Бірі грант, бірі пәтер әперем деп…
Қылмыс та заманына қарай құбылып отырады екен. Осыдан оншақты жыл бұрын Қазақстанда тіркелген әрбір екінші заң бұзушылық ұялы телефон ұрлығымен байланысты болса, бүгінде ең кең таралған қылмыстың түрі алаяқтық болып отыр.
Заңдық тұрғыдан алаяқтыққа «бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену» деген түсінік берілген. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау дегенді білдіреді.
Соңғы жылдары алаяқтықты интернет арқылы жасау фактілері көбейіп келеді. Аңқаулардың аузын аңқитып кететіндер әсіресе әлеуметтік желілерді жиі пайдаланады.
Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлеріне: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу кіреді.
Жуырда Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, республика аумағында «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс шарасы өткізілді.
Аталған іс шараның мақсаты – интернет-алаяқтыққа қарсы күрес, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын өзге де құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және болған қылмыстарды дер кезінде ашу. Сондай-ақ зиянды бағдарламаларды, арнайы техникалық құралдарды, интернет-алаяқтықты, порнографияны, оның ішінде балалар порнографиясын дайындайтын және тарататын, суицидалды бағыттағы ойындарды, интернет желісіндегі өзге де құқық бұзушылықтарды насихаттайтын адамдарды анықтау болып табылады.
Шымкент қаласы полиция департаментінің таратқан ақпараттарына қарағанда, «Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасының үш күндік қорытындысы бойынша үшінші мегаполисте бұрын жасалған 31 қылмыс ашылған. Ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану бабы бойынша 1 жайт тіркеліп, анықталды. 14 заңға қайшы сайттар бұғатталған.
Мегаполисте алаяқтардың арбауына түскендер азамай отыр. Мәселен, жуырда «үкіметтен грант әперемін» деген уәдеге сеніп қалған тағы бір тұрғын алданып қалды.
Абай ауданы полиция басқармасына арызданған жергілікті тұрғынның айтуынша, екі жылдан бергі танысы «үкіметтен кәсіп ашу үшін қайтарымсыз қолдау қаржы-грант алып беремін» деп, алдын ала 100 мың теңге алған. Осыдан кейін он ай бойы уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай, сандалтқан.
Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігімен (алаяқтық) тіркелді.
Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен күдіктінің жеке-басын анықтауға бағытталған барлық қажетті шаралар қабылданып, жедел іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жергілікті жердің тұрғыны анықталды. Ұсталғанның жасы 44-те, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған. Қазіргі кезде күдікті азаматша өз кінәсін мойындап отыр. Тергеу әрекеттері жалғасуда.
Мұның алдында «мемлекеттен кезексіз үй алып беремін» деп тұрғындарды алдап кеткен күдікті ұсталды. Полицияға арызданған тұрғынның айтуынша, танысы «Шымкент қаласынан мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып беремін» деп, 500 мың теңге ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп кеткен.
Тәртіп сақшылары күдіктіні бір тәуліктің ішінде қала аумағынан қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 47 жастағы тұрғыны болып шықты.
Ұсталған азаматшаның бұған дейін бірнеше алаяқтық іске қатысы бар екендігі және сотты болғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяқтықтың бір ұшы жәбірленушілердің тым сенгіштігіне де барып тіреледі.