Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:06, 13 Қараша 2023

Бишімбаевтың әйелін өлтіру ісі бойынша тағы бір күдікті ұсталды

Бишімбаев
Фото: из открытых источников

Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі  Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтіру ісі бойынша мейрамхана директоры қамауға алынғанын хабарлады.

Тергеу органдары қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын және нақты тұлғалардың кінәсін анықтауға бағытталған барлық қажетті шаралар кешенін жүргізіп жатыр.

"Тергеу барысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 432-бабы «Қылмысты жасыру» бойынша қылмыстық іс жеке тіркеліп, оның аясында Гастро орталығы директоры қамауға алынды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 434-бабы «Қылмыс туралы хабарламау» және 119-бабының 3-бөлігі «Қауіпті жағдайда қалдыру» бойынша қылмыстық істер қозғалды", - делінген Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарламасында.

Тергеуді Астана қалалық полиция департаментінің Тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталды. Қайғылы оқиға елордадағы «Бау» мейрамханасында болған.

10 қарашада Ішкі істер министрлігі Бишімбаевтың ұсталуына қатысты түсініктеме берді.

Қуандық Бишімбаев 2016 жылдың мамыры мен желтоқсаны аралығында Ұлттық экономика министрі болған. Оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2017 жылдың қаңтарында ұстаған.

Бұрынғы министрге қатысты сот төрт айдан астам уақытқа созылды. Бұл іске Бишімбаевпен бірге тағы 22 адам – «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ-ның бұрынғы қызметкерлері, кәсіпкерлер мен құрылыс компанияларының өкілдері қатысты болған.

2018 жылдың наурыз айында Қуандық Бишімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол пара алу және ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

2019 жылдың қазан айында экс-министр бостандыққа шықты.