Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:13, 14 Наурыз 2023

Биыл – Бейбарыс сұлтанның мерейтойы

None
None

Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған, Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың дүбірлі тойы жақындады.

Биыл наурыздың басында Қазақстан үкіметінде премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойын тойлау жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті.

Кеңеске мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, парламент сенаты әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, ғылым және жоғары білім, ақпарат және қоғамдық даму, оқу-ағарту, сыртқы істер вице-министрлері және Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары, ЖОО ректорлары, тарихшы-ғалымдар, Жазушылар Одағы, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және т. б. қатысты.

Отырыста Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспары талқыланып, бірауыздан бекітілді.

Мерейтой аясында 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда, олардың 50-ге жуығы халықаралық және ұлттық деңгейде өтеді. Бұл іс-шаралар ұлы батырдың мұрасын мәдени-танымдық және ағартушылық бағыттарда насихаттауды көздейді.

Мәселен, Каир қаласында Бейбарыс сұлтанның мешітінің салтанатты ашылуы, Қазақстанның Мысырдағы мәдениет күндері, Түркістан облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармониясының, «Сүгір» ұлттық аспаптық оркестрінің концерті өтеді.

Сондай-ақ ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірлесіп Түркітілдес елдердің ақын-жазушыларының шығармашылық жарысын (мүшәйра), Каир қаласынан Түркістанға ислам өнері мұражайы қорынан «Мәмлүктер дәуірі» жылжымалы көрмесін өткізу жоспарланып отыр.

Кеңес барысында премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов біздің құндылықтарымызды құрметтеу, әл-Фараби, Абай, Бейбарыс сұлтан сияқты алып тұлғалардың ұлы істерін дәріптеу ұрпақтар алдындағы ортақ парыз екенін атап өтті.

Айта кетсек, Сұлтан Бейбарыс (1225-1277) – Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны әл-Мәлік әз-Заһир Рукн-әд-дін Бейбарыс. Беріш руынан туған. Жаугершілік заманда, бала күнінде Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген, қазақ тарихындағы аса ғажайып тұлға.

1250 жылдың шамасында мәмлүктердің әскери әмірі болып тағайындалған. Сұлтан Бейбарыс Мысыр мен Шам еліне билік құрған 1260 – 77 жж. аралығында крест жорықтарының беті қайтарылып, моңғол қосындарының шапқыншылығы тойтарылды, елдің саяси-әскери беделі жоғарылап, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарды. Бейбарыс тек қана талантты қолбасшы ғана емес, сондай-ақ көреген саясаткер ретінде танылды. Ол сол кездің көптеген алыс-жақын мемлекеттерімен қарым-қатынас орнатты. Сұлтан Бейбарыс сол дәуірдің озық үлгісімен көптеген зәулім ғимараттар, көрнекті мешіттер, медреселер мен емханалар, биік қорғандар мен қамалдар салдырды. Олардың бірқатары сақталған. Қарапайымдылығымен және діндарлығымен елге танымал болған. Кедей-кепшіктерге әрдайым көңіл бөліп, көмектесіп, жетімдерді желеп-жебеп, өз қолтығына алып отырған. Сұлтан Бейбарыс 1277 жылдың 1 шілдеcінд Дамаск қаласында қайтыс болып, «аз-Заһариа» кітапханасындағы күмбездің астына жерленді.

Әне, құлдықтан хандыққа дейін көтерілген. Египеттей алып елді 17 жыл бойы билеп, моңғол жаулаушыларынан, крест жорығын бастаушылардан, жалпы араб әлемін сақтап қалған біздің ұлы бабамыз Бейбарысты бала кезінде тұтқынға Атырау бойынан әкеткен. Өзінің сүйегі осындағы Беріш тайпасынан екенін көптеген тарихшылар кезінде жазып қалдырған.

Тегтер: