«Біз оларды бөтен елде қалдырған жоқпыз...»
Америкалық Atlantic Council беделді сараптама орталығы жыл аясында онлайн режимінде конференция өткізіп, азаматтарды соғыс аймақтарынан қайтару және олардың қоғамға қайта оралу тәжірибесін талқылады.
Іс-шараға ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, АҚШ мемлекеттік департаменті зорлық-зомбылық пен экстремизмге қарсы күрес жөніндегі үйлестірушісінің орынбасары Кристофер Харниш және америкалық жетекші сарапшылар қатысты.
Е.Ашықбаев ұрыс қимылдары аймақтарынан отандастарын елге қайтару бойынша жүргізілген операция кезеңдерін, сондай-ақ оларды бейбіт қоғамға бейімдеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды қысқаша баяндап шықты. Қазақстандық дипломат «Жусан» операциясы бірінші кезекте радикалды идеологияның құрбаны болған әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған гуманитарлық миссия екенін атап өтті. Бұл Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын, сондай-ақ экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың терроризмге қарсы күрес саласындағы маңызды халықаралық бастамаларын шын мәнінде жүзеге асырудың жарқын мысалы.
АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілдері мен америкалық сарапшылар өз сөздерінде өз азаматтарын соғыс аймақтарынан елге қайтару және оларды қайта интеграциялау мәселесінде Қазақстанның әлемдік көшбасшылығын ерекше атап өтті. Сарапшылар «қазақстандық тәжірибе – «үлгі» және өте күрделі мәселені шешуге жауапкершілікпен қараудың көрінісі» деп мәлімдеді. Сонымен қатар Қазақстан үкіметі тарапынан ынтымақтастық пен диалог орнатуға деген ашықтық пен дайындықты да ерекше атап өтті. Брифингке қатысушылар Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастықтың терроризмге қарсы іс-қимылына және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын жүзеге асыруға зор үлес қосатынын баса айтты.
Осыдан үш жыл бұрын қазақстандықтардың гуманитарлық операция өткізу қажеттілігі туралы пікірлері екіге бөлінген еді. Көпшілік отандастарға жаңа өмір бастауы үшін оларға көмек қолын созу қажет десе, басқалары елге оралғандар қазақстандықтарға радикалды идеологияны «жұқтырады» және қоғам үшін қауіпті болады деген сенімді ұстанды. ҰҚК өз азаматтарын қайтару арқылы ел оларға жаңа өмір құруға және өз Отанын қалпына келтіруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Қазақтың «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» халық даналығы бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Қазақстанның отандастарын қайтару бойынша жинақталған практикалық тәжірибесі терроризмге қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесіне маңызды үлес қосты. Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстар аймақтарынан өз елдеріне оралғысы келетін азаматтар бар болса, «Жусан» операциясы жалғасын табады. Бүгін елге оралған азаматтар балаларын бейбіт аспан астында өмір сүруге және тәрбиелеуге, қателіктерін түзетуге мүмкіндік берген ел басшылығына және ұлттық қауіпсіздік комитетіне ризашылығын білдіруде.
Ақпан айында Қазақстан Ислам мемлекетіне (ИГ) тиесілі территориялардан қазақстандық азаматтарды елге қайтару жөніндегі гуманитарлық миссияның кезектегі «Жусан-5» операциясының сәтті аяқталғанын жариялады. Аталмыш операцияға Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, АҚШ пен басқа да халықаралық серіктестер қолдау көрсетті. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозермен онлайн-кездесуде америкалық тарапқа «Жусан» гуманитарлық операциясы аясында Сириядан Қазақстан азаматтарын елге қайтаруға және оларды одан әрі оңалтуға көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірген болатын.
Сондай-ақ екі тарап Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің көптеген мәселелерін талқылап, екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар орнағанының 30 жылдығын атап өтуге арналған бірлескен іс-шаралар өткізу туралы уағдаласты.
ҰҚК өзінің YouTube-тегі арнасында сәтті операция туралы шағын видео жариялады. Видеода қазақстандықтардың Отанына келу сәттері, оларды дәрігерлердің тексеруі және психологтардың балалармен жұмысы көрсетілген. Қазақстандықтарға бейнежазба қатты әсер еткен сыңайлы: «байғұс балалар», «біз оларды бөтен елде қалдырған жоқпыз», «мемлекетке шексіз алғыс», «оларды алып қайтқандарыңыз жарады» деген сынды пікірлер қалдырылған екен.
Былтырғы ақпан айында билік «Жусан» операцияларын тоқтатты деп жариялады, десе де, биыл олар қазақстандық содырлар мен олардың отбасыларын репатриациялауды жалғастырды. Саясаттанушы Болатбек Исаев әр елдегі әріптестерімен пікірталас алаңдарында кездескенде, олардан Сирия мен Ирактағы қазақстандықтарды елге қайтаруды қолдау туралы мақұлдау сөздерін көп еститінін айтады.
– Қазақстан үкіметі мен АҚШ-тың көмегі арқасында біздің отандастарымыз үйлеріне оралды. Террористер міндетті түрде жауапқа тартылады, ал әйелдер мен балалар бейбіт өмірге оралады. Бұл өз азаматтарымыздың қамын ойлаған біздің елдің адамгершілік әрекеті. Әйелдер мен балаларды бейбіт өмірге қайтару үшін мінсіз де сауатты құрылымдалған жұмыс жүргізілген. Қазақстандық мамандардың әрбір әрекеті ұсақ-түйекке дейін ойластырылған. Психологтар балалармен және әйелдермен жұмыс істейді, дәрігерлер барлық оралғандарды тексереді. Құқық қорғау органдары өз жұмысын жүзеге асырады. Оңалту орталықтары, кейіннен балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен мектептерге орналастыру, басқа да жан-жақты көмек көрсетеді – мұның бәрі адамдарды қалыпты өмірге оралуға бейімдейді, – деп атап өтті ол.