Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:12, 20 Тамыз 2021

Біз көбейіп келеміз

None
None

Өткенде ғана «19 миллионнан астық» деп сүйіншілеген едік. Енді ол межеден де асып барамыз.

Аллаға шүкір дейміз.

       2021 жылғы 1 шілдедегі дерекке сенсек, еліміздегі халық саны 19009,6 мың адамды құрады. Өсім бар. Көз алдымызда қазақтың демографиялық үлесі артып келеді. Қуанатын дерек. Бұл – бір. Екіншіден, қалада тұратын қазақтың саны да көбейген. Қазіргі кезде шырайлы шаһар іздеген қазақтың саны 11256,5 мың адамға жетті. Санмен айтсақ, 59,2 пайызға жетіппіз. Ал ауылда тұратын қазақтың саны бұрынғыдай емес, азайды. Ауылдықтардың саны  – 7753,1 мың адам, яғни 40,8 пайыз шамасында. Бұдан шығатын қорытынды не? Урбанизация. Қазақ қалаға қарай ағыла бастады. Ауылдың жайын білген адам, әрине, шырайлы шаһарға қарай ауысады.

       Жалпы, соңғы жылдары қазақ санының артқанын мына бір деректер тағы бір айқындай түскендей. Азаматтық хал актілерін тіркеу орталығы ұсынған сандарға назар аударсақ, соңғы алты айда туғандардың саны 216,2 мың адамды құраған. Ал 2020 жылы 197,3 мың адам болғанын айта кетейік. Демек, өткен жылға қарағанда 9,6 пайызға көп. Өкінішке қарай, осы жерде тағы көңілді түсіретін деректі айта кеткен жөн. Пандемияның салдары болар, соңғы алты айда өмірден өткен азаматтардың саны 76,6 мың адамды құраған. Бұл 2020 жылғы қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 17,8 пайызға артық.

       Бірақ қазақтың демографиялық үлесі басым. Қуанатынымыз да сол. Биыл Қазақстанда өтетін халық санағы көп нәрсені айқындап береді деген үміттеміз. Өйткені мемлекетқұрушы ұлттың саны басым болған сайын, титулды ұлттың билікке талабы да күшейе түседі. Сондықтан биылғы халық санағынан кейін қазаққа қатысты саясат түгелдей өзгеруі тиіс деп ойлаймыз. Егер мәртебесі бар ұлттың ұлылығын басқалар сезіне алмаса, ұлттың құндылықтары бағаланбаса, онда Қазақстандағы елдік патриотизм, қоғамдағы бірлік пен татулық туралы қалай әңгіме айта аламыз? Шын мәнінде ұлттық идея мен идеология мемлекетқұрушы ұлттың арман-мақсатының орындалуында жатыр. Ал мемлекеттің  негізгі басымдық саясаты қазақ тіліне, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен құндылықтарын қадірлеуге құрылуы тиіс. Бұл елдегі басқа этнос өкілдерін кемсіту деген сөз емес. Ел ортақ қазақ тілінде сөйлесе ғана алауыздық болмайды. Ал Қазақстандағы бар халықты ортақтастыратын – қазақтың тілі. Сонда ғана елімізде отырып бүйректен сирақ шығаратын оқыс оқиғалар орын алмайды.

       «Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Халқымыздың тарихы да, тағдыры да тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

       Рас, бұған біздің алып-қосарымыз жоқ. Аллаға шүкір, қазір елімізде тұратын қазақтың саны 13 млн-нан асты. Ал елдегі орыстың саны 3,478 миллион шамасында, барған сайын азайып барады. Өзбектердің саны өткен жылы 15 мыңға артып, 620 мың адамға жеткен. Бұл – демографиялық өсімі күрт артып келе жатқан елімізде үшінші этнос өкілдерінің бірі. Ұйғырлар  4000-ға көбейді  (278 мың), ал украиндар 8000-ға (256 мың) азайды.

       Сонымен, жақын уақытта басталатын халық санағы алдындағы ресми демографиялық көрсеткіштің нәтижесі қандай? Елдегі негізгі ұлт – қазақтың  көрсеткіші 69,01 пайыз шамасында. Мүмкін, мұнан да көп болар деп шамалаймыз. Ал орыстар – 18,42, өзбектер – 3,29, ұйғырлар – 1,48, украиндар – 1,36, татарлардың саны 1,06 пайызды көрсетіп отыр. Соңғы 10 жылда қазақтар 26 пайызға өсті. 2009 жылғы санақта елдегі орыстар 23,3 пайызды құраса, 2021 жылы 19 пайызға жетеқабыл шамасында болып отыр.

       Айта кететін тағы бір нәрсе – миграциялық өзгерістер кейінгі кезде жұртшылықтың көбірек назарын аударта бастады. Ел ішінде көшіп-қонушылар саны 2020 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 12 пайызға артқан. Әсіресе халықтың көші-қоны қаңтар-маусым айларында еліміздің төрт өңірінде анық байқалды. Алматыдан – 4227, Нұр-Сұлтаннан – 11 354, Шымкенттен – 8074, Маңғыстау облысынан 308 адам өзге аймақтарға қоныс аударған көрінеді.

       Ал елімізге сырттан келіп, қоныстанып жатқандардың жайы қалай? Соңғы алты айда Қазақстанға бар-жоғы 4595 адам біржолата көшіп келген. Ал елімізден кеткендердің саны 14 192 адамды құрады. Тарихи Отаны ғой, сыртқа қоныс аударғандардың басым бөлігі ТМД елдерін қалаған.

Олар көшіп барады, ал біз көбейіп келеміз.

Тегтер: