Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:12, 08 Наурыз 2023

Біз орыс болып кеткенбіз!

None
None

Маған 8 ақпан 2023 жыл Ұлттық ғылым академиялық философия, саясаттану, дінтану ғылымының бас директоры С.

Сейдумановқа жазған ашық хатымды апарып беруге тура келді. Мен барсам, институтта алдағы болатын парламент сайлауына байланысты дөңгелек үстел өткізейін деп жатыр екен. Сосын, жиналыстың бітуін күтуге тура келді.

Жиналысқа қатысып отырғандардың 99%-ы қазақтар. Бірақ та жиналыс басынан аяғына дейін орысша өтті. Жиналыс біткеннен кейін Рүстем Қадіржановтің кабинетіне келдік. Осыдан бір-екі күн бұрын телефонмен сөйлескенімде Сейдумановқа ашық хат жазу идеясын сол кісі айтқан болатын. Мен жазған хатымды көрсеттім. Ол машинкаға бастыру керек деді. Сосын мен оған сұрақ қойдым. «Неге біз тәуелсіз ел ретінде Конституциямызда мемлекеттік тіл қазақ тілі деп жазылған, сонда да 99 пайыз қазақ отырып, орысша сөйлейміз», – дедім. Ол бірден «біз орыс болып кеткенбіз, енді мұны түзеу мүмкін емес», – деді. Бірақ мен оның айтқанымен келіспей, Сейдумановқа жазған ашық хатымды оқи бастадым, ол соңына дейін тыңдамай, кабинеттен шығып кетті. Дөңгелек үстелге қатысқандардың бәрі профессор, академиктер, сонда қалай тәуелсіз мемлекетімізде өмір сүре отырып, еш қарсылық көрсетпей, ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігін өз қолымызбен орыстарға беріп қоямыз ба?

С.Т. Сейдуманов,

Философия, саясаттану, дінтану институтының

Бас директорына

Ашық хат

Қазіргі қазақ халқының тәуелсіздігіне төнген екі қатер

Біздің тәуелсіз ел атанғанымызға биыл 32 жыл болады, бірақ та біз шын мәнінде, толыққанды тәуелсіздікке қол жеткізе алған жоқпыз. Оның басты себебі мемлекет құрушы титулды қазақ ұлтының тәуелсіздігінің басты атрибуттары ұлттық санамыз бен ұлттық тіліміздің тәуелсіздігіне толық қол жеткізе алмадық және жақын арада қол жеткізуіміз неғайбыл. Себебі оған кедергі болатын жәйттер өте көп. Былайша қарағанда, саяси тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін басқа кедергілерді жеңу онша қиын болмауға тиіс еді. Бірақта билік басына келген бюрократ шенеуніктердің қазақ халқына жасаған опасыздығының салдарынан, қазақ халқы осындай қиын жағдайға тап болып отыр. Біріншіден олардың көбі отаршылдардан білім, тәрбие алған және көбі ана тілін білмейтін мәңгүрттер болатын. Сондықтан да олар ұлттық сана мен ұлттық тілдің дамуына кедергі келтіруге тырысты.

Егеменді ел болғанымызға 30 жылдан асса да біз әлі құлдық санадан құтыла алмай келеміз. Соның салдарынан, осы кезге дейін ұлттық идеямызды жасай алмай, қазақ тілінің көсегесін көгерте алмай, ана тілінде сөйлемей жүргеніміздің себебінің бірі – ол ұлттық санамыздың әлі толық оянбай жатқанында. Ал ұлттық санамыздың оянбауы адамдарды бір-бірімен ана тілінде сөйлесіп, пікір алмаспауында. Негізінде, ұлттық сананың дұрыс жұмыс істеуіне мүдделі бірінші кезекте ұлт зиялылары, оқымыстылары, ғалымдары болуы керек. Бірақ та біздің зиялылар өздерінің миссияларын, міндетін орындап жүр деп айта алмаймыз. Ұлтты оятатын зиялылар, бұл – аксиома, бірақ та әзірге, олардың өздері ояна алмай жатыр.

Ана тілі ұлттық сананы оятып, адамдардың ұлттық рухын қалыптастырады. Қазақстанда 1989 жылдан бері Конституция бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл болып саналады. Бірақ мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін шенеуніктердің көбі ана тілін білмейтін болғандықтан, іс-қағаздары осы кезге дейін орыс тілінде жүргізілуде. Соның салдарынан, мемлекеттік тіл – қазақ тілі дамымай отыр.

Қазіргі кезде Украинада мемлекеттік тілдің тәуелсіздігі мен ұлттық сананың бостандығы үшін соғыс жүргізіліп жатыр. Себебі Украинада тұратын орыс диаспорасы Украинаның мемлекеттік тілін мойындамайды, сондықтан ол тілде сөйлескілері келмейді. Ал Ресейдің Конституциясында Ресей территориясында тұратын азаматтар мемлекеттік тілді, яғни орыс тілін білуі міндетті деп жазылған. Сондықтан да орыстардың Украинада жүргізіп жатқан соғысы әділетсіз, заңсыз, империалистік соғыс болып саналады. Олар орыс тілділердің мүддесін қорғаймыз деп Қазақстанға да басып кіруі мүмкін, себебі олардың конституциясында сондай бап бар.

Біздің отанымыздың тәуелсіздігін қорғап нығайту үшін қазіргі өсіп келе жатқан жастардың ұлттық санасын оятып, ұлттық рухын жаңғырту үшін ана тілінде білім алып, ата салтында тәрбиеленіп өсуіне жағдай жасауымыз қажет. Сондықтан да алдағы парламенттік сайлауда осы мәселені проблема етіп көтеруіміз керек. Меніңше, бұл проблеманы қоғамымыздағы оқыған, білімді зиялы қауым қолға алуы тиіс деп ойлаймын. Себебі халықтың санасын ояту олар үшін – аксиома болып саналады.

Ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандап, күрескен ұлтымыздың тәуелсіздігін көруді Алла Тағала біздің ұрпаққа жазған екен. Сондықтан да осы тәуелсіздігімізді қорғап, нығайтып, келер ұрпаққа табыс ету — біздің парызымыз. Ол үшін қазақ халқының басын біріктіретін ұлттық идеология керек. Мен осы мақсатта 2017 жылы «Қазақ ұлттық идеологиясы» деген кітап жазған болатынмын. Сол кітабымды Ғалым академиясының ғалым мамандарының талқылауына ұсынып отырмын.

Тегтер: