Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 07 Маусым 2023

Біздің жауымыз – жалған статистика

None
None

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Кедейлік шегінің мөлшерін анықтау туралы» бұйрықты бекітті.

Биыл 1 шілдеден бастап кедейлік шегі 28 396 теңгеге тең. Былтыр бұл сома 25 212 теңге болған.

Еңбекмин бекіткен бұл қаражатқа не алуға болады?! Есептеп көрдік: Ет және еттен жасалған өнімдер қымбат болғандықтан, оларды мүлдем есепке алмаймыз. Коммуналды төлемдерді есепке қосу да қиынға соқпақ, себебі қалаларда көпқабатты пәтер тұрғындары коммуналды төлемдерге жоқ дегенде 15000-20000 теңге жұмсайды. Сондай-ақ киім-кешек, кинотеатр, дәмхана және басқа қаражатты қажет ететін өзге қызметтерді тіпті ауызға алмаймыз. Бұл сомаға төмендегідей азық-түлік алуға болады:

• Бір нанды екі күнге жеткізгенде 15 бөлке нан  2175 теңге  (нан бағасы 145 теңге);

• 20 пачка макарон, тұшпара және басқа да жартылай фабрикаттарға ай сайын орта есеппен  10 000 теңге;

• 1 қорап шай (1000 теңге)

  • Сүт, қант, печенье алуға күнделікті үнемдеп, 700 теңге ұстады дегенде  айына 7000 теңге.
  • Жиыны 20 175  

Қалған  8221  теңге жол ақысына, жуынып шайыну үшін моншаға баруға деп есептесек, міне, елдегі кедейлік шегімен осылай күн көруге болады. Қалай есептесек те, бір айда бір адамға 28 000  теңгеге күн көру қиын.

Бірақ министрліктегі «мамандар» есептегендей ірі қалаларда 28 396 теңгенің пайызына шағып тұрып мынадай заттар тұтынуға болады:

  • Аталған соманың – 24,2 пайызына ет пен балық
  • Сүт, май және жұмыртқа – 16,5%
  • Жеміс және көкөніс – 9,5%
  • Нан өнімдері және жарма өнімдері – 8%
  • Қант, шай және дәмдеуіштер – 1,8%

Қалғаны басқа шығындарға жұмсалады.

Жоғарыда көрсетілген пайыздық өлшемдерге қарап, «мамандар» мен «статистиктер» қай Қазақстанда өмір сүріп жүр деп те ойлайсың.

   Ресми деректерге жүгінсек, қазір елімізде бір миллионнан астам адам кедейлік шегінде өмір сүреді. Ұлттық статистика бюросының есебінше Қазақстанда халықтың 5,1 пайызы кедей.  Дүниежүзілік банк есебінше, елдегі кедей халықтың үлесі – 15,5 пайыз (үш миллион адам). Экономистер кедейлер саны бұдан бір жарым есеге көп болуы мүмкін дейді. Дүниежүзілік банктің тәжірибесіне сүйенсек, күніне 4 доллардан аз (айына 54 мың теңге)  ақшаға өмір сүретін адамдар кедей саналады. Мамандардың пайымдауынша,  қазір 28 000 теңге түгілі, Дүниежүзілік банк мысал етіп отырған 54 000 теңге табыспен де күн көру қиын. 

  Экономика ғылымының докторы Жаңабай Алдабергеновтің пікірінше, кедейлікке байланысты сөз қозғалғанда Қазақстан үкіметі көпбалалы, мүгедектігі бар бала асырап отырған, асыраушысынан айырылған отбасыларды ғана атайды. Тіпті оларды «масыл» деп айыптаған шенеуніктер де болды. Көмекке мұқтаж халықты осындай сұрыпқа теңегендердің арасында кезінде министр болған Гүлжан Қарағұсова, Владимир Божко бар. Саясатта жүріп, әлеуметтік көмектің жеткілікті деңгейде көтеріліп жатқанын жиі мысал еткен ол екеуі зейнетке шыққалы бері бұл мәселелерге айналып соқпайды. Ал экономист зейнеткерлер мен студенттерді де кедейлер қатарына жатқызу керек дейді.

«Студенттердің шәкіртақысы небәрі 36 000 теңге. Ата-анасы көмектеспесе, ол студенттің бұл шәкіртақымен оқуға шамасы келмейді. Зейнеткерлер де зейнетақысын не дәрі-дәрмегіне жеткізе алмай, не азық-түлігін ала алмай күн кешіп жүр. Мысалы, мен 45 жылдық жұмыс өтілімен 160 000 теңге зейнетақы аламын. Балаларым көмектеспесе, бұл зейнетақы емделуіме, демалуыма, толыққанды адам болып өмір сүруіме жетпейді. Ең төменгі деңгеймен 53 000 зейнетақы алатындардың ахуалы тіпті мүшкіл. Сондықтан кедейлердің санатына зейнеткерлер мен студенттерді де қосу  қажет» дейді экономист-ғалым.

 Табыстың азаюы, жұмыссыздықпен күрестің нәтижелі болмауы, үкіметтің тек реформалардан реформаларға секіріп өте беруі бүгінде халықты әбден мезі еткен. «Ең қиыны, сол реформалардың қызығын халықтың сезіне алмауы» дейді маман. Мысалы, үкімет «Жұмыспен қамту жол картасы», «Еңбек» бағдарламасы, Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жеңілдету, Әлеуметтік кодекс, Қарапайым халықтың табысын арттыру тәрізді жоспарлар құрды. Алайда атқарушы билік жоспар құрып жүргенімен, елдегі мәселелер толыққанды шешілді деп тағы айта алмаймыз.  

Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова былай дейді:

«Біздің жауымыз жалған статистика. 2019 жылы елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9  пайыз болған. Бұл статистика әлі сол деңгейден өзгерген жоқ. Не өспейді, не түспейді. Шындап келгенде жұмыссыздық өршіп тұр. Әсіресе ауылдағы қазақ жастарының жұмыссыз жүруі ауылды үлкен дағдарысқа апара жатыр. Атаулы әлеуметтік көмек алудың машақаты әлі өзгерген жоқ. Министрлік жеңілдеттік дейді, ал жергілікті жерлерде бұл көмекті алу үшін сол баяғы қағазбастылық алдыңнан шығады. Бюрократия көп. Бізде тапқан табысы үйіндегі адам басына шаққанда 500 теңгеден асып кетсе ол көмек тағайындалмайды. Үкімет мүшелері реформа қуып жүргенде, халық кедейленіп барады. Жәрдемақы, кедейшілік шегі экономикамызға, мемлекеттің жағдайына қарап есептеледі дегенмен де, Дүйсенова басқаратын министрік әр ұсынған бастамаларынан нәтиже шығаруға, оны қатаң бақылауға алуға дағдылануы керек. Мәселен, елде жәрдемақы алу үшін қайда бару керек, не істеу керектігін білмейтін, өз құқығын толық пайдалана алмайтын жағдайы төмен отбасылар бар. Әрбір жобаның насихаты дұрыс болуы керек. Халыққа түсінікті тілмен жеткізілуі қажет. Бізде реформалар  өте көп, бірақ одан қарапайым халыққа пайда аз».

  Маманның бұл сөзі дәлелді болуы үшін біз атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж, бірақ неше қайтара құжат өткізгенмен, оны ала алмаған отбасын іздеп таптық.  Алматы қаласы Әуезов ауданының тұрғыны Клара Демеуова екі жыл қатарынан әр тоқсан сайын атаулы әлеуметтік көмек алмақшы болып әрекеттенген. Бірақ бірінші жылы адам басына шаққандағы табысы 1265 теңге артық болғаны үшін аталмыш көмек тағайындалмапты. Екінші жылы ата-анасынан мұраға қалған қаланың шетінен бау-бақша өсіретін жер үшін көмек тағайындалмаған.

«Алты сотық жерді ата-анам мұраға қалдырған. Оның өзі үй салатын жер емес, бау-бақша өсіруге арналған жер. Қолымдағы шиеттей балаларыммен ол жерге бау-бақша егетін шамам жоқ. Жолдасым қайтыс болған. Төрт баламды тігіншілікпен айналысып асырап отырмын. Бірде бар, бірде жоқ тіршілік. 2021 жылы бір кәсіпкердің қол астында жұмыс істедім. Ол кезде айлық табысым болды. Соның өзінде жетпейтін. Ол жылы табысымнан 1265 теңге асып кеткені үшін АӘК тағайындамады. Қазір жалдап отырған «времянкада» тігін тігемін. Биыл «атыңда жерің бар» деп көмекті тағы есептемеді. Байқағаным, бұлар халыққа қайтсек те ақша бермеуіміз керек деп жұмыс істейді. Барсаң қор болып қайтасың. Бітпейтін құжат жинау, тексеру», – дейді  Клара Демеуова.

  Клараның айтуынша, өзінің тігіншілігімен байланыстырып қарап-ақ халықтың қатты үнемдеп кеткенін аңғаруға болады. Елдің тігуге әкелетін киімдерінің дені ескі. Оны жамап киетіндер көп.

«Көршілерім, одан да басқа клиенттерім бар. Көпшілігі ескі-құсқы киімдерді жамауға, қайта қалпына келтіруге әкеледі. Қазіргі киімдердің сапасы нашар, бір маусымға ғана шыдайды дегеннің өзінде, маған келетіндердің басым бөлігі «15-20 жыл кидім, жөндеп беріңіз» деп әбден тозған киімдеріне жамау салдырады. Мұның өзі халықтың кедейлігін аңғартады. Тапқанымыз тек тамағымызға ғана жетеді. Қазір тамақтан да үнемдеймін. Мақсатым – базардан бір кішігірім тігін тігетін жерді жалға ала алсам», – дейді кейіпкеріміз.

   Экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов: «Мұндай отбасыларға кедейшіліктен құтқаратын бір мейірімді адам жолықпаса, үкіметтен қайран жоқ» дейді.

Қаузаған тақырыбымызға қатысты біз деректер сұратқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшылығы биыл халықаралық тәжірибеге жүгініп, Әлеуметтік кодекс даярлағандарын тағы бір мысал етті. Бұл Кодекс 7 миллион адамның қамын жейтін құжат. Дүйсенова басқаратын министрліктің мәліметінше, әлеуметтік Кодексте халықтың орташа-медианды табысы деген ұғым енгізіліп отыр. Кодексте қамтылған нормаларға сәйкес, 2025 жылдан бастап Қазақстандағы кедейлік шегі қазіргідей ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына емес, халықтың медианды-орташа табысының 50 пайызына тең деп белгіленеді. «Бұл механизм қазақстандықтардың көбірек бөлігінің мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, атаулы әлеуметтік көмек алуына жол ашады», – дейді министрлік өкілі.

Алайда қаржыгер Арман Мусиннің ойынша,  Қазақстандағы медианды табыстың көлемі шамамен 54 000 теңге. Инфляция қарқыны қазіргідей екпіндесе бұл соманың құны 2025 түкке тұрғысыз болып қалады.

    Қалай десек те біз осы уақытқа дейін елдегі кедейлік шеңберін бұза алмай келеміз. Үкімет кедейшілікпен күрес туралы бағдарламалар ойластырады да, ол бағдарламаларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қорға қол салады. «Бизнесті жандандырамыз, елдегі жұмыссыздықпен күресеміз» деген желеумен Ұлттық қордан, Зейнетақы қорынан қаншама кепілдендірілген трансферттер алынды. Сырттан қарыз сұрадық. Бірақ кедейлікпен күресте алға оза алмадық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бұған қатысты былай деген болатын: 

«Кедейлік барлық елде бар. Абсолютті кедейлік және салыстырмалы кедейлік. Қазақстанда салыстырмалы кедейлік деп айтар едім. Жалақы өсіп жатыр, әлеуметтік төлемдер, қажеттіліктер мен бағалар да өсуде. Бұл әр уақытта осы мөлшерден төмен адамдарды бөліп көрсетеді. Кедейлер мүлдем болмайды деп айту мүмкін емес. Бірақ адамдарға дер кезінде қолдау көрсетуге және осы кедейліктің алдын алуға болады. Сол үшін біз Цифрлық картаны жасап шығардық».

Осылайша, министрлік енді қазақстандықтарға мемлекеттік көмек беруде цифрлық картаға жүгінбек. Негізінде, Қазақстанда барлық салалардың жедел дамуына қажетті ресурстары жеткілікті. Жеріміздің асты-үстіндегі байлығымызға өзгелер көзін сүзіп қызыға қарайды. Біздің байлығымызға қызыға қарайтын елдің бірі – Үндістан. Сол Үндістанда халықты бақытты қылудың тетігін іздейтін бақыт министрлігі бар. Біріккен Араб елдері мен  Оңтүстік Америка да осындай министрлік құруды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Жапонияда мұндай министрлік әлдеқашан жұмысына кірісіп кеткен. Бізде ондай министрлік құрылса, шенеуніктеріміз өз бақытын табудың жолын іздеп, бюджеттің ақшасын одан әрі сапырып, үрлеп ішіп, шайқап төгуін жалғастырар. Үкіметке бақыт министрлігін құр демейміз. Тек үкіметте халықтың бақыты үшін жұмыс істейтін, елдің жайын ойлайтын менеджерлер легі қалыптасса деп армандаймыз...

Тегтер: