Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:55, 23 Желтоқсан 2021

«Biz» шынымен «birgemiz» бе?

None
None

Бай мен кедейдің алшақтығы аспан мен жердей болып барады

       Колумбияның астанасы бар – Богота деген. Осы қаланың  тұрғындары тұрмыстық жағдайына қарай алты аумаққа бөлінеді екен: қаланың оңтүстік бөлігіндегі жер үйлердегі кедейлер тұратын аудандарды «бірінші» және «екінші» аудан дейді. Ол аудандарда тұратын халық салық және пәтерақы, коммуналдық төлем атаулыдан толық босатылған. Бюджетке ештеңе төлемейді.

       Қысқасы, онсыз да күнін әрең көретін бейбақтарды осылай төлемнің бәрінен босатқан екен. Олардың салығы мен коммуналдық төлемдерін қаланың «бесінші» және «алтыншы» ауданы делінетін, дөкейлер қоныстанатын бөлігіндегі бақытты һәм бай тұрғындар төлейді. Салық пен коммуналдық қызметке ең көп төлейтіндер сол 5-ші және 6-шы ауданның адамдары. Ал үшінші және төртінші аудандар негізінен, 4-5 қабаттық үйлерге жайғасқан, қала ортасындағы орта тап тұратын аудан.

        Қаланың ресми билігі заң жүзінде тұрғындарды «бай» және «кедей» деп бөлуге мәжбүр болған. Түгі жоқтар түк төлемесін, ал қалталылардан қымбат төлемдер мен жоғары мөлшерде салық алына берсін депті. Барды бар, жоқты жоқ дескен. Сонымен, бұл қаланың бір жағында картоптың келісі, мәселен, бізше айтқанда, 100 теңге тұрса, басқа бөлігінде 500 теңгеден сатылады. Өйткені қымбат бөлігінде саудаға салынатын салық та қымбат, сауда орнын жалға алу да қымбат, маңайда тұратын елдің жалақысы да жоғары. Бір қарағанда, бәрі қисынды, заңды сияқты.

        Колумбияға қарап күлетіндей, Қазақстанның жөні жоқ: ұлттық статистика бюросының дерегінше, біздің еліміздегі бай мен кедейдің алшақтығы – жеті есе. Колумбияның осы мысалына қарап, Қазақстандағы биліктің ойлап тапқан «Biz birgemiz» деген дардай аты бар науқаны еске түседі. Әрине, біздің елде «Біз біргемізді» кім айтса да, қазақ халқының өзі бұл билікке өз еркімен оны айта қоймас, өкінішке қарай. Карантин кезінде жағдайы жоқтарға бір-екі реттік көмек беріп, оны жатпай-тұрмай жарнамалап, мектептегі мұғалім біткен балаларға «Біз біргеміз» деген сурет салғызып, сөйлетіп қойып, видео түсірткені бар. Енді коронавирустың қиын кезеңі артта қалса, біз «бірге емес» күйімізге қайта түсіп қалатын сияқтымыз. Шынымен де Қазақстанда салықтар да, айыппұлдар мен коммуналдық төлемдер де баршаға бірдей.

       Күні кеше тәуелсіздікке арналған ұлы тойлардың бірінде елдегі асқан байлардың бірі Арманжан Байтасов бағасы удай баспана мен ковид-госпиталь салумен коронавирустың «қызығын көрген» Айдын Рахымбаевпен және утилизациялық алымның арқасында халыққа жаңа автокөлікті қымбатқа сататын Нұрлан Смағұловпен түскен суретін желіге жүктеп қойыпты. Рахымбаевтың кеудесінде жарқыраған медаль. «Тәуелсіздіктің отыз жылы шынымен де сендер үшін ұлы мереке», депті шыдамай коммент жазған біреу.

         Рас, соңғы 30 жыл бойы Қазақстан халқының ірі қалалар мен оның маңайына жаппай шоғырлануы шошытарлық үрдіске айналды. Мәселен, «Kazak Magazine» журналын шығарушы Асхат Асылбековтің айтуынша, Қазақстанда халықтың дәл қазіргідей үш ірі қалаға шоғырлануы біздің елімізді де Колумбия сияқты «оңтүстікамерикалық сценарийге» әкелуі бек мүмкін. Мысал ретінде Сан-Паоло мен Мехико сықылды адамға лық толған алып қалаларды келтіруге болады, оларда дақоғамдағы бай мен кедейдің алшақтығы аспан мен жердей: қаланың шеткері аймақтарында асқан кедейлер қоныстанса, қымбат аудандарында аса ауқатты байлар тұрады.

        Қазақстандағы кедейлік туралы көп жазамыз, көп айтамыз. Бірақ онымен күресуде құрығанда, Колумбиядағыдай нақты тетіктер неге жоқ? «Biz» шынымен «birgemiz» бе? Әлде қалай? Жалпы, бізге ойлану керек. Осы қазіргі қазақстандық капитализм дәуірінде күшейе түскен жоқшылық пен кедейшілік норма ма, әлде бұл дерт пе?

Сарапшы Расул Рысмамбетов айтуынша, кедейшілік барлық елдерде бар. Бірақ жоқшылық пен кедейшіліктің көбейіп бара жатқаны шынымен норма болса, онда елдегі мұқтаж жандардың саны қанша екенін анықтап, тақыр кедейліктің нақты шегін белгілеу керек. Егер Қазақстан үшін халықтың кедейлігі норма болса, онда инфрақұрылым керек қой, қайыршылар барып, тегін тамақ жей алатын, байлардың тастаған киімдерін тарататын арнайы орындар дегендей… Мемлекеттің кедейлерді асырауға шамасы жетпей жатқанда, бизнес тарапынан көмек жасалсын дегендей, заңнамалық нормалар керек.

       — Кедейшілік нормаға айналса, онда бұл жағдайды қалай түзетуге болады? Кедейлер проблемасымен айналысатын арнайы құрылым, орган керек шығар? Кедейлердің көретін қиыншылықтарын қалай азайтуды ойластыратын әлеуметтік лифт болмаса да, құрығанда, солардың балалары білім ала алатындай, өсетіндей, тәрбие көретіндей бір әлеуметтік баспалдақ керек қой. Ал егер жоқшылық пен кедейшіліктің қорлығын қарт адамдар көріп отырған болса, олар үшін өлерінің алдында бірнеше жыл болса да, жақсы өмір қамтамасыз етуге болмас па еді? – дейді Расул Рысмамбетов.

Тегтер: