Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:15, 07 Қазан 2022

«Біздің күшіміз – бірлікте»

None
None

Шардаралық саңлақтар әлем чемпионатына аттанады

Шалғайда жатқан шағалалы Шардараның қол күрес шеберлері осы қазан айында Түркияның Анталия қаласында өтетін әлем чемпионатына аттанады. Арман Қарсыбаевтың шәкірттері байрақты бәсекеде ел үмітін ақтап, көк туымызды биікке көтереді деген сенім бар.

Әлемдік бәсекеде бір ғана «Шардара-Армспорт» клубынан 60-қа жуық спортшы күш сынасады. Аталған клубтың шәкірттері бұған дейін әлемнің 74, Азияның 278 алтын медалін жеңіп алған. Саңлақтардың бірі Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері, 68-і халықаралық спорт шебері, 124-і спорт шебері. Шардаралық спортшылар әлемді таңғалдырып тұр, тіпті оны феномен деп атасақ та болады.

Биыл аталған клубтың шебері Қыдырғали Оңғарбаев Түркияда өткен жарыста  26 мәрте әлем чемпионы атанған 58 жастағы Америка Құрама Штаттарының атақты спортшысы Джон Брзенкті 3:1 есебімен жеңіп, сенсация жасады. Қыдырғали белгіленген бес раундтты мәреге жеткізбей аяқтады. Ал екінші спортшы Сарыбай Ердәулет түріктің бірнеше дүркін чемпионы Юсуф Илдызоглыны 3:0 есебімен жеңіп, жекпе-жекті ерте аяқтады.

Жуырда Түркістан облысы гір спорты және армрестлинг федерациясының президенті, Шардара аудандық мәслихатының хатшысы Арман Қарсыбаев «Шардара-Армспорт» клубы ұжымы атынан Қыдырғали Оңғарбаев пен Сарыбай Ердәулетке Шардара қаласынан 2 бөлмелі пәтерлердің кілтін табыстады.

Қазір аталған клубта қол күресімен бес жүзден астам спортшы жаттығады. Осы клубтың бапкері Қыдырғали Оңғарбаевтың қол күресімен айналысып жүргеніне он бес жылдан астам уақыт болған.

–  Мені осы спортқа жетелеп алып келген Арман ағам. Біз көрші тұрдық. Бала кезден сол ағамыздың жеткен жетістіктерін көріп, біз де сол кісідей додаларда еліміздің көк туын желбіретсек деген арманның қанатында өстік. Бізді Арман ағамыз алға жетеледі, –  дейді Қыдырғали.  

26 дүркін әлем чемпионын жеңген спортшының айтуынша,  барлық жеңіс тек ащы термен, тынымсыз еңбекпен келеді.  

– Аты аңызға айналған Джон Брзенкпен бәсекелесу әрине оңай емес. Талай азулыларды жеңген. Бірақ өз басым жүрексінгенім жоқ. Ұсынысқа бірден келісім бердім. Жақсылап дайындалдым. Аллаға шүкір, төккен терім, жерлестерімнің артқан үміт-сенімі ақталды, – дейді Қыдырғали.

Түркия елінің Ыстамбұл қаласында өткен соңғы кәсіпқойлар арасындағы East vs West 4 жекпе-жек сайысынан кейін 100 келі салмақта әлемдік рейтинг өзгерді. Әлемдік рейтинг бойынша Қыдырғали 1 орынға табан тіреді. Қыдырғали аталған спорт түрінен ауыр салмақта Қазақстан мен Азияның абсолютті жеңімпазы, Әлем кубогының иегері және әлем чемпионы.  

Қол күресі бүгінде Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі саналады. Ал Шардара қол күресінің отаны ретінде бүкіл әлемді мойындатты. Көптеген спортшылары осы жерде жаттығады, тәжірибе жинайды. Олардың арасында шетелдің спортшылары да бар. Өңшең саңлақтарды жинаған, әлемдік деңгейдегі мықтыларды мойындатқан Шардараның қол күрес шеберлері бүгінде аңызға айналып тұр.  

–  Бәрі де Арман ағамыздың арқасы. Бәрі де ауызбіршіліктің, темірдей тәртіптің арқасы. Біздің күшіміз  –  бірлікте. Бірлік бар жерде бәріне қол жеткізуге болады, –  дейді Қыдырғали.

       Қыдырғали Оңғарбаев қазір аталған клубта жаттықтырушы, сонымен бірге аудандық мәслихаттың депутаты. Жастарды тәрбиесі, бұқаралық спортты дамыту бағытында алға қойған жоспарлары көп.

Шардаралық мықтыларға Түркия төрінде тек сәттілік тілейміз!

Тегтер: