Биыл жазда болған ауыр жол апаттары
Елде кісі өліміне себеп болған ірі апаттар көбейіп кетті. ҚР Бас прокуратурасының Qamqor сервисі таратқан мәліметке сүйенсек, биыл сегіз айда Қазақстанда 8246 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Оның 1087-сінде, яғни әр сегізінші жол апаты адам өмірін қиды.
2022 жылмен салыстырғанда жолдағы өлім-жітім саны артты.
Биыл мамырдан бері ауыр жол апатының саны артып кетті. Мамандар жазда ауыр апат болған 11 күнді есептеді. Кей жағдайда тұтас отбасы қаза тапқан.
1 маусымда БҚО-дағы Самара — Шымкент тас жолында Lada Largus пен DAF жүк көлігі соғылып, жеңіл көлікте отырған бес мұғалімнің үшеуі қайтыс болды.
6 маусым күні Ақмола облысындағы Қостанай — Әулиекөл — Сұрған тас жолында Toyota Alphard фураға соғылған. Минивэн жүргізушісі мен оның 10 жасар ұлы оқиға орнында көз жұмды.
16 маусымда Солтүстік Қазақстан облысындағы Аймақ ауылы маңындағы Көкшетау — Омск тас жолында «лексус» пен ВАЗ-2104 соғылып, бес адам қаза тапты.
17 маусым күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен — Кендірлі тас жолында Toyota Camry және Renault Duster соқтығысып, он адам көз жұмды. Оның бесеуі ересек адам, бесеуі бала.
Дәл сол 17 маусымда Доссор — Құлсары — Бейнеу тас жолында Lada Priora мен Toyota Camry соқтығысып, төрт адам қаза тапты. Оның екеуі «Приора» салонында өртеніп кетті.
18 маусым күні Атырау — Ақтөбе тас жолында Lada Priora Yutong автобусына соғылып, тұтас отбасы: ерлі-зайыпты мен олардың 10, 7, 4, 2 жастағы балалары бақилық болды.
20 маусымда Қарағанды облысындағы Алматы — Екатеринбург тас жолында болған жол апаты алты адамның өмірін қиды.
16 шілдеде Атырау облысындағы Доссор — Құлсары — Бейнеу тас жолында Chevrolet Cobalt пен Toyota Ipsum бетпе-бет соғылып, жеті адам қаза тапты.
17 шілдеде Түркістан облысындағы Екпінді — Созақ тас жолының Шаян ауылы маңында Nissan, Toyota Camry және Volkswagen Crafter қатысқан ірі жол апаты болды. Салдарынан тоғыз адам қайтыс болып, он үш кісі ауруханаға түсті.
26 шілде күні Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Алматы — Астана тас жолында Toyota Corolla мен Toyota Camry соғылып, бес адам көз жұмды, оның біреуі бала.
27 шілдеде Ұлытау өңіріндегі Жезқазған — Қарағанды тас жолында болған апаттан бес адам бақилық болды.
30 шілде күні Алматы — Өскемен тас жолында Hyundai Veracruz, DAF FT XF 105 және Volkswagen Passat қатысқан жол апатынан төрт адам қаза тапты.
14 тамызда Ақмола облысындағы Көкшетау — Рузаевка тас жолында Lexus LS 430 бен бензин таситын DAF соғылып, бір отбасының үш мүшесі (біреуі бала) көз жұмды.
19 тамыз күні Екатеринбург — Алматы тас жолы бойында Toyota Camry мен Honda Odyssey бетпе-бет соғылып, тоғыз адам қайтыс болды. 18 жастағы қыз ғана аман қалды.
Дәл сол күні Түркістан облысындағы Шаян — Екпінді тас жолында Mercedes-Benz 200-де отырған төрт адам тірідей жанып кетті.
23 тамыз Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Алмалы ауылы маңында «Газель» мен Nexia соқтығысып, бес адам қаза тапты.
24 тамыз Қарабұтақ — Қостанай тас жолында төрт адам қаза тапты. Toyota микроавтобусының жүргізушісі трассаның жөнделіп жатқан бөлігіне шығып кетіп, жол тегістейтін техникаға соғылған.
Прокурорлар жүргізген талдау нәтижесіне сүйенсек, кісі өліміне әкелген жол апатының көбіне қарсы жолаққа шығу және жылдамдық асыру себеп болған. Жолда абай болыңыздар!