Біз бақытты елде тұрады екенбіз...

Кеше ғана Токиода аяқталған олимпиададағы көрсеткішке көңіліміз түссе де, біз бақытты елде тұрады екенбіз.
Бір қызығы, бақытты елдің қатарында екенімізді өзіміз де білмей келген екенбіз.
Сарапшылардың айтқанына сенсек, Қазақстан бақытты өмір сүру деңгейі жағынан Ресей, Беларусь, Қырғызстаннан да озып кетіпті. Тек өзбектермен салыстырғанда ғана бақытсыз екенбіз. ТМД құрлығында басқа республикаларға қарағанда біздің қазақ жақсы өмір сүріп жатқан көрінеді. Тіпті әлемдегі 149 елдің ішінде бақытты өмір сүру деңгейі тұрғысынан 45-орынға көтеріліппіз. Осыдан бір жыл бұрын 50-орында болған екенбіз. Демек, біздің халықтың жағдайы жылдан-жылға жақсарып келе жатқан көрінеді.
Молдова, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Әзірбайжан, Түрікменстан, Беларусь, Ресей, Молдова елінің халқы біздің бақытты өмір сүріп жатқанымызға қызыға қарайды екен. Ал әлемдегі ең бақытты халық – Дания, Швейцария, Финляндия мемлекеті. Енді оған сенуге болар, бірақ Қазақстан халқы ТМД елдерінің ішіндегі ең бақытты өмір сүріп жатқан ұлт деу күлкілі, тіпті сенімсіз. Ал ең соңғы орында – Ауғанстан. Соңғы 40-50 жылда соғыстан көз ашпаған ауған жұртының бақытсыздығына сенуге болар. Ал Қазақстанды бақытты ету принципі қай тұрғыдан анықталды екен? Сөйтсек, әр тұрғынға шаққандағы жалпы ішкі өнім, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейі, азаматтық қоғамдағы бостандық, тұрақтылық, елдегі жемқорлық деңгейі, өмір сүру ұзақтығы, қауіпсіздік және тағы басқа критерийлер жөнінен көрсеткішіміз өте жақсы. Демек, біз бақытты елде өмір сүріп жатырмыз. Жемқорлық аз, жағдайымыз тәуір. Көршілеріміз, ТМД құрлығындағы басқа мемлекеттер біздің тұрмысымызға таңданып, тамсана қарайды екен. Қитұрқы саясаттағы сарапшылардың адам сенгісіз сан түрлі болжамы осындай.
Бұл – бұл ма, 2020 жылы өз өміріне қанағаттанатын қазақстандықтардың үлесі 63,5 пайызға жеткен екен. Ал 2021 жылдың наурыз айындағы көрсеткішке назар аударсақ, қалада тұратын қазақстандықтардың 76,6 пайызы өз өміріне риза кейіппен өмір сүріп жатыр. Ал ауылдағы ағайынның 61,8 пайызы бүгінгі таңда бақытты өмір сүреді. Ойпырмай, тіпті жұмыссыз жүрген азаматтардың 64,4 пайызының да өмірге өкпесі жоқ көрінеді.
… Не деген бақыт бұл!? Бақытты ел – Қазақстанда тұратынымызды неге осы уақытқа дейін өзіміз де білмей келгенбіз?!