Бірлескен отырыста біраз мәселе қамтылды
Жұма күні облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Кезекті отырысқа облыс әкімінің орынбасары Н.
Сақтағановқатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Т.Дүйсебаевтың есебі тыңдалды.
Баяндамадан соң, облыстық мәслихат депутаттары ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтар болсақ, А.Оңғарбаев 3580 мал басы сатып алынып, сүт және ет өндірісі 2-3% пайызға өседі деп көрсетілгенін айтып, аталған мал басы кімге және қандай шартпен берілетіндігін, Н.Жорабеков жайылымдық жерлерді егістік жерлерге ауыстыру жөнінде комиссия құру, жолдары тазаланбаған су жолдарына су бермеу мәселесі, майдаланған шаруа қожалықтарды біріктіру немесе су пайдаланушы кооперативін құру, скважиналарға инвентаризация жасау, М.Нәлібаев кейбір аудандардағы судың көтерілетін, көтерілмейтін жерлеріне судың қажеттілігіне байланысты қазірден бастап бағыттауды, биылғы жылы көкөніс өнімдеріне қанша гектар жоспарланғандығы туралы, Б.Махашов шаруашылықтарға, егінге бөлінетін жанар-жағармайдың квотасын көбейту, Ә.Шаймағамбетов күріштен бөлек өзге де дақылдармен айналысатын, жері тың 3 елдімекен: Жаңадария, Қаракеткен және Аққыр елдімекендерінде кәсіпті дамытудағы қиындықтарды айтып, жақсы өнім беретін қант қызылшасы сияқты өнімдерді өндіріп, елді жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.
Ал депутат Ж.Ысқақ жайылымдық жері жоқ елдімекендер жайы, оның ішінде Жансейіт, Бестам және Жаңақорғандағы тау жақтағы ауылдарда жайылымдықтың жоқтығы, ол жерлердегі су мәселесі, О.Төлепов қант қызылшасы 2-3 ай көлемінде өңделмесе, сақтайтын жер болмай бұзылып кететіндігін ескере отырып, осы мақсатта ірі көлемдегі зауыт қажеттігін, Ж.Ембергенов болса шағын шаруашылықтарды егістікке ауыстырған жағдайда суды көп қажет етпейтін дақылдарды еккен кезде жаппай шектеу қоймай, олардың дамуына кері әсері тимеуі үшін түсіндірме жұмыстарын дұрыс жүргізсе деген талап-тілегін жеткізді.
Сондай-ақ депутат І.Тілеп егістікке берілетін жанар-жағармайдың лимиті, зейнет жасына дейін ғана берілетін қаржының зейнет жасынан асып кеткен көптеген шаруашылық басшыларына кері әсерін, олардың жайын, қуаңшылық кезінде жоспарланған скважина салу мәселесін жеткізді.
Екінші мәселе «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық экономика және қаржы басқарма басшысы Н.Қордабай қысқаша хабарлама жасап, үстіміздегі жылғы 20 сәуір күні өткен тұрақты комиссиялардың отырысында депутаттар тарапынан болған сауалдарға жауаптар берді.
Күн тәртібіне ұсынылған 15 мәселе бойынша шешім жобасын сессия қарауына жіберу туралы бірауыздан қаулы қабылданды. Отырыс соңында, қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселеге айналған кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа байланысты, құқық бұзушылық пен оның алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Ш.Әмитов пен облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбетовтың баяндамалары тыңдалды. Аталған мәселеге сәйкес, депутаттар өзара ой-пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды.