Бір жылдық белес
Қызылорда облысына әкім боп келгелі Нұрлыбек Нәлібаев бір жыл ішінде біраз жұмыстардың бетін қайырды.
Қысқа мерзім болса да өңірдің өсіп-өркендеуі жолында татымды игі жұмыстарға сеп болды. Аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыратын жаңа жобаларды көбейтіп, мемлекет қазынасына қарамай, инвесторлармен жұмысты күшейтті. Бастысы, облыстың биылғы бюджетін 50 пайызға арттырып, 542,3 млрд теңгеге жеткізді.
Бір жылдық жұмыстың несімен жемісті болғанын тарқата кетсек. Қызылорда облысындағы кернеуі 35 кВ-қа дейінгі қосалқы станциялар мен электр тарату желілерін салуға және реконструкциялауға тәуекел етіп, республикалық бюджеттен қаржы тартуды жоспарлап отыр. Бұл өте маңызды жұмыс. Өйткені Қызылорда облысында ғана емес, елдің өзге облыстарында да ХХ ғасырдың 60-80 жылдары тартылған электр желілерінің тозығы жетіп, ауыл-ауылда жел тұрып, жаңбыр жауса жарық жиі сөнеді. Осыдан-ақ жобаның маңызын түсінуге болады.
Облыс халқының 98 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылса, соны 100 пайызға жеткізу бағытындағы жоспарлы жұмыстар басталды. Қазіргі таңда Қызылорда облысының газдандыру деңгейі 67,8 пайызды құрайды. 2022 жылы 9 елдімекен газдандырылса, 2023 жылы 12 млрд теңгені құрайтын 15 газдандыру жобасы іске асырылады. Сөйтіп, облыстағы газдандыру деңгейі 72 пайызға жеткізіледі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда облыста 15 100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биылдың өзінде 10 мектептің құрылысы басталғанын айтуымыз керек.
Биыл жергілікті маңыздағы 366 шақырым автомобиль жолдарын жөндеуге 18,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 82 пайыздан 87 пайызға жақсартуға мүмкіндік береді.
Бүгінде халықтың талабы мен талғамы өсіп, сапалы өмір салтына керекті жобаларды сұрап отыр. Мәселен, 80 спорт-ойын алаңы, Тоқабай ауылындағы мектеп, «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының іргетасы қалануы, Оқушылар сарайы мен «Анаға тағзым» орталығының бой көтеруін және тағы басқа ірі-ірі жобаларды айтуға болады. Облыс орталығында бой көтеретін Неке сарайы, Өнер орталығы, Қан орталығының да маңызды жобалар екені анық.
Президенттің жіті қадағалауындағы ауқымды жоба – Жезқазған-Қызылорда жолының облыс аумағындағы күрделі жөндеуі басталды. Елдің орталығымен және солтүстік өңірлерімен байланыстыратын төте жолдың маңызы – өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытуда шешуші рөлге ие. Өйткені Сырдағы кәсіпкерлік елорда және солтүстік аймақтардағы қалаларға қауіпсіз, әрі тез жетуіне, бұл өз кезегінде тауардың сапасына әсер етіп, бастысы уақыттан ұтуға септігі тиеді. Мұның бәрі кәсіпкерлердің табысты болуына жағдай жасайды. Бәрінен бұрын, бұл жол ішкі қатынасты арттырып, Жезқазған мен Қызылорда аралығында (216 шақырым) кәсіпкерлік субъектілерінің іске қосылуына жол ашып, сервистік қызметтік сапасын арттырмақ. Мұның бәрі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының макрокөрсеткіштерін көтеріп, халықтың әлеуетін арттыратын жобалар.
Бұлардан бөлек санамалап шықсақ. «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, заманауи жылу электр орталығының іргетасы қаланды. Шыны зауыты іске қосылды. Республикалық бюджеттен 9,6 млрд теңге, облыстық бюджеттен 800 млн теңге бөлініп, 1000 пәтер сатып алынады. Биыл 12 ауылдық елдімекенді газдандыру арқылы газбен қамту деңгейін 72 пайызға жеткізілмек. Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы мен 200 төсектік жаңа перинаталдық орталық құрылысы басталады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда облыста 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы басталды. Қаланың сол жағалауында «Көпсалалы дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы» салынады. «Неке сарайы» биыл тамыз айында пайдалануға берілмек. 1000 орындық «Өнер орталығының» құрылысы желтоқсан айында аяқталады. Сол жағалауда «Қан орталығы» салынып жатыр. «Анаға тағзым» орталығының шілде айында пайдалануға беріледі. Өңірдің Түркістан облысымен шектесетін тұсынан облыстың кіреберіс қақпасы салынды. «Балалар жылында» облыста 80 спорт-ойын алаңы пайдалануға берілді. Жаңақорған ауданында заманауи демалыс паркі ашылды. Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында «Еңбекшілер паркі» бой көтерді. Арал ауданындағы апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен қайта салынып жатыр. Биыл тамыз айында пайдалануға беріледі. Болат Өтемұратов қорының қолдауымен «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының іргетасы қаланды. Құрылысы 2024 жылы аяқталады. «ҚазГерМұнай» ұлттық компаниясы Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасын бастады.
Осылайша, Сыр еліндегі халықшыл бастамалар игілігі, елдің қажеттілігі үшін жұмыс жасайтын болады.