Біз Әбіш пен Мағауинге үйреніп қалғанбыз

«Егер өзің оқығың келген, бірақ әлі күнге жазылмаған бір кітап бар болса, оны өзің жаз».
Бұл аталы сөзді Нобель әдебиет сыйлығының сахибы, америкалық жазушы Тони Моррисон айтқан. Мақсаты жас қаламгерлерді жігерлендіру екені түсінікті. Біз үнемі «қазіргі қазақ прозасы қалыптасып келеді» деген оң пікірді көп естиміз. Әрине, жақсы жазып жүрген талантты жастардың бар болуы осы сөздің шын екеніне көз жеткізбек. Бүгінгі дөңгелек үстелге жас жазушылар Есбол Нұрахмет, Әлішер Рахат, Бақытбек Қадыр және Әлихан Жақсылық қатысып отыр. Олар қазіргі проза төңірегіндегі көкейде жүрген сауалдарымызға еркін жауап берді.
— Авторын, қала берді, оқырманын бақытты ететін шығармалар болады. Біздің әдебиетіміздегі қай шығарма осы сөзімізге мысал бола алады? Ал әлем әдебиетінде ше?
Есбол Нұрахмет: –Бақыт деген ұғымның мәні алуан түрлі ғой. Мұңайтатын, ойландыратын, кейде кейіпкерінің жеңілісімен аяқталатын романдар бар. Оны оқыған оқырманның бірі бақытты сезінсе, бірі бақытсыз сезінетін шығар. Қызық сұрақ екен, жалпы. Ал автордың бақытты болуы – көбінде шығармасының есті оқырманға жеткені. Ондай шығарма қазақ жазушыларында баршылық. Әлемде тіпті көп.
Әлішер Рахат: –Авторды оның төлқұжатына айналған шығармасы немесе ең көп таралған/сатылған шығармасы бақытты ететін шығар. Автордың төлқұжаты қандай шығармасы екенін, оның қанша данамен таралатынын, сатылатынын оқырман шешеді. Яғни оқырман қауым таңдаған, сүйіп оқыған шығармасы авторды да қуанышқа бөлейтін болар. Оқырманның таңдауы уақытқа жауап бере алатын көркем образға түседі. Жазушы уақыт пен кеңістікті, оның мінез-құлқы мен таным-түйсігін қаншалықты дөп бере алса, шығармасы да өміршең болса керек, шамасы. Қазақ әдебиетінде Майлиннің «Шұғасы», Аймауытовтың «Ақбілегі», «Қартқожасы», Жұмабаевтың «Шолпаны», Әуезовтің «Абайы», Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Еламаны», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны», Соқпақбаевтың «Қожасы», Исабековтің «Жасыны», Нұршайықовтың «Меңтайы», Сүлейменовтің «Қара шалы», Мағауиннің «Тазысы», Нұрмағамбетовтің «Байшұбары», Амантайдың «Әлішері» т.б. көптеген кейіпкерлер оқырмандардың санасында ескерткіш болып орнатылған. Әрине, бұл тізім ұзаққа созылады, мен дәл қазір есіме түскендерін айтып отырмын. Ал әлем әдебиетінде де ұзын сонар жазушылар есімі мен кейіпкерлерін айтып шығуға болады. Маркестің «Хосе Аркадио Буендиосы», Камюдің «бөгде» кейіпкері, Джойстың кейіпкерлеріне кәдімгі ескерткіш қойылғанын білеміз, Лондонның «Мартин Идені» бар т.б. Жазушы кейіпкері оқырманның санасында мәңгілік қалып қойса, сол, бәлкім, авторға да, оқырманға да үлкен бақыт шығар.
Бақытбек Қадыр: – Өткенде бір әңгіме үстінде қазақ әдебиетіндегі «ең бақытты кейіпкер кім» дегенді талқылып көрдік. Таппадық. Бәрі бақытсыз, қайғылы кейіпкер екен. Бірақ барынша бақытты деуге ықтимал кейіпкер Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», яғни Қожа дегенге амалсыз тоқталдық. Әкесі соғысқа кетіп оралмаған, мектепте қадірсіз Қадыров та қайбір бақытты дейсіз? Әйткенмен онда өмірге деген ессіз құштарлық бар, былайша айтқанда, оптимист кейіпкер деу керек шығар. Сондықтан оқырманын бақытты қылған бір шығарма болса, ол бәріміз сүйіп оқыған «Менің атым Қожаны» айтар едім. Ал мұнда авторын табысқа жеткізген шығарма туралы сұрақ болса, онда әңгіме бөлек және ондай шығарма көп.
Мысалы, менің «Мәжусилер» деген шығармам биылғы «Алтын тобылғы» байқауында топ жарып, азын-аулық қаржысы бір жыртығымды жамағандай болды. Ал әлем әдебиетін, Дүйсенәлі, өзің де оқып, біліп жүрсің. Менің бір білерім – Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романы. Бірақ қарап отырсыңыз, ол да өмірінің соңғы кездерінде берген сұхбаттарында сол романы әкелген атақ пен дақпыртқа налитынын айтады. Сондықтан бұл өзі «бақытты ету» дегеніңіз өте қиын сауал.
Әлихан Жақсылық: – Шығарманың қай-қайсысы да бақытсыз етпейді ғой. Кітап сатумен ғана айналысатын қаламгерлер болуы мүмкін, оның кітабы мыңдаған данамен өтіп, өзінің өлшеміндегі «бақытқа» жеткізеді. Ал әдебиетке қызмет етемін деген қаламгерлер бақытқа жетті деп шешім шығара алмаймыз. Оқырманға ой салатын, жетістікке, мойымауға жетелейтін шығармалар өте көп. Шығарма әртүрлі болады. Бір оқырманды бақытқа жетелеуі мүмкін, бір оқырманды күйзеліске ұшыратуы мүмкін, енді біреуін өзінің түкке тұрғысыз адам екенін жеріне жеткізіп беруі мүмкін. Сондықтан шығармаға біржақты қарауға болмайды. Бақытты авторлар бақытты шығарма жазатын шығар. Мүмкін, ол үшін әдебиет теориясына «бақытты шығармалар» бөлімін енгізу керек шығар.
— Меніңше,бұрынғы жазушыларға қарағанда қазіргі қаламгерлердің мүмкіндіктері өте көп. Ең бастысы,цензура жоқ. Бірақ неге әлі күнге дейін жұртты елең еткізетін шығармаларды оқи алмай келеміз?
Әлішер Рахат: –Осы сұрақ мені де мазалайды. Жұртты елең еткізбек түгіл, әдебиетшілердің өзі бір-бірін көп оқи бермейді. Иә, мүмкіндік көп: кез келген газет, журнал, сайттарға, тіпті әлеуметтік желіге-ақ жариялауға болады. Бірақ елең еткізер ештеңе жоқ деп айтамыз ба, елең ететін оқырман жоқ дейміз бе, білмеймін. Әйтпесе Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Періштелер өлімі» Қазақстанда бестселлер болатын-ақ шығарма. Аудиториясы да кең, жас талғамайды. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы кризис, жалпы, сол уақыттың атмосферасы сезіледі. Біз қазір бір әншінің ажырасып кеткеніне елеңдейтін болдық. Әдебиетті де «хайп» деңгейіне апара алатын, «қоғамдық сахнаға» жарқыратып шығара алатын маркетолог, менеджерлер керек сияқты. Тұрысбек Сәукетаевтың «Мен жындымын» романының да потенциалы бар деп санаймын. Мен атаған екі роман кемінде 20 мың тиражбен сатылса, онда жас әдебиетшілерге үлкен есік ашылар еді.
Бұрын әдебиетке деген көзқарас басқаша болды. Ол кезде ойын-сауық түрінің бірі секілді, яғни фильм, сериал сияқты қабылдануы мүмкін. Біртіндеп теледидар пайда болды, қазір интернет бар. Интернеттің ішінде бәрі бар: шоу, клип, ән, күй, сериал, фильм… Осылардың фонында әдебиет қалай көрінеді? Тіпті көршілес Ресей елінде де көркем әдебиетке сұраныс азайып кеткен. Осы факторды да ескеру керек шығар.
Бақытбек Қадыр: – Қазіргі жазушылардың бұрынғылардан артық мүмкіндігі – әлемдік ақпаратты емін-еркін пайдалана алуында ғана. Ал есесіне бұрынғы кезде ел кітап оқитын еді, үкімет жазушылардың кітабын шығарып беріп, оған қаламақысын төлейтін. Бұрын цензура болса, оқырманда қызығушылық бар еді. Қазір цензура демократияның арқасында болмай отырған жоқ, технологияның мүмкіндігі мен ақпарат жылдамдығының арқасында болмай отыр. Қазір ештеңені тыйып, тоқтата алмайсың. Бәрі ашық. Сондықтан қанша жерден экспериментке барғанымызбен, айналып келгенде, прозаның әдеби көркемдік деген талғамына келеміз, адам жан түкпіріндегі рухани ләззат сонда жасырынып жататын шығар. Тіптен одан да басқасы.
Ал енді елді елең еткізетін шығармалар бар деп ойлаймын. Бір елең етесің де қоясың. Жақсы шығарма да көп. Бірақ таңғалдыратын шығарма жазылмай келеді. Мүмкін, таңғалу сезіміміз әлсіреген шығар.
Әлихан Жақсылық: – Ізденбейсіздер. Елең еткізетін шығармалар толып тұр. Сіздер тек жүлде алған, ағасына, көкесіне айтып «бас жүлде» алған қазақтың ең бишара шығармаларын оқисыздар. Сосын елең еткізе алмайды.
Тың тақырыптарға қазақ қаламгерлері барғанымен, оны оңай жаба салады. Себебі біз баяғы Мағауин мен Кекілбаевқа үйреніп қалғанбыз. Киіз үйді 48 бет суреттемесе, ол жазушыны оқымаймыз. Ал бүгінгі жастар керемет тақырыптарға барып жүр. Досхан жазып жүр, Бақытбек ауытқиды әлсіздеу, бірақ айналып-айналып маңызды идеяны айтады. Есбол жазып жүр, ұятсыздау жазады, бірақ жоқтан жақсы, эротикалық тұстары елең еткізеді. Досханнан және Арман Әділбектен жұртты да, әдебиет ортасында елең еткізетін шығармалар туатынына сенемін. Ал Есбол мен Бақытбектен үміт үзгенмін. Сондықтан ізденсеңіздер, шығармалар бар, әдеби жүлде алмаған шығармалар әлемдік деңгейдегі шығармалар деп ойлаймын.
Есбол Нұрахмет: – Осы жауапты қайталап айтудан әбден шаршадым. Ондай шығарма туу үшін жазушы шығармашылықпен кәсіби түрде айналысуы керек. Ал біздікі тек хобби деңгейінде ғана жүр. Оның басты себебі – өлеңмен, прозамен ақша таба алмайсың. Кітап сату, басу істері дұрыс жолға қойылмаған. Капиталистік қоғамда еңбек етіп, ақша таппасаң өзіңді, отбасыңды қалай асырайсың? Проза мен өлең саған бір тиын ақша әкелмейді. Күніне 10 сағат жалданып жұмыс істейсің, я журналист, я басқа бірдеңе болып. Ойың да, уайымың да содан аспаса, шығармашылыққа қайдағы уақыт? Егер газет-журнал, сайттар және баспалар толымды деңгейде қаламақы төлей бастаса, тек шығармашылыққа отыруға болар еді. Цензура жоқ деген сөздің өзі күлкілі. Ешбір жеке шығармашылыққа қолдау жасалмайды, есесіне кім жағымпаз, ол қанша халтурщик болса да, соны қолдай түседі. Кітабы да шығады, қаламақысын да береді. Енді келіп өңкей дарынсызды төбесінде тайраңдатып қойып, шын талантқа «сен неге жазбайсың» дегені қай мазақ?
— Биылғы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты беруде біраз әңгіме болды. Жазушылар арасынан Тынымбай Нұрмағамбетов басында ілінбей қалып, ақыры лауреаттар тізіміне енді. Оған жалпы оқырманның, елдің ықпалы да аз болған жоқ. Жалпы, Тынымбай Нұрмағамбетов шығармашылығы жайлы не айтасыздар?
Бақытбек Қадыр: – Тынымбай Нұрмағамбетов шығармалары табиғилығымен ұнайды. Сөз жоқ, классик жазушы. Қазақ оқырманы басқаны ұмытса да, Тынымбайды ұмытпас. Биылғы Мемлекеттік сыйлықтың 7-ші иегері болды. Меніңше, Тынымбай аға Мемлекеттік сыйлықты тағы да бір рет толыққанды алады деп ойлаймын.
Әлішер Рахат: – Мемлекеттік сыйлықты Тынымбай Нұрмағамбетов алғанда әдебиетшілердің бәрі қуанған шығар. Серік Ақсұңқар мен Роза Мұқанова да лайықты деп санаймын. Бақытжан Қанапияновтың шығармашылығымен алдағы уақытта танысамын деп ойлаймын. Ал Тынымбай Нұрмағамбетовтің образ жасауына қызығамын. «Көзілдірік» атты әңгімесіндегі жасөспірім баланың көрші ауылдағы басқа еркектің етегінен ұстап кете барған шешесін көріп, үнсіз тымырайып қалуы өте әсерлі. Баланың реніші… Бірақ артынша жанындағы досына бәрін ашық айтып жылауы сәл-пәл сәтсіздеу секілді көрінеді. Бұл менің оқырман ретіндегі пікірім. Онсыз да түсінікті әрі аянышты сезімді әсірелеп жібергендей көрінді. Ал «Періштелер өліміндегі» Шертайдың «ағалап» тұрған аңқылдақ мінезі есімнен кетпейді. Оның өлер алдындағы шыңғырған даусы… Маған Тынымбай Нұрмағамбетов осындай шеберлігімен ұнайды.
Есбол Нұрахмет: – Мемсыйлық Тынымбайдың арқасында аз да болсын мәртебесін қорғап қалды. Ал ол кісінің шығармашылығы қатты ұнайды. Несімен екенін айта алмаймын. Оны айту үшін арнайы мақала жазу керек. Бейімбет Майлиннің, Чеховтың, Шукшиннің, Мопассанның шығармасы қалай ұнаса, Тынымбайдыкі де солай ұнайды.
Әлихан Жақсылық: – Мемлекеттік сыйлықты кім алса да, мен қатты қуанамын. Мейлі, екі-ақ өлеңі бар ақын алса да, бір ғана әңгімесі бар жазушы алса да қатты қуанамын. Себебі бұл сыйлықтың түк құны жоқ. Шығармашылыққа берген баға емес. Әдебиет сыйлықпен өлшенбейді. Тынымбайға келетін болсақ, шығармашылығы, сөз жоқ, қазақ қаламгерлері қатарындағы әлем. Әдебиетке адал адам. Мен ол кісіден бір ауыз мәлімдеме күттім: «Мен, Тынымбай Нұрмағамбетов, Мемлекеттік сыйлықтан бас тарттым» деген. Сол кезде ол сыйлықтың түк құны болмай, қазақ әдебиетінің қандай деңгейде екенін көрсетер еді. Біздің шығармалар ондай бейшара сыйлық төңірегінде еместігін көрсетер еді. Бірақ жазушы ғой. Алса да Тынымбай, алмаса да Тынымбай. Ал бас тартса әдебиеттің ешқандай нәрсеге бас шұлғымайтынын дәлелдер едік. Шығармашылығы ұнайды, қатардағы қаламгер. Асып бара жатқан ештеңесі жоқ, сыйлық шығармасына лайық болсын.
- Шығармашылықтағы ұстанымдарыңыз жайлы айтсаңыздар.
Есбол Нұрахмет: – Ұстанымым – «қорықпа, ұялма». Адам жаны сан қатпарлы, тым терең. Әр адамда періштелік тазалықпен қатар, шайтани азғындық қатар жатады. Адам жаны осы екеуін толық қамтығанда ғана ашылады. Тек сүйкімді мораль жазып, қандай үлгілі адам дегізіп отыратын шығармалар ұнамайды. Керісінше, ең сүйікті адамның да ішкі қоқысын аямай ақтаратын батыл шығармалар ұнайды. Өзіңіз сұрағандай, шығармашылықтағы ұстаным осы.
Әлихан Жақсылық: – Шығармашылықта ұстанымым: өз шығармашылығымды түкке тұрғысыз әдеби жүлделерге қатыстырмау, түкке тұрғысыз сыйлықтардан саналы түрде бас тарту. Партиялық және қала, облыс көлеміндегі. Өйткені мен бір ұран төңірегінде жазғым келмейді. Тағы бір ұстаным: Құдайды араластырмау. Менің шығармаларымда Құдай жақсы бейнеде емес. Жаман да емес, қысқасы, жоқ. Өйткені Құдай араласқан шығарма – шығарма емес, уағыз.
Әлішер Рахат: –Шығармашылықтағы басты ұстанымым – образ жасау.
Бақытбек Қадыр: – Кәсібіме адал болуым және жақсы жазуым керек.