«Бишімбаевтар әулеті ұлын қорғаштай бастады» – Салтанат Нүкенованың ағасы
9 қарашада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қатысуымен орын алған қайғылы оқиғаға қатысты Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов қарындасы туралы ақпарат беріп, әулетімен министрге ешқандай кешірім бермейтіндерін атап өтті, деп жазады Zhasalash.kz.
"Салтанат өте жарқын қыз еді. Оқу орнын аяқтады. Өз жұмысымен айналысты. Ол өзін-өзі қамтамасыз етті, бәрі болды, ешкімге тәуелді болған жоқ, бізден ешқашан ақша сұраған емес. Бәріне өзі жетті. Ашық еді, бәріне көмектескісі келіп тұратын, бәріне құрметпен қарайтын. Иә, кей блогерлер Бишімбаевты ақтап алғысы келетін шығар. Менің ойымша, халықты алдай алмайсың. Олар ақ пен қараны ажырата алады ғой. Ақша үшін істеп отырған блогерлер адам емес. Менің ойымша, мұндай сұмдық өздеріне тигенде түсінетін шығар. Олар тіпті блогер емес, қалай атарымды да білмеймін. Бишімбаев отбасы өз ұлын қорғаштай бастады, әрине. Бірақ біз үшін ол - құбыжық, қанішер. Біз оларды өмір бойы кешірмейміз. Кез келген нәрсені кешіруге болады. Иә, байқаусызда өлтіріп алса, кешіруге болатын еді, бірақ біз оның қарындасымызды қалай мазақ еткенін көріп отырмыз. Былай барлық құбыжық істемейтін де шығар. Егер біз кешірсек, ол басқа адамды өлтіріп қоюы мүмкін, ол басқа қайғылы жағдай болар еді", - деді ол.
Қайрат Нүкенов Болат Аманбаевқа берген сұхбатында Бишімбаевтың мерзімінен бұрын босатылып кетуі мүмкін екенін айтты.
"Айтып тұрмын ғой блогерлерді жалдаған, тергеу ісі де басқаша жүріп кетуі мүмкін. Оның ағзасында 0,65 промилле болды дейді. Егер адам түнімен ішсе де, куәгерлердің, інісінің айғақтары бола тұра, тек 0,65 промилле табылғаны бірнәрсені меңзеп тұр. Біз оған жасалған сараптамаға күмәніміз бар. Көбі ол есірткі қолданды дейді. Бірақ есірткі қолданғаны расталған жоқ. Тергеу оны жауапкершіліктен босатқысы келіп тұр", - деді Қайрат Нүкенов.
Жерлеу алдында мәйітті жуындырған адамдар Нүкенованың денесінің сау-тамтығы қалмағанын айтқан. Желіден Салтанатты қаралау арқылы қоғамда теріс пікір қалыптастыратын небір ақпарат жүр, осы арқылы Бишімбаевты ақтау басталып кетіпті. Нүкенов қылмысты дәлелдеу үшін мәйіттің суреттері мен видеоларын жариялаудан басқа амал жоқтығын айтты.
"Мәйітті жуған адамдар мұндай жарақаттарды, дененің көгерген тұстарын бұрын-соңды көрмегенін айтты. Ол інісін шақырып, қарындасымыздың көз жұмғанын күтті деген болжам бар. Ол бөлмеге бірнеше рет кіріп, оның өлгенін тексерген, өлгеннен кейін ғана жедел жәрдем шақырған. Бұл інісі де өлім туралы хабарламағаны үшін емес, адам өлтіруге қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек. Бейнежазбаларды өшірген адам да Бишімбаевтың бандасындағы біреу. Оның бәрін соттау керек", - деді ағасы.