Біз алысқа бармаймыз...
Отыз жыл бойы Қазақстан билігі қазақ халқына «Қазақстан-2030», «Мәңгілік ел» сияқты мән-мағынасыз, нақты мақсатсыз бағдарламаларын тықпалап, адастырып келді.
Иә, біз көпұлтты қоғамбыз. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы біздің қоғамды да екіге жарып жатыр. Тура осыдан жүз жыл бұрын КСРО аумағындағы азамат соғысы кезінде бір отбасының ішіндегілер бірі ақты, бірі қызылды жақтап, ағасы інісіне, баласы әкесіне қарсы шыққандай жағдайға қазір Қазақстан тап болды, дейді қоғам қайраткері Асхат Асылбеков ZonaKZ интернет-газетіне берген сұхбатында.
Біріміз Украинаны қолдасақ, енді біріміз Ресей мен Путинді жақтаймыз. Екі қазақ бір-бірімен төбелесуге дайын. «Жаңа Қазақстан» құрмақ түгілі, қазір жалғыз Қазақстанымыздың тағдыры қыл үстінде тұр. Егер ертең сыртқы жау Қазақстанға шабуыл жасаса не болмақпыз? Халық үрейлі. Түрлі сұрақтар туындайды. Әскеріміз неге аз? 1997 жылы Қытайға жер бергеніміз неге халықпен талқыланған жоқ? Мұнай секторындағы кейбір нысандарымыз неге Ресей компанияларының меншігіне өтіп жатыр? Көптеген сұрақтар қаралы қаңтар оқиғасынан кейін туып отыр.
– Жалпы, Қазақстанның қазіргі жағдайы оңып тұрған жоқ. Өйткені Назарбаевтың ескі командасымен Жаңа Қазақстан құра қою мүмкін емес. Қаңтардан кейін Тоқаев батылдық таныта бастады. Енді ешқашан кетпейтіндей көрінген Маминді кетірдік, әйтеуір. Бірақ үкімет құрамы сол күйі, өзгерген түгі де жоқ. Вице-премьер премьер болды, бірнеше вице-министр министр болды. Азаматтық қоғамнан, халық арасынан шыққан ешкімді жауапты лауазымға тағайындаған жоқ. Қазақстанға ең пайдалы болатын мамандар халық арасынан шығады. Азаматтық қоғам өкілі мен биліктегі шенеуніктің айырмашылығы жер мен көктей. Бірінің иманы, ар-ұяты, көзқарасы бар, екіншісі арсыз, суайт, әділетсіз, имансыз, ашкөз, тойымсыз. Мың дипломы мен қанша жерден кәсіпқой маман болса да, қазақ халқына ондай жемқор қажет пе? Олардың қызметінің нәтижесін көрдік. Олар қара басының қамын ғана ойлайтын, есіл-дерті бюджетті қалай тонаудың жүйелерін ойлаумен ғана болатын адамдар екен. Бағдарлама ойлап тауып, оған миллиардтар бөлгізіп, оны игеріп алу ғана қолынан келетін. Ол ақшаның бір-екі тамшысы ғана қара халыққа тиеді. Халық мүлдем сенбейді билікке. «Жаңа Қазақстан» құру үшін Тоқаев билікте кеше-бүгін жүргендердің бәрін ауыстыруы керек. Кеден, ІІМ қызметкерлерінің құрамын екі-үш рет толық ауыстырып жіберген Саакашвили сияқты. Жастарды, жаңа кадрларды шақыру керек. Жастардың кадрлық резервіндегі 500 адамды ғана емес, орта жастағыларды да, бір кездері мемлекеттік органда жұмыс істеп, әділетсіз жүйенің арамзалармен сыйыспай, кетіп қалған аға буын өкілдерін де қайта тарту керек. Ары таза, дені дұрыс адамдардың әлеуетін пайдаланғанымыз жөн, егер олар мемлекеттік қызметке келуге көнсе, әрине. Отыз жылдағы бар жетістігіміз, мұнай айдайтын бір құбырға қарап отыр екенбіз. Біздің шенеуніктеріміз халықты ойламайды, олар осы кезге дейін өзге біреулердің жоспарын орындаумен ғана келді. Мұндай билікке кім сенеді?
Жаңа партияларды тіркеуге рұқсат береміз деп жатыр екен қазір. Оған да сенетін халық жоқ. Олар айналып келгенде, не олигархтардың ақшасымен құрылатын партиялар, не қайтсем де билікке жетсем, деп жанталасып жүрген жүзіқаралардың тірлігі. Азаматтық қоғам ешкімге сенбейді. Ал Фейсбукте шынайы ойын жазып жүрген, елдің, жері мен халқының тағдырына шын алаңдайтын, түрлі реформалардың бағдарламасын ұсынып жүрген белсенді азаматтар аз. Нигилизм белең алып барады. Қолын бір сілтеп, кетіп жатқандар да жоқемес. Украинаға қарсы соғыс бастаған Ресейді көрдік, енді ешкімге сенім жоқ, халықаралық құқығың құр сөз екенін өмір көрсетті. Қаңтар оқиғасы кезінде жоғары шенділеріміздің саботажы мен сатқындығын көрдік, сосын, халыққа қарсы асқан қатігездікті көрдік. Құқық пен заң сақталмайтын елдің бірі бізбіз. Фейсбуктегі сөзі үшін екі қазақты бес жылға соттапты өткенде. Ау, сонда Конституциядағы адамның өз ойы мен көзқарасын еркін білдіру құқығы қайда? «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика» деген идеялар ешкімді қанаттандырмайды. Екі-үшеуін ұстағаныңмен, заңсыз байыған олигархтар әлі жүр, елді тонап. Бізге тек әділетті қоғам құрып, халықтың қамын жасайтын мемлекет орнатудан басқа дұрыс жол жоқ. Мейлі, тіпті, көшеден жинап әкелсе де, билікке енді адал азаматтарды тарту керек. Баяғы ескі жемқорлар жаңадан жиналып алып, жаңа, адал Қазақстан құра алмайды. Қазіргі небір қаптаған кеңесшілер мен құлаққа сыбырлағыштар шындығында халықтың жауы. Елімізде «нормальный» адамдар әлі көп, Құдайға шүкір.
Әзірбайжан отыз жыл бұрынғы жеңілісінен сабақ алып, қабілетті армия құрып алды. Соның арқасында, Таулы Қарабақта жеңіске жетті. Балтық елдері Еуроодаққа кіріп, НАТО-ға мүше болды. Грузия Саакашвилидің арқасында, жемқорлықты түп-тамырымен жұлып тастады. Мұнайсыз-ақ экономикасының зор өсіміне қол жеткізді. Ал Қазақстан мен Ресей баяғы, ескі жолымен келеді. Кешегі партиялық номенклатурасы олигархатқа айналды, халқы сол баяғы кедейліктен көз ашпады, әділ сайлау өтпейді, қара халыққа билік берілмейді. Украинада, мысалы, президент пен әкімқара атаулының бәрі қарапайым адам сияқты кәдімгідей, халықпен бірге жүреді, күн сайын кез келгенмен ашық сөйлеседі. Ал сіз Көлгінов, Шөкеев пен Досаев сияқтылардың ешкімнен қашып-тығылмай, ашық жүргенін көрдіңіз бе? Есесіне, біздің билік басындағы кез келген тұлғаның шындығында, қандай адам екенін көшедегі таксист дәл мінездеп береді. Украинада соғыс болып жатса да, ақпаратқа мейлінше, еркіндік берілуде. Ал Ресейде бейбітшілікке шақыратын плакат ұстағанның бәрін соттап жатыр. Соғысқа қарсы сөз айтқанды 15 жылға соттайтын заң қабылдады. Бізде қорғаныс министрлігінің әскерінен ішкі істер министрлігінің әскері көп.
Тоқаевтың Қазақстанда конституциялық сотты қайтару туралы шешімін мен өте қатты қолдаймын. 1993 жылы Ресейде дағдарыс туындап, жоғарғы кеңес депутаттары Ельцинге импичмент жариялағанда, Ельцин танкімен парламент ғимаратын атқылады. Содан кейін конституциялық сот депутаттардікі дұрыс деп, Ельциннің импичментін заңды деп дәлелдеді. Қазақстан билігі соны көре сала, вице-президент лауазымын жойып, конституциялық сотты конституциялық кеңеске айналдырып жіберді. Марқұм Ерік Мағзұмұлы Асанбаев Қазақстанның бірінші және соңғы вице-президенті болды. Сосын, конституциялық сот сәйкессіздіктер мен олқылықтарға толы, демократиялық нормалардан теріс айналып кеткен Конституциямызды қалай қолдамақ? 1995-ші жылғы Конституциямызға 27 жылдың ішінде 1100-ден астам түзету енгіздік. Енді бізге не 93-ші жылғы Конституцияны қайтару керек, не сол Конституцияны сәл жетілдіріп, жаңа Конституция етіп, қайта қабылдау керек. Әйтпесе, бізде барлық азамат тең құқылы дей отырып, тұңғыш президент пен оның отбасы мүшелері туралы арнайы заң қатар жүр. Барлық азаматтар, президенттен бастап, аула сыпырушы мен таксистке дейін заң алдында бірдей болуы керек. Косметикалық жөндеу емес, енді демократияның негізін қалауымыз қажет. Онсыз ештеңе өзгермейді, – дейді Асхат Асылбеков.