Біздікі ит тірлік...
Қазақстан халқы қатты қиналып кетті. Ақшадан. Барған сайын халықтың тұтынатын заттары тек қана қымбаттап жатыр.
Қазақстандықтардың микроқаржы ұйымдарына қарызы 2 трлн теңгеден асыпты. Көпшіліктің жалақысы түк те көтерілген жоқ. Қазақстандағы негізгі жұмыс берушілер – баяғы ескі Қазақстанның адамдары. Сол баяғы үкімет, сол баяғы билік сақталып қалды. Олар шынымен де халыққа ақша беруді, айлығын көтеруді білмейді. Халықты «халқым» демеген соң, сол халықтың жағдайынан тым алыс. Білетіні – тек алу, айып салу, сүйекке таластырып, кезекке тұрғызу. Одан қалса, сайлау өткізу, сөйтіп, өз билігін соза беру.
Қазақстандықтардың бәрінің қалтасында «Каспий голд» карточкасы бар. Соған халық қарызға кіріп жатыр. Қиналғанда, одан басқа ақша ала қоятын жеріміз жоқ.
Әй, «Каспий» банк көрмей отыр ма? Көпшіліктің шотында тиын-тебен ғана қалғанын, халықтың кредиті мен қарыздары сұмдық көбейіп бара жатқанын?
Билікке айтпай ма? «Мынаны қара, халық жоқшылыққа түсіп кетті» деп. «Бір амалын қылмасаң, мұның арты жақсылық емес», деп. Айтпайды. Өйткені «Каспийдің» өз есебі өте түгел.
Үкімет қара халықтың қамын ойлаудан бұрын – пәленше-түгенше жылдарға дейін деген жоспар мен бағдарлама жазғыш. Министрліктер ұлттық есеп жазғыш. «Денсаулық саласы анандай, жасөспірімдер мынандай, пәлендер түгендей» деп.
Қарапайым отбасылардың аш отырғаны, «Каспийге» қанша қарыз боп жатқаны туралы есеп жазбайды бірақ.
8 наурызға көпбалалы әйелдерге бір реттік ақша береміз депті. Әрине, ол адамның күлкісін келтіретін аз-ақ ақша. Онда да бәріне емес. Тіпті, Қазақстан бойынша емес, тек бес облыста ғана аздаған әйелдерге ақша береміз деп жар салыпты. Масқара. Бүйтіп бергені құрсын.
Қысқасы, еш бүкпесіз ашық айтсақ, мына сайлау өткізе беретін биліктің де, тезек теріп кетуге шақ отырған қара халықтың күйі де бір ит тірлік боп кетті.
Рас, 2023 жылда қазақтың жеткен жетістігі осы боп тұр. Сол баяғы ит тірлік!