Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:05, 25 Қыркүйек 2018

Біз еліктейтін ел – Жапония

– Батырхан Құрмансейітұлы, әрине, біраз жылдардан бері сіз мемлекеттік қызметте жүрсеңіз де, көпшілік сізді жапонтанушы ретінде жақсы біледі.
Күншығыс елінде білім алдыңыз, жұмыс істедіңіз. Жалпы жапон еліне, тіліне деген қызығушылық бала кезден басталған ба еді? – Жоқ, қайдағы бала кезден армандаған! Әлде, «әрине, туа сала сөйлеп едім» деп айта салғаным дұрыс па еді? Өзге түгіл өзің сенбейтін бірдеңелерді айта салатын қоғамда өмір сүріп жатырмыз ғой, «әңгіме қызық болсын, солай айт» десеңіз солай айтайын онда. Советтер заманындағы ауыл баласы шет тілін оқимын, шет елге барамын, дипломат боламын дегенді армандамақ түгіл түсінде де көре алмайтын ондайды. Арманның шырқау шегі «совхоздың директоры болам» деген еді ғой, оның өзін армандау үшін батырдың батылдығы керек болатын. Оның үстіне біздің бала кезімізде Жапония жаулас елдер қатарына жататын, барып көр енді ол елге.Ауылда өстім. Туған жерім – қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Амангелді ауылы. Мектептен кейін Алматыға келдім. Жаңадан тәуелсіздік алған еліміз басқа мемлекеттермен қарым-қатынастар орнатып, шет тілдерін оқытуға ден қоя бастаған кез. Соның ішінде жапон тілі де бар. Жасыратыны жоқ, ол кезде заңгер, қаржыгер сияқты «модадағы» мамандықтарға оқуға түсу өте қиын болатын. Көкең-жәкең болуы керек деген сияқты. Сондықтан, шамама қарап таңдаған мамандығым еді деп шынымды айтайын. Былайша айтқанда, өмір-өзеннің өзі қақпақылдап алып кете барды. Бүгінде тағдырымның осы жолды таңдап бергеніне разы боп жүрген жайым бар.Алайда, жапон тілін үйрену оңай болған жоқ. Мұғалім де жоқ, кітап та жоқ кез ғой. Жалпы жапон тілі өте қиын тілдердің қатарына жатады. Сосын ол кезде ақылдасып, тәжірибе бөлісетін адам да жоқ. Сондықтан оқуды бітіргендерінің біразы жапон тілін жақсы меңгеріп шықпады. Әйтеуір, диплом алу үшін жүргендер де болды. Бірақ, бір қуанарлығы, басқаларға қарағанда біздің факультеттің ұстаздары, ғалымдары өте мықты, адал болды. Емтихан, сынақ тапсырғанда тамыр-танысқа, ақшаға қарамайтын. Шетел көргендер мен шетелдік мамандарға «бірдеңе қып баға қойып бере салыңызшы» деген өтініш жүрмейтін. Шет тілін жақсы меңгеру үшін жатсаң-тұрсаң сөз жаттап, сөздік кітап сенің құраның болуы шарт. Өмірімді осыған арнадым деп бел бумасаң, бірер күнде есіңнен шығатын сөзді жаттап әуре болма. Тіл оқу – уақытпен саналатын сала емес, тіл оқу – өмірлік іс. Әлі күнге дейін күндіз қолымнан тастамайтыным, жатсам жастығымның астына салып жататыным сол сөздік.– Шетелдіктер өзбек, қырғыз, қазақтың түрін де, тілін де айыра алмайды ғой. Сол сияқты жапон, қытай, корей тілдерінде, жазуларында ұқсастық бар ма?– Осы сұрақ өте көп қойылады. Негізі орынды сұрақ. Кейде жапон тілінде сөйлесіп отырсаң, «қытайсың ба?» деп сұрап жатады. Негізі қытай мен жапон тілдері бір-бірінен мүлдем бөлек. Жапон тілі – алтай тілдерінің тобына жатады. Бірақ, 5-7 ғасырларда будда діні Жапонияға өткен кезде сонымен бірге Қытайдың иероглифтері де өткен. Үндістаннан шыққан будда діні материктік Қытайға, одан теңіз арқылы Жапонияға келген. Арасында Корея түбегі бар. Сөйтіп қытай жазуы дінмен бірге қосылып келді. Бірақ, сол кездегі жапон қоғамы Қытайдың дінін алғанмен өз тілі мен ділін сақтап қалу мақсатында Қытайдан дін үйретушілердің келуіне шектеу қояды. Бірақ, қытай иероглифтері жапон тілінің жазу негізін құрап үлгерген еді. Жапон тілінің бір қиындығы бұрыннан келе жатқан қытай иероглифтері де бар, өздерінің тілдеріне сәйкестендіріліп оқитын иероглифтері де бар, одан бөлек екі түрлі әліпбилері тағы бар. «Кәрістер сияқты иероглифтерді алып тастап, өздерінің алфавиттерімен-ақ жаза берсе болмай ма» деп көп айтылады, ондай ойлар жапондардың өздерінде де болған. Бірақ, ұқсас сөздер, синонимдер өте көп кездесетін жапон тілінде иероглифтер өте ыңғайлы. Иероглиф дегеніміз өз алдында бір картина, сурет. Ненің не екенін сол суретке қарап танисың. Яғни, қытай мен жапон тілдерінің жазуы ұқсас болғанымен айтылуы орыс пен қазақ тілдері сияқты мүлдем бөлек. Қазақ тілін де орыс алфавитімен жазып жүрміз ғой. Кәрістер де қытайдың иероглифтерін алған, бірақ, оқылуы да, айтылуы да бір-бірінен мүлдем бөлек тілдер. Осылай қысқаша қайырайық.–Яғни, жапонның тілін де, жазуын да үйрену оңай емес дейсіз ғой... – Иә, солай. Жалпы, қай шет тілі болмасын, өз тілің болмаған соң оны оқу оңай емес. Бірақ, тіл оқудың қызығына кіріп кетсең сол қызығынан шыға алмай, өзің үшін бір өмірлік іс тауып аласың. Қиын десең – қиын, қызық десең –  қызық іс.  – Алматы мен Мәскеудегі студенттер арасындағы жапон тілінен өткен шешендік сайыстарда тарихта алғаш рет, кейінірек Токиодағы дипломаттар арасындағы конкурстарда да алғаш рет екі мәрте бас жүлдені жеңіп алғаныңыз айтылып жүр. – Иә, ол рас, мен туралы сөз бола қалса, содан басқа айтатын нәрсе жоқтай, ол туралы айтылып та жүр, өзім де жазып жүрмін. Шынымды айтсам, осы жолы сөз болмай-ақ қойса деп емес. Бірақ, айтып қалдыңыз, онда мен бір ауыз сөз қосайын. Оның айтылуында өзінше бір себеп бар. Мәселенің бәрі мына «тарихта алғаш рет» дегенде жатыр.Шет тілін өз елімізде меңгеріп, шет елдерге оқуға шығып жатқан жастардың көбеюі оған дейін шет тілдерін тек ресейлік оқу орындарында ғана оқу мүмкін болған жүйеден шығып, дербес оқыту жүйесі қалыптасып келе жатқан жас мемлекетіміздің, тәуелсіздігіміздің бір нышаны ретіне қабылданған еді.Мәскеудегі сол күні Мәскеу мемлекеттік университетіне қарасты Азия және Африка институтының ректоры, әйгілі тюрколог ғалым Мейер мырзаның «Мәселе бірінші орында емес, алып жүр ғой студенттеріміз үнемі бірінші орынды. Мәселе Жапонияға баратын жолдамада да емес, біздің студенттеріміз Жапонияға жиі барып кеп, тәжірибе алмасып жүр. Сонда тұрып келген дипломаттардың да балалары бар арасында тіпті. Мәселе, тәуелсіздігін алған Қазақстан шығыс тілдерін оқытатын факультет ашып, дербес оқыту жүйесін қалыптастырып, бізбен таласатын деңгейге жете бастағанында» дегені әлі есімде.Шынында тәуелсіз ел атанған соң Шығыстану факультетінің тынысы ашылды. Осы факультетті бітірген жастардың көбісі шетел асып, еліміздің атын танытып жүр. Факультетіміздің түлектері арасынан бірнеше елші шығып, біразы Азия және Африка мемлекеттеріндегі біздің елшіліктерде дипломат болып қызмет атқарып жүрсе, ұстаз боп ұлы іспен айналысып жүргендер, ғалым боп ғылым қуып жүргендер, тілмаш, аудармашы боп елмен елді табыстырып жүргендер аз емес. Ал ол кезде бұндай үрдіс енді басталып келе жатқан еді. Сондықтан шығар кейде мен туралы солай айтылып жататыны. Өз басым солай қабылдаймын.– Жапонияда білім алыпсыз. Ол жақта оқудың қандай ерекшелігі бар? – Киото университетінде тілдік тағылымдамадан өттім. Бұл Жапониядағы ең әйгілі, мықты оқу орындарының бірі. Ғылыми элитаның ордасы. Киото университетінің бір ерекшелігі – басқалармен салыстырғанда студенттерге еркіндік көп беріледі екен. Шығармашылық, ғылыми ойы еркін болсын деген мақсат. Ғылым деген шығармашылық жұмыс емес пе? Ал шығармашылық шабытты шеңбердің ішіне қамап қойып, белгілі бір уақыттың ішінде «бол да бол» деп мәжбүрлеуге болмайды. Меніңше, Жапонияда ғалымдардың көп шығатыны сол «еркіндіктен» деп ойлаймын. Студенттер үшін өзіңнің зерттеуіңе қажетті кітаптарды оқып, өзіңе қажетті лекцияларды тыңдауға мүмкіндіктер молынан жасалған.– Қазір интернеттің заманы. Жапония туралы білгің келсе, сол ғаламтордан талай дүниелерді оқуға болады. Дегенменде жапондар туралы аңызға бергісіз әңгімелер өте көп. Оның көпшілігі жапондардың ғылымдағы жетістіктеріне байланысты айтылады… – Шынында біздің қазақ интелегенциясы жапон ұлты, елі туралы ешқашан жаман айтпайды. Қазақтар жапонды жақсы көреді. Кешегі совет одағы ол елді қаншама жау деп көрсетсе де, қазақтың жапонға деген құрметі бөлек. Бірақ, кейде асыра сілтеп мақтап жіберетініміз де жасырын емес. Көпшіліктің әңгімесіне қарасаңыз, ең ақылды ұлт жапон болып шығады, ауырмайтын ұлт та жапон. Бала тәрбиелеу жағынан да үлгі болады. Бұл мүлдем олай емес. Барлық халықтың адамдары бір-біріне ұқсас. Армандары да ұқсас. Ауырмасам екен, жақсы оқысам екен, жақсы жұмыс істеп, көп табыс тапсам екен, жақсы үйде тұрсам, жақсы көлік мінсем екен, жақсы бала тәрбиелесем екен деген арман. Бірақ, сол арман, мақсатқа жетудің жолы әр қилы. Совет одағының жетегінде кетпес үшін Жапонияға соғыстан кейін Америка өте көп көмек берді. Коммунистер Қытайдан өтіп, Кореяға дейін кеп қалды. Иә, Жапония соғыста жеңілді. Бірақ, жеңілдім екен деп орыстардың алдына тізерлеп жығылған жоқ. Елдің экономикасын дамытудың түрлі жолдарын іздеді. Тіпті «Егер Америка тұрмысымыздың түзелуіне көмектеспесе, қираған дүниелерімізді бүтіндеп бермесе, онда амал жоқ, коммунистерге қосыламыз» деген де талап қойған. Америка әрине, оған жібергісі келмеді. Сөйтіп, технологиясын да, техникасын да берген, оқуға шақырып, ғылыми жетістіктерін көрсеткен, қаржы бөлген. Осылайша небәрі бірнеше жылдың ішінде АҚШ-тың ең жақын досы, одақтасы болып шыға келді. Негізі түбі мықты халық қой. Мынаған қараңызшы, Азияда Еуропа мемлекеттерінің бодандығында, яғни, коллониясы болмаған бір-екі-ақ мемлекет бар. Оның бірі Тайланд болса, екіншісі осы Жапония. Тайландтың өзі кейіннен Жапонияның коллониясы болып кетті. Иә, тағы бір мемлекет бар, ол – Ауғанстан. Кезінде патшалық Ресей Тәжікстанға дейін, Англияның әскері Үндістанға дейін келіп, екеуі ортадағы Ауғанстанды «буферная зона» қылып қалдырған. «Екеуміздің арамызды бөліп тұратын, аяқ баспайтын жеріміз болсын, бір-бірімізге жақындамайық» деген келісімге келіп, ауған елін арада ұстаған. Сондықтан Еуропа елдеріне берілмеген, берілмек түгілі төңірегінде елді «еуропалықтар басып алғанша өзім жаулап алайын» деп, көрші елдерге басып алып, бағындырып алған да осы Жапония. Бір қызығы, бұл ел екінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып соғыста жеңіліп бітетінін білген.– Ол қалай сонда? Жеңілетінін біліп тұрса да отқа қойып кеткен бе?– Иә, біліп тұрып сондай қадамға барған. Біреудің қол астына бодан боп кіргенше, соғысып өлейік деген бірбеткейлік. Әйтпесе, Америкаға күші жетпейтінін, Қытайды басып алғанымен оны игере алмайтынын, орыспен соғысып, алысқа бармайтынын алдын-ала білген. Ешқандай халықтың басына салмасын, бірақ, жеңілетінін біліп тұрып соғысқан деген жағдай осы жапон тарихында болған. Бірақ, экономикасы есін тез жинады. Жапония соғыстан кейін Американың қолдауымен білім-ғылымға күш салып, елді дамытып, 1964 жылы Азияда алғаш болып Олимпиада ойындарын өткізді. Яғни, соғыстан кейін жиырма жылға жетер-жетпес уақытта бүкіл елді Токио олимпиадасына шақырды. Бұл кезде Жапония даму жағынан Америкадан кейін екінші ел болып үлгерген еді. Ал, соғыста жеңген Совет Одағы жер шарының алтыдан бірін алып, жер асты байлығы өте мол болса да экономика жағынан Жапонияның шаңына да ілесе алмай қалды. Тіпті, аждаһа Қытайың да бәсекелес бола алмады. Бүкіл Еуропа Жапонияның дамыған экономикасына таң қалып жатты. Американың қаржысы, білімі мен ғылымы жапон ұлтының еңбекқор, ізденімпаз, намысшыл мінезіне жүдә жақсы келді. Мүдделері бір арнада тоғысқан АҚШ жапондардың қолына ендігәрі қару ұстатпайық деген шешімге келген. «Біз қалай өзімізді қорғаймыз жан-жағымыз жау болса?» деген Жапонияға АҚШ басшылығы «Біз өз штаттарымызды қалай қорғайтын болсақ, Жапонияны да солай қорғаймыз» деп Жапонияны құдды бір өз елінің бір штаты сияқты айтқан сөзі бар. Бұл әрине, достық ниетпен айтылған сөз, дегенмен, жапондардың намысына тимей қоймағаны жасырын емес. Сондықтан бұл ел бюджеттік қаржыны қару-жараққа емес, білім мен ғылым, техника мен технологияларға жұмсайды.Жапония қазір әлемдегі ең бейбіт, ең бейбітқұмар елдердің бірі. Жапондар жан-жағындағы елдердің барлығы бай болғанын қалайды. Өйткені, бұл елден шығып жатқан техникаларды сатып алу үшін қаржы керек. Кедей мемлекеттер бағасы қымбат жапондық заттарды сатып ала алмайды. Жасыратыны жоқ, қазір Жапония телевизор мен ұялы телефон шығарудан кәрістерден кейін қалды. Өйткені, жапондар дамудың ол деңгейінен өтіп кеткен. Олар үшін әлем нарығында телевизор, ұялы телефон сату қызық емес. Өздерінің ішкі нарығы өте үлкен, 128 миллион халық тұрады. Сондықтан бұл елге бай мемлекеттер керек. Мысалы, Жапонияның атақты «Тойота Ландкрузер» деген көлігін кім көп сатып алады дейсіз? Жапондардың өздері бұл көлікті мінбейді. Кәрістер де мінбейді. Бұл көлікті ең көп мінетіндер – арабтар. Қай елде болса да мұнай-газбен айналысатындардың барлығы дерлік осы көлікке құмар. Атыраудағы мұнайшыларға қараңыз, барлығы осы көлікті тізгіндеп жүр. Мұнайшы болмасам да, мен өзім де осы көлікке мініп жүрмін.– Президент Н.Назарбаевтың Жапонияға жасаған сапары кезінде аудармашылық қызмет атқарғаныңызды білеміз. – Жапониядан қайтып, оқу бітірген соң алдымен Алматыда жапондармен жұмыс істеп, «Қазақстан-Жапония адами ресуртарын дамыту орталығын» құруға атсалыстым, одан кейін алғаш рет жапондық энергия үнемдейтін газ турбинасын Оралға алып келу жобасына қатысып, тілімді пайдаланып жұмыс істеп жүргегімде жапон тілін үйреткен ұстазым Қазақстанның Жапониядағы елші қызметіне тағайындалып, мені де Сыртқы істер министрлігіне қызметке шақырды.Сол жылы жазда президент Н. Назарбаев Жапонияға ресми сапармен барып, сапар барысындағы жоғары және биік деңгейлердегі кездесулер мен келіссөздерде мен аудармашы болдым. Оның алдында да президент жапон елінің өкілдерімен кездескен кезде екі жақтың сөздерін аударып жүрдім. Бірақ, олар ресми келіссөздер емес, жұмыс барысындағы кездесулер болатын. Сол сапардан кейін мені Жапониядағы Қазақстан елшілігіне жұмысқа шақырды. Елшілікке екінші хатшы боп барып, бірінші хатшы, кейіннен кеңесші, кеңесші уәкіл, елшінің орынбасары қызметтерін атқарып, елге 2014 жылы президент әкімшілігіне ауыстым.Қазір әлем экономикасының алпыз процентке жуығы Азияның үлесінде екені белгілі. Бұдан кейін бұл үлес көбейе береді. Соның ішінде Шығыс Азия, яғни, Жапония, Корея және Қытай елдерінің алатын орны бөлек. Сондықтан бұл үш елмен бірігіп жұмыс істеу экономикамыздың барлық салаларында басты орында тұруы тиіс. Сондықтан «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына ауысып, Қазақстан мен Жапония үкіметтері мен жеке секторлары арасындағы әріптестік комиссиясы арасындағы экономикалық комитеттің төрағасы міндетін атқардым. Дәл сол кезде Астана ЭКСПО көрмесіне дайындық жұмыстары жүріп жатты. Жапондардың осынау халықаралық көрмеге белсене қатысуына күш салдық. Орайы келгенде айта кетейік, Астанадағы ЭКСПО-ға қатысқан барлық елдердің арасында тек Жапония елінің ғана көрмесінің ресми таныстырылу тілі қазақ тілі болып, ағылшын мен орыс тілдері қосымша аударма тілдері болды. Бұндай шешім қабылдаған жапон үкіметіне ризашылығымды білдіріп, менің осы ұсынысымды қабыл алған жапондық ұйымдарға тағы да бір алғыс айтып қою артық болмас.– Астанада жайлы қызметте жүрген басшылар аймақтағы төмендеу қызметке оңайлықпен бармайтыны анық. Сіз қалайша Астананы Шымкентке айырбастап кеттіңіз?– Иә, 2016 жылдың күзінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып Жансейіт Түймебаев тағайындалды. Әр әкімнің ең басты міндетінің бірі облысқа шетелдік инвестиция мен шетелдік кәсіпкерлерді тарту, сондықтан шетелде көрген-білгенімізді туған жерімізге енгізіп көрейік, оның ішінде қолымыздан келсе облысымызға жапондық инвесторлар тартайық деген ойдан облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы қызметіне тағайындалдым.– Қазір қандай қызметтесіз? – Қазір Жансейіт Қансейітұлының кеңесшісімін.– Басқарма басшысы боп жүрген кезде Фейсбуктағы парақшаңызға былай беп жазыпсыз. «Бүгін әдеттегідей сағат 10-да үкіметтің селекторлық отырысы. Соған байланысты басшылық сағат 9-да жиналыс жасауды ұйғарды. Ал сол жиналысқа дайындалайық деп өзіміз сағат 8-де жиналыс өткізіп жатырмыз» деп… Әдетте мемлекеттік қызметкерлер өз жұмысы жайлы өте сақ сөйлейді. Осындай батыл пікірлеріңіз өзіңізге кесірі тиген жоқ па?– Негізі бұл батыл айтылған деп бағалайтын нәрсе емес. ФБ деген өзіңнің жеке ойыңды айтып тұратын әлеуметтік желі ғой. Бұл бір жағы үкіметтің отырысына қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынымыздың бір белгісі. Сағат 10-да болатын үкімет отырысына алдын-ала бір сағат бұрын жиналып, «үкіметте не сұрап қалуы мүмкін?» деген мәселелерді талқылаймыз. Дайындықсыз отырмайсың ғой. Енді облыс әкіміне мәселені баяндау үшін бір сағат бұрын өзіміз дайындалып алмаймыз ба? Соны айтқан түрім ғой.– Дегенменде жиналыстардың көп екенін де астарлап айтқыңыз келген сияқты...– Иә, ол да бар. Шыны керек, жиналыстар өте көп. Таңертең жиналыс жасап, түс қайта қайтадан жинала бастаймыз. Ешкімнің әлі ой түйіп, бір шешімге келетіндей уақыты да болған жоқ. Біз осы қайда асығып бара жатқанымызды білмеймін. Әйтеуір, өте асығыспыз. Асығамыз деп көп жұмысымызды апыл-ғұпыл жасап жүрміз. Өз басым әрнәрсені байсалды ойлаған дұрыс деп ойлаймын. Біз бүгінгі жиналыста мына мәселелерді істейміз дейміз, ертеңгі  жиналыста оны тағы өзгертіп тастаймыз. Таңертең тапсырма беріп, кешке оның нәтижесін сұраймыз. Соған көбіміз көнеміз. Тапсырма орындалмаса ұрсып-сөгіп қояды дейміз. Осындайға әбден етіміз үйреніп кеткен. Әрине, әр адамның өз намысы бар. Бірақ, сөз есту намысқа тиюден қалған сияқты. Бала кезіміздегі күнде ұрсып жүрген әке-шешеміздің сөзі сияқты сезінеміз. Шешеміздің күнделікті күңкілдерін тыңдамаймыз, әкеміздің айында-жылында белдікпен бір сабағанда ғана бақырып-шақырып қорқушы едік қой. Меніңше мемлекеттік қызмет болсын, ғылым саласы болсын, тек тұқырта бергеннен ешқандай нәтиже шықпайды. Адамдар алдауға, өтірік айтуға жиі барып жүргені жасырын емес. Әйтеуір, «кемшіліктерді айтпасам екен», «қағаз бетінде жазып бергендерім басшыға ұнаса екен», «жиналыс осымен бітсе екен» деп ойлайды көбісі. Бұл болмайды. Жан-жағымызға қарап, ойлануымыз керек. Кімді алдап жүрміз? Шынын айту керек, өзімізді-өзіміз алдап жүрміз. Мемлекеттік қызмет болсын, жеке сектор болсын, барлық деңгейдегі менеджердерді болашақ басқару жүйесінің қалай болатынын қазірден білуге шақырар едім. Мысалы, жиналыстардан қол босағанда американдық Фредерик Лалудың дамыған мемлекеттерде бестселлер болып миллиондап сатылып жатқан «Болашақ мекемелер» атты кітабын оқып шығуды ұсынар едім. Болашақта мықты мекемелерде басшы деген болмайды, басшының төрағалығымен өтетін жиналыс деген болмайды, барлық шешім тек сол жұмысты атқаратын қызметкерлердің ортақ пікірінің негізінде ғана қабылданатын болады. Ал сол үшін барлық қызметкерлерде ойлануға және шынайы жұмыс жасау үшін өз уақыты өзіне тиесілі болады, Big Data-дағы ақпаратты жасанды интелект зерделеп, одан шыққан тапсырманы компьютерлер мен роботтар атқаратын болады. Немістер төртінші индустриялдық революцияны бастап, әлемге жаға стандарттар ұсынып жатса, жапондар болашақтың жаңа қоғамы 5.0 Қоғамын құрмақшы, ал американдықтар ондай жаңа қоғамды құру үшін ең алдымен басқару жүйесін соған үйлестіріп өзгерту керек екенін алға тарпып отыр. Әлем енді өзгере береді, ондай үрдістен қалып қойсақ, сол баяғы «үстел ұрып, ұрсып алуды» басты міндеп деп ұққан «хозяйственник» дегенді өміріне місе тұтқан совхоздың директоры деңгейінде қалып қоя береміз. Әрине, әркімнің өз пікірі, өз шешімі бар, дәл мына менің ақылымды қажет қылар адам бар деп ойламаймын. Дегенмен, еліміз дейтініміз рас болса, ертеңімізді ойлап жүргеніміз өтірік болмаса, бүгін өзіміз өзгеруіміз қажет.– Жапонияда бұл жағдай қалай?– Жасыратыны жоқ, жапондарда да жиналыс көп. Оларда да осындай проблема бар. Бірақ, оларда ел басқа, экономиканың негізі басқа ғой. Ол елде экономиканың дамуын қамтамасыз етіп отырғандар негізінен жеке компаниялар. «Тойота» компаниясының өзі жекеменшік. Әрине, мемлекет көмек көрсетеді, жағдай жасайды. Бірақ, жеке компаниялардың акцияларының барлығы халықтың қолында. Яғни, әрбір акционерлік қоғамның артында халық тұр. Ал, біздің елде компаниялардың көбісі мемлекеттің қарамағында. Көбісі мұнай, темір, көмір сияқты жер асты байлығын сатып отырған компаниялар. Мұнайдың бағасы түсіп кетсе, «пайдамыз аз» дейді, мұнайдың бағасы көтерілсе, «пайдамыз шаш-етектен» деп мақтанады. Яғни, бұл компания басшыларының өкінетін де, қуанатын да жағдайы шамалы. Мұнайдың бағасы түсіп кетті, жалғыз компанияның басшысының қолынан не келеді? Енді мұнайдың бағасы көтеріліп кетті. Бірақ, неге мақтанады, мен соны түсінбей-ақ қойдым. «Біздің компания осыншама пайда тапты» деп мақтанады. Ол компанияның басшылығында кім отырса да сондай пайда табар еді.– Сонда жапон елінде халық акционерлік қоғамдарға билігін жүргізе ме?– Дәл солай. Жапониядағы кәсіпорындардың акциясы халықтың қолында болғандықтан басшылық үнемі солардың алдында жауап беруіне тура келеді. Халықтың ақшасын алып отырғандықтан кәсіпорын басшылары жыл сайын бір-екі мәрте міндетті түрде акционерлерді жинап есеп береді. «Мына қаржыны мына жұмыстарға жұмсадық, келесі жылғы жоспарымыз мынау, пәлен көлемде пайда табамыз» деп. Акционерлерге басшының жұмысы ұнамаса, «орынды босат» деген талап қоя алады. «Біз акциямыздан дивидент ала алмайтын сияқтымыз, ренжіме, сені ауыстырайық» дейді. «Біз мынандай жобаларды қолға алып жатырмыз, осыған ақша салсаңыздар, алдағы уақытта пәлен көлемде пайда көреміз, оның пәлен бөлігі сіздің есебіңізге түседі» деп кәсіпорын басшылары халыққа уәде береді. Халық оның уәдесін қатаң бақылап отырады. «Мен пәлен кәсіпорынның акциясын сатып алайын деп отыр едім, сендер «бізден кетпе, бәрі жақсы болады» деп көндірдіңдер, енді қайда сол пайдамыз?» деп, міндет етеді. Міне, осындай талап болмаса, жұмыстың жүруі қиын. Сондықтан жапон басшыларының жұмыс істеу тәсілі, ойлау өрісі мүлдем бөлек. Тамыр-таныс, ағайындық деген жүрмейді. Халық ақша салып отырғандықтан пайда табу үшін кәсіпорын басшыларының жұмысын сәт сайын қадағалап, көп нәрсені талап етеді.Міне, осындай қоғам құра білуіміз керек. Мал шаруашылығымен айналысып жүріп, малшың жақсы болмаса, мал басы көбеймейді. Сен қанша жақсы бол, сен қанша мықты бол, қаншама қаржы сал, хан сарайындай қора салып бер, жем-шөбін дайындап бер, малға қарайтын адам дұрыс болмаса, іс оңға баспайды. Яғни, бізге сөзімен емес, ісімен үлгі болатын жақсы менеджерлер дайындау қажет.– Дегенменде қазіргі заманда басқарма басшысы болуға жүгіріп жүргендер көп...– Айтайын деп тұрған ойыңызды түсіндім. Мемлекеттік қызметтің де түр-түрі бар. Бірақ, мемлекеттік қызметтің қай қиырында жүрсем де, жұмысым Жапонияға байланысты болса екен деген ойым болды. Себебі, осы күнге дейін оқыған-тоқығанымды, көрген-білгенімді күнделікті жұмысыма пайдалана алмасам, онда осы кезге дейін жүрген жолымды өзім кесіп тастағандай болмаймын ба? Шыны керек, Оңтүстік Қазақстан облысында менің Жапониядағы алған білімімді, жинаған тәжірибемді пайдалану өте қиын. Жоспар өте көп, бірақ, ыңғайын келтіру қиын болды. Негізі бізде басқару жүйесі басқаша. Әрине, Оңтүстікте басқарма басшысы болғаныма еш өкінбеймін. Көп адамдармен араластым, көптеген тәжірие жинақтадым. Маған қызметті сеніп тапсырған облыс басшысынан бастап, қолдау көрсеткен, тілеулес болған азаматтардың барлығына мың алғыс. Енді бастап қойған істерімізді ары қарай жалғастырамыз. Оны жалғастыру үшін кәсіпкерлік басқармасының басшысы болып отыру міндетті емес. Кәсіпкерлермен тікелей жұмыс істей беремін. Бір жағы ертеңгі күні өз жобаларымды іске асырып жатсам, шетелдіктерді өзі алып келіп, өзі қолдап, өзі жүгіріп жүр деген елдің сөзіне де қаламын ба деп те ойладым. Елден алыс кетпейміз. Қызмет талап етіп жатса, басшылық шешіп жатса, көріп-білгеніміз пайдаға асатын болса қай мекемеде болмасын қызмет етуге дайынмын.– Екі елде де жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадыңыз. Қандай ой түйдіңіз?–  Әзірге ой түйгенім, әрбір аймақта дамыған елдердің жұмыс істеу тәсілдерін батыл түрде енгізу қажет. Қазақ ежелден мал шаруашылығымен айналысқандықтан, осы саланың тасын өрге домалатқымыз келеді. Біз шынында осы саланы дамытқымыз келетін болса, сөзді қойып сол іспен шындап шұғылдануымыз керек. Ал біздің қой да баққымыз келеді, компьютер шығарғымыз да келеді. Көп мемлекеттер өздерінің даму бағыттарын айқындап алады. Ол жол саласы ма, жоқ, көлік пе, әлде, ауылшаруашылығы ма, нақты біліп алады. Яғни, бір саланы таңдап алып, басқа ешкім істей алмайтындай жағдай жасайды. Қазір әлемдік тәжірибеде «бәрін бірдей істеймін, барлық саланы бірдей алып жүремін» деген қағида қалған. Бәріне бірдей күш жетпейді. Мысалы, кезінде Жапония ғалымдары жаңа технологияны енгізуге белсеніп кірісті де, кеме жасау саласын кәрістерге беріп қойды. Сөйтіп, көлік жасау ісіне шын ықыласпен кірісті. Қазір «Тойота» компаниясы жылына он миллион көлік шығарады. Бұл көлік шығару саласын үкімет, халық болып бірігіп қолға алғаннан мүмкін болып отыр. Бизнес алға басу үшін ең алдымен мықты бәсекелес керек. «Тойотаның» мықты болуына тура қасында отырған «Ниссан», «Хонда», «Субару», «Мазда», «Мицубиси», «Сузукидің» көп септігі тиді. Яғни, өз елінде қаншама бәсекелес бар, «Тойота» солардан қалмайын деп мықты компания болды. Ендеше нағыз бәсекелестік таза жерде ғана болады. Парақорлық, жеңұшымен жалғасу, тамыр-таныстық болған жерде ешқашан мықты бәсекелестік болмайды. Ондай жағдайда осыдан жиырма жыл бұрын қандай болдық, кейін де сол деңгейде жүре беруіміз мүмкін. Ауылымызды көріп жүрміз. Туған ауылымның тыныс-тіршілігі өзіме бала кезден аян. Әрине, жол жаңарған. Жаңа үйлер салынған. Бірақ, тұрмыстың негізі өзгермеген. Сол әлі екі сиыр, сол сүт пен сол айран, сол нан, сол табыс, сол күнкөріс. Ол дәмді, одан артық дәмді не бар, оны мойындаймын. Бірақ, қашанғы бұлай күн көруге болады?– Біздің ел де жастардың білім алуына жағдай жасап отыр ғой. Болашақ солардың қолында емес пе?– Иә, ол да бар, бірақ, қазір жақсы оқыған жастардың көбісі шетелге кетіп қалады. Біз ауылда өстік. Қара шаңырақтың қасиетін білеміз. Алыс кетсек, ауылды, туған үйімізді сағынамыз. Қазіргі балалар да ортақ қара шаңырақ деген түсінік жоқ. Мысалы, менің үш балам үш пәтерде туылды. Біреуі Алматыда, біреуі Токиода, біреуі Астанада дүниеге келді. Сондықтан олар қара шаңырақ, туған жер, кіндік қаным тамған жер дегенді жақсы түсіне бермейді. Қазіргі жастар үшін Нью-Йоркте тұрасың ба, Делиде тұрасың ба, жоқ, Шымкентте тұрасың ба, бәрібір боп қалды. Жақсы жұмыс табылып, тұрмысы дұрыс болса болды. Кешегі совет заманы адамдары мен шетел адамдарының таным-түсінігі жер мен көктей еді ғой. Ал қазіргі жастардың ойлары бірдей. Компьютері де, ойыншығы да, көретін кино, жейтін тамағы, киімі де бірдей. Сондықтан олар бір-бірін шетелдік деп санамайды. Бәрі бір елде өсіп, бір тілде білім алып келе жатқан сияқты. Тіл білсе, Қытай, Жапония, АҚШ-қа кетіп қалу түк емес. Сондықтан өз елімізде өз жастарымызға жағдай жасап, жұмыс тауып бермесек, болашақта бәрін жоғалтуымыз мүмкін.– Ел ішінде Оңтүстіктің бизнесін мақтайды. Халқы еңбекқор, тірлікке икемді, пысық деп жатады. Осы өңірдің кәсіпкерлік саласына жетекшілік жасадыңыз… – Шынында Оңтүстік халқының еті тірі, тірлікке икемді. Салыстырмалы түрде алғанда бұған көрші Өзбекстанның да көп ықпалы бар. Өзбектер одан өткен пысық қой. Оңтүстік халқының жиырма проценті осы өз-ағамдар құрайды ғой деймін. Бұл да бәсекелестік. Жергілікті халық тірлікте олардан қалғысы келмейді. Сосын Оңтүстікте халық көп. Көп болғаннан кейін кез-келген тауарға сұраныс бар. Нан пісірсең де, такси айдасаң да, тұтынушы, көлігіңе мінетін адам табылады. Оңтүстіктің халқы пысық, солтүстіктің адамдары жалқау деп те айтып жатады. Бірақ, сол жалқаулықтан да емес қой деп ойлаймын. Солтүстіктің адамы өте пысық боламын деп сауда-саттықпен айналысуы мүмкін, бірақ, тұтынушы аз болса не істейді? Әрине, содан кейін жалқау деп ойлаймыз. Яғни, жеріміздің кеңдігін тиімді пайдалануымыз қажет. Осыдан кейін біздің ел негізінен ауылшаруашылығына күш салуы керек шығар деп те ойлаймын. Міндетті түрде бәріміз малшы, қойшы болып кетудің қажеті жоқ. Оған да жаңа технология керек. Оған да білім мен ғылым керек. Малды асылдандыру, сапалы жем-шөп дайындау, басқа да мәселелерде озық технология қажет. Сапасыз малдың басын көбейте бергеннен еш ұтпаймыз. Қысқасы, адамдар заманға сай бейімделуі қажет.– Қазір заманға қарай бизнестің түрі де өзгеріп бара жатқан жоқ па?– Иә, дұрыс айтасыз. Әлемнің ең алғашқы миллиардері «Стандарт ойл» компаниясының қожайыны Дэвид Рокфеллер болды. Ол мұнай мен газ саудасының арқасында осындай байлыққа қол жеткізді. Одан кейін банкир, ресторан мен қонақ үйлердің желісін жасаушылар байыды. Бертін келе заман өзгеріп, компьютер шығаратындардың қолы жүрді. Мысалыға, әлемге әйгілі Билл Гейтс. Одан компьютердің бағдарламасын жасайтындар байи бастады.  Қазір бәрінен озып, 150 миллиард доллары бар, әлемдегі ең бай адам «Амаzоn» компаниясының негізін салушы Джефф Безос. Интернетті пайдаланып, сауда жасап отыр. Бұрын-соңды мұндай жағдай өмірде болмаған. Ешқандай мұнай-газ, мал, қонақ үй, ресторан мұндай табыс берген емес. Мұның бәрі білімнің арқасында кеп отыр. Қытайдың да ең бай миллиардері Джек Ма да осы интернет арқылы сауда жасаудың арқасында осындай дәрежеге жетті. Иә, қазір шынында бизнестің негізі өзгеріп барады.Қазір Жапонияда қарттардың қатары көбейіп барады. Бұл елде адам бұрын бұлай ұзақ өмір сүрген емес. Ал, енді жастары аз, қарттары көп ел қандай болуы керек? Қалай дамиды? Дәл осындай жағдайды 1,5 миллиард халқы бар Қытай да бастан кешкелі отыр. Сондықтан жапон ғалымдарының жанталасып робот жасап жатқандары бекер емес. Болашақта адамдарға сол роботтар қызмет етіп, көмекші болады. Бұл сол заманның ағысына ілесіп кетуіміз керек. Ілесе алмасақ, осы деңгейде қалып, өмір бойы «жапондар ондай екен, немістер мынандай екен» деп солардың тірлігіне таң қалып жүре береміз. Білімді жастарымызды жоғалтып аламыз. Бәрі жайлы өмір, жақсы жағдай іздеп дамыған елдерге кетеді. Ертең балам келіп: «Мен шетелден жақсы жұмыс таптым, шетелдің бір кәсіпкерлерімен бірігіп Нью-Йорктен бір компания ашып жатырмыз» деп келсе, не дейсің? «Жоқ менімен бірге жүр, Түлкібасқа барып тұрамыз» деп айта алмайсың ғой. Сөйтіп жүріп, шетелдің қызын келін қып түсірсе, «ауылдағы көршінің қызын неғып алмадың?» деп тағы ренжи алмайсың? Яғни, сол жастар жұмыс істейтін, бар мүмкіндігін көрсете алатын қоғамды өзімізде құруымыз керек.– Өзіңіз Оңтүстікте жүргенде жапонның кәсіпкерлері іскерлік мақсатпен келді ме?– Келді. Енді келейін деп жатқандары да бар. Бірақ, олар бір күнде шешім қабылдай салатын халық емес. Сосын бастық айтты екен деп жүгіріп келе салмайды. Олар жан-жақты зерттейді. Өйткені, көп адамның алдында жауапкершілігі бар.– Батырхан Құрмансейітұлы, қазақ пен жапонның қарым-қатынасы, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық ерекшелігі болсын, сізді не мазалайды?–Мына нәрсені айта кетуіміз керек. Біз төртінші индустриялық революция, цифрландыруды қолға аламыз да «Ресей бүйтіп жатыр», «Қытай әйтіп жатыр» деп соны үлгі етеміз. Олардың өзі басқа елдерге қызығып, талай дүниені армандап жүрген ел. Біз солардың ізіне түскіміз келеді. Басқа басқа, Ресей енді біз еліктейтін ел емес. Саяси тұрғыдан алғанда, әрине, біз көрші мемлекетпен тату-тәтті тұруымыз керек, достық қарым-қатынаста болуымыз қажет. Бұл өте маңызды. Ол бағытта талай жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ, дамыған мемлекет боламыз десек дамыған мемлекеттің іс-тәжірибесін пайдалануымыз керек. Ол Азияда – Жапония, Еуропада – Германия. Азияда Қытайдан да басқа экономикасы дамыған елдер бар екенін ұғынатын кез келді. Жапонияның кәсіпкерлері біздің елге келіп әңгіме айтса, қияли бірнәрсе айтып жатқандай қабылдайтынымыз бар. Олардың жұмыс істеу тәртібі мүлдем бөлек. Мысалы, олар біздің елге келгенде «Міне, бесжылдық қаржылық есеп-қисабымыз» деп қалың кітаптарын көтере келеді. «Мынау, былтырғы тапқан пайдамыз, мынау, былтырғы көрген шығынымыз» деп, бәрін жайып көрсетеді. Бәрі ашық. Содан бізден «Айтыңызшы, сіздер былтыр қанша салық төледіңіздер, бухгалтерлік балансыңызды көрсете аласыз ба?» деп сұрайды. Біздікілер «мен неге саған ішкі құпиямызды айтуымыз керек?» деп, оған жау ретінде қарайды. «Бұлар ештеңе айтқылары келмесе, олармен бірігіп қалай жұмыс істейміз?» деп жапондар түсінбейді. Сосын тағы бір жағдай. Мен осыны тіпті бірнеше министрге талай мәрте айттым да. Біздің басшылар Жапонияға барып, кәсіпорын басшыларымен кездесіп, ұсыныстарын айтады. Жапон басшылары «жоқ» демейді, шай береді, қол алысады. Бірақ, ол басшы жалғыз өзі ештеңе шеше алмайды. Өйткені, оның «компанияның президенті» деген қызметі болғанымен ол кәдімгі жалақы алып отырған менеджер, акционерлер тағайындаған жалданбалы қызметкер. Акционерлермен ақылдаспай, ештеңе шеше алмайды. Біз сияқты делегациялар оларға күн сайын кеп жатыр. Бәрін күліп шығарып салады. Содан хабарсыз қалады. Біздің басшылар «шақырдым ғой, қайда олар» деп сөгіп жатады. Оған өкпелеудің қажеті жоқ. Жұмыс істеу әдісімізді өзгертпесек ешкім бізге келмейді. Нағыз инвесторға баратын ел көп әлемде бізден басқа.– Жапония білім мен ғылымға көп көңіл бөлудің арқасында байыды деп отырсыз ғой. Сонда...– Жапондар ішкі өнімінің 3-3,5 пайызын ғылымға бөледі. Ол жылына 40-45 миллиард доллар деген сөз. Одан бөлек, ірі компанияларының өздері мемлекет қаржысынан тыс ғылымға миллиардтап ақша бөлуде. Өз нарығындағы ғана емес, дамыған мемлекеттердегі бәсекелестерінен жеңілмеу үшін. Миллиардтаған долларларға патент сатып алады немесе патент сатады. Ал бізде биыл бұл салаға бөлінген қаржы ЖІҮ-нің 0,12 проценті. Сол аз ақшаның өзін әр салаға бөліп тастаймыз. Содан жетпейді. Өзі жыртық теріне ары да, бері де тартып, таласамыз. Сосын, қаржыны бүгін бөлеміз де, ертең нәтижесін сұраймыз. Грант ұтып алғандар «ақшаны қалай пайдаланамын?» дегеннен гөрі «соның есебін қалай беремін?» дегенге көп бас ауыртып жүреді. Әрине, мұнайды, темір мен көмірді де, басқа дүниелерді де дұрыстап саудалай білу керек. Бірақ, білім мен ғылымға күш салмай, сол салаға күш салып жатқан мемлекеттердің қанжығасында кете беретініміз анық. Болмаса, мұнайдан, басқа да байлықтардан түскен табыстарға шетелдің ғалымдарын шақырып, бірлесіп жұмыс істеу керек.Әңгімеңізге көп рахмет.Фото: inform.kz     
Тегтер: