Бірнеше қалада "Қытай экспансиясына" қарсы акциялар өтіп жатыр

04.09.2019, 16:00

4

Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Алматыда "Қытай зауыттарының салынуына қарсы" наразылық шаралары өтіп жатыр.

Ақтөбеде таңертеңгі сағат 11 шамасында облыстық әкімдік ғимаратының алдына жүз шақты адам жиналып, "Қытай жобаларына қарсы шыққан" жаңаөзендіктерді қолдайтынын айтты. Елде "Қытай жобаларының қаптап бара жатқанын" сынаған азаматтар "Қытай экспансиясына жол бермейміз!", "Қытай зауыттары салынбасын!" деп айқайлады. Жиналған азаматтар мұндай мәселеге жол берген билікті кінәлады.

— Бұрын қалада трикотаж, аяқ киім фабрикасы, тері өңдейтін зауыт, жиһаз зауыты болған еді. Олардың бәрі қайда кеткен? Ешқайсысын сақтай алмадық. Бізге Қытай зауыттарының керегі не? Әкімдік, біздің фабрикалар қайда кеткен? — деді шараға келгендердің бірі.

Дәл осыған ұқсас акция Нұр-Сұлтан мен Шымкентте де өтіп жатыр.

4 қыркүйекте Шымкент әкімдігі алдында отызға жуық адам жаңаөзендіктерді қолдап, "Қытай экспансиясына" қарсылық білдірді. Шымкент қаласы және Түркістан облысынан келген азаматтар Қазақстан билігін сынап, биліктен қытайлық жобалардан бас тартуды талап етті.

— Біздің осылайша өлместің күнін көріп отырғанымызға кім кінәлі? Сіздер билік кінәлі дейсіздер. Жоқ, біз өзіміз кінәліміз. Себебі, үндемей отырамыз. Неге біз үндемейміз? Бассыздық, жемқорлық неге болып жатыр дейсіз? Бәрі үнсіздіктен. Әділ мемлекет болуы керек. Егер болашағымызды өзіміз ойламасақ, ешкім бізді ойламайды, — деді Шымкент тұрғыны Әбдірахман Рахымбек.

Түркістан облысы Отырар ауданынан келгенін айтқан Сәбит Сыздықбек есімді азамат «еліміз отыз жыл ішінде мүшкіл хәлге жеткеннен кейін алаңға шығып жатыр. „Отыз елдің қатарына қосыламыз“ деген билік елді екі сиырмен күн көруге шақырды» деп елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамда қызу пікір туғызған «екі сиыр» жайлы сөзін еске алды.

Белсенділер пікірлерін айта бастаған кезде оларға әкімдік өкілдері келді. Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев наразы топқа «мұндай жиын өткізу үшін рұқсат алу керек» деп жиынның заңсыз екенін түсіндіруге тырысты. Ал жиналғандардың бірі шенеуніктің сөзін тоқтатып, «ал сіздер халықтан рұқсат сұрап жатсыздар ма? Мен шетелде емес, өз елімде жүрмін. Назарбаевтан тууға да рұқсат сұрау керек пе?» деді.

Шенеунік оларды алаң маңындағы қазақ драма театрына кіріп сөйлесуге шақырғанмен жиналғандар бас тартты. Олар қала әкімі Ерлан Айтахановқа талаптарын жеткізуді сұрады. "Қазақстан бойынша жер кімнің атында? Кімде қанша жер бар? Тізімін үкіметтің сайтына ресми жарияласын. Жаңаөзендіктерді қолдаймыз! Жер Қытайға берілмесін!" деді.

Әкімнің орынбасары "Қазақстандағы тұрақтылықты" алға тартып, басқа елдермен салыстыруға шақырды. Осылайша ашулы топты тыныштандыруға тырысты. Ал жиналғандар «Жаңаөзен халқын қолдаймыз! Оларға қайта оқ атуға жол бермейміз! Саяси тұтқындар босатылсын!» деп айқайлап, екі сағаттан соң тарасты.

Тікелей эфирді көріңіз: (Нұр-Сұлтандағы акция)

3 қыркүйекте Жаңаөзеннің екі жүзден астам тұрғыны қаланың орталық алаңына жиналып, Қытайдың Қазақстандағы жобаларын тоқтатуды талап еткен еді. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкентте де белсенділер «Қытай экспансиясына қарсы» акция өткізген.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39