеп шығарды. Әттең-ай дейміз, армрестлинг олимпиада бағдарламасына енетін спорт түрі болса, Шардараның шарболаттары талай рет топ жаратын еді ғой. Дегенмен шағын ғана өңірден талай мықтыны шыңдап жатқан клубтың әлі де талай жастың өміріне жөн бағыт сілтейтініне күмәніміз жоқ.

2019 жылы Румынияда өткен әлем чемпионатының финалында 75 келі салмақ дәрежесінің қос мықтысы, қазақ ұландары Мағжан Шәмиев пен Талғат Ақтаев кездесті. Осы сында Талғат ағасы Мағжанға жол беріп, өзі күміс жүлде еншіледі. Бұл оқиға талай әңгімеге азық болды. Қазақ батырларының өзара сыйластығы әлемге үлгі болғаны күмәнсіз. Біз жасөспірімдер арасында да, ересектер арасында да әлем чемпионы атағын жеңіп алған Мағжан Шәмиевті сөзге тартып, есінде қалған үлкен жеңісінің тарихын айтып беруді өтіндік. Мағжан 2011 жылғы жасөспірімдер арасындағы сынды ерекше ықыласпен әңгімелеп берді.

Ахполов айламен жеңгісі келді

Қол күресі спортына 2008 жылы келдім. 2011 жылы, 11 сыныпта оқып жүргенімде, көктемде Астанадағы іріктеу турнирін жақсы өткізіп, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына жолдама алдым. Әлемдік дода сол жылдың желтоқсан айында Алматыда өтетін болды. Тұңғыш рет Қазақстанда өтпек. Соған біз өте қатты дайындалдық. Әлемдік сынға тұңғыш рет қатыспақпын, толқып жүрмін. Ержан Әбілда, Қыдырғали Оңғарбаев, Медет Оразбеков сияқты болашақ чемпиондармен бірге дайындалдық. Ержан – 55 келі, мен 65 келі салмақ дәрежесіндеміз. Екеуміз қол ұстаса кетсек, кейде жеңіліп қаламын. Сонда қатты намыстанып, өзімді қайраймын келіп. «Ауылда 55 келідегі қарсыластан жеңіліп жүрмін. Мына түріммен әлем чемпионатында қалай өнер көрсетемін?» деген ой қинайды.

Әлем чемпионаты Балуан Шолақ спорт сарайында өтті. 65 келі салмақ дәрежесіне 11 мемлекеттен мықты спортшылар жиналыпты. Оның ішінде екі дүркін әлем чемпионы Сослан Ахполов (Ресей), Доминик Глод (Словакия), Аслан Османов (Ресей) сияқты мықтылар бар. Ахполовтың ең мықты, ең тәжірибелі қарсыласымыз екені күмәнсіз.

Біз бір топқа түсіппіз. Қарсыластарымызды жеңіп, жол ортада жолықтық. Іштей қобалжу бар. Қарсыластың өзінен емес, жинаған тәжірибесінен сескенемін, қалай дегенде де. Сонымен, Сослан екеуміз ортаға шықтық. Қолымызды ұстасқаннан-ақ оған шамам жететінін сезіндім. Шынында да тәжірибесінен қорыққаным бекер болмапты. Ахполов күшпен емес, айламен сан соқтырды. Мен екі ескерту алып, жеңіліп қалдым.

Бірақ армрестлинг спортында «екінші мүмкіндік беру» ережесі бар. Яғни бір рет жеңілген спортшы екінші рет алаңға қайта шыға алады. Мен турнир кестесінде төмен сырғып кеттім. Енді жеңістен үміткер болуым үшін қайта көтерілуім керек. Жеңілмеуге тиіспін. Ахполов пен Глод қарсыластарының бәрін жеңді де, жартылай финалда кездесті. Словак жеңіп кетті. Енді ол финалға дайындалуға кетті. Ахполов та екінші рет жеңілмей, жартылай финалда мені күтті. Мен қайтадан қателік жібергенім жоқ, қайта көтеріліп, Ахполовпен екінші рет кездесуге мүмкіндік алдым.

Сонда ғана аңғардым, қол күрес үстелінің бетінде Қазақстанның көк туы бейнеленіп тұр екен. Үстел үсті аспан көк түстес, сол жағында ою тұр. Былайша айтқанда, мен туымның үстінде сынға түсіп жатырмын. Осыны көріп, қатты шамырқандым. «Мен өз туымның үстінде күресіп тұрып, қалайша басқа елдің өкіліне есемді беріп қоямын?» деп қайрадым өзімді. Әуелгідей қобалжу, қарсыластың екпінін байқау деген жоқ. Өз күшіме өте сенімдімін.

Осы жолы да ресейлік спортшы мені ескертумен жеңуге тырысты. Армрестлинг спортында жастыққа қолың емес, білегің түсетін болса ескерту беріледі. Яғни сен жұдырығыңды қанша жұмып, көтеріп ұстасаң да, білезік тұсың жастыққа тиіп кетуі мүмкін. Төрешілер осыны қатты қадағалап, ескерту беруге дайын тұрады. Ахполов өте жылдам спортшы, белгі беріле сала мені еңсеріп әкетті. Қолым жастыққа әне-міне тигелі тұр. Саспадым. Қарсыласым қанша тұқыртып, бақса да жұдырығымды жимай, білекпен бір деңгейде ұстауға тырыстым. Ара-арасында қарсыласыма қарап, «басып көрші, кәні!» дегенді қабақпен ұқтырып, өзіме сенімді екенімді аңғартып та қойдым. Бірінші ұстасқанда, екеуміздің қолымыз ажырап кетті. Күші тең спортшылар текетіресінде мұндай жағдай болып тұрады. Сосын төрешілер біздің қолдарымызды сыртынан байлап қойды. Енді ешкім ешкімнен қаша алмайды.

Күшім жетіп тұрғанын сеземін, сол жерден ресейлік спортшының қолын бәрібір көтеріп жібердім. Осы қарқынмен келесі беттегі жастыққа бір-ақ ұрдым. Жеңіс менікі!

Финалға шықтым. Глод ақтық сынға жеңіліссіз шыққан, менің бір сәтсіздігім бар. Бізге дайындалып алуға екі сағат берілді. «Шардара» армрестлинг спорт клубының негізін қалаушы Арман Қарсыбаев ағамыз мені оңашалап алып: «Мағжан, ойлап қара. Сен қазір финалда тұрсың. Жеңіске жететін болсаң, әлемде бір нәрседен, бір саладан ең бірінші адамға айналасың. Іске сәт!» – деді. Онсыз да күйіп-жанып тұрған мені «қайтсең де ұтуың керек, жеңуің керек» деп, одан әрі жандырып жібермей, осылай қайрағаны сұмдық әсер етті.

Финалда Глодты екі ретте де жеңіп алдым. Мұның себебі – мынадай. Менің бір жеңілісім болғандықтан, словакиялық спортшыны бір рет жеңген соң, екеуміздің көрсеткішіміз теңесті. Яғни мен одан бірінші реткі сайыста жеңілсем, бірден күмісті қанағат тұтар едім. Оны жеңдім де, көрсеткішіміз теңелген соң барып суперфиналда өнер көрсетуге мүмкіндік алдым.

Марапаттау рәсімінде қызық жағдай болды. Кезегім келгенше Ресейдің, АҚШ-тың, Украинаның және басқа да елдердің әнұраны ойналып жатты. Кезегім жеткенде, менің құрметіме Қазақстанның Әнұраны ойналды. Тұғырда тұрып, қатты толқыдым.

Жарыстан соң туған жерім, өзім оқып жатқан Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық академиясының басшылығы қатты құрмет көрсетті. Маған дейін әлем чемпионы шықпаған екен, академия басшылығы ақылы оқудан грантқа ауыстырды. Бұл жеңісім алдағы өміріме де үлкен септігін тигізді.

Ағайдың ескертуі есімді жидырды

2008 жылы сегізінші сыныпта ұстазым Руслан Халықов қол күресі спортына тарта бастады. Сырттай бейімімізді көріп, байқап жүреді екен. Бір күні оқушылар арасындағы жарысқа шақырды. Уәде беріп алдым да, бармай қалдым. Екінші жолы шақырғанда да келісіп алып, басқа шаруаға айналып кеттім. Үшінші рет ағайым шақырды да: «Мағжан, осы жолы жарысқа қатыспасаң, ендігәрі шақырмаймын», – деді. Ағайдың сөзі сол кезде ғана жүрегіме жетті. Жарысқа қатыстым, үшінші орын иелендім. Марапаттау рәсімін күтпей үйге қайтып кеттім. Сөйтсем, жүлдемді анам алып қайтыпты. Марапат қағазымды да ала келіпті. Анамнан осындай жақсы сөз, мақтау естіген соң қатты қанаттандым. «Бұл жолы үшінші орын алсам, келесі жолы неге топ жармасқа?» деп ойландым. Содан Руслан ағайдың секциясын қалдырмай қатысатын болдым. 2010 жылы ағайым мені А.Қарсыбаевтың армрестлинг клубына апарып табыстады. Арман ағай өзі біраз жетеледі де, өзінің алғашқы шәкірттерінің бірі Сейфолла Нұрхалықовқа тапсырды. Міне, сол 2010 жылдың соңынан бастап Сейфолла ағаның шәкірті болып келемін.

Ересектер арасына өткенше түрлі баспалдақтан өттім. 2012 жылы біз әлем кубогына қатысатын болып, әлем чемпионатына бара алмай қалдық. Әлем кубогында қола жеңіп алдым. 2013 жылы осы сында күміске жетіп тоқтадым. 2015 жылы ересектер арасындағы әлем чемпионатында бір қарсыластан жеңіліп, жүлдесіз қалдым. Әлем кубогында күміс жүлдегер атандым. Осы сын әлемге танылуымызға көп септігін тигізді. Ешқашан жеңіліп көрмеген, бір қолы мутацияға ұшыраған украиналық Олег Жохты осы сында тұқырттым. Бұл сенсацияға парапар жаңалық болды. 2016 жылы Болгарияның Благоевград қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атандым. Финалға Шынболат Райханов екеуміз шығып, ол – алтын, мен күміске қол жеткіздік. Ағама жолымды бердім. Сол жылы Польшада әлем кубогының иегері атандым. 2017 жылы Будапеште (Венгрия) өткен әлемдік додада 75 келіде қола жүлде иелендім, 2018 жылы да қоламен шектелдім. 2019 жылы әлем чемпионатының финалына Талғат Ақтаев екеуміз шықтық. Ол маған жолын берді. 2021, 2022 жылдары күміс жүлде.

Биылғы әлем чемпионаты күзде, араға 12 жыл салып Алматы қаласында өтеді. Қазір соған дайындалып жүрміз.

Тегтер: