Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:52, 24 Тамыз 2021

Бізге «русский» ыңғайлы

None
None

        Қазақстандағы қазақ тілін талап етушілікке орыс әлемі тағы да тісін қайрап отыр.

Керек десеңіз, бұл мәселе Ресейдің сыртқы істер министрлігі деңгейінде көтерілді. Қазақтар өз тілінің өміршеңдігі мен тұрмыстағы қажеттілігін көшедегі жөн-жосықсыз дөрекі рейдтері және сөзімен емес, өзінің нақты ісімен көрсеткені жөн болар еді-ау. Бірақ бәленің бәрі өзімізден екен.

Мәселен, мемлекеттік қызметті пайдаланатын қазақстандықтардың (дені қазақтар дей беріңіз) бесеуінің үшеуі «тілді таңдаңыз» дегенде, «русский» дегенді таңдайды екен. Анау-мынау емес, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің зерттеуінше, екі астананы қосқанда, Қазақстанның 17 өңірінің 9-ында халықтың өзі орыс тіліне таңдау жасайды. Ендеше енді кімді кінәлаймыз? Қысқасы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен басқа да мемлекеттік органдар ұсынатын 70 түрлі мемлекеттік қызметтің  сапасы мен қызмет алушылардың таңдау бойынша жалпы мониторинг жүргізілген екен.

      Сөйтсек, бұл Қазақстанда мемлекеттік қызметті пайдаланушылардың дені орыс тілін таңдайды екен. Ешкім оған мәжбүрлемесе де. Орыс тілінің үлесі 56,9 пайыз болыпты. Қазақшаны таңдаған қазақтар – 43,1 пайыз.

Өңірлер бойынша қарастырғанда орыс тілін таңдап, сол тілде сөйлей жөнелгендердің үлесі Солтүстік Қазақстан облысында 91,5 пайыз болған. Қостанай облысында – 85,3, Павлодар облысында – 85,1 және Ақмола облысында 82,2 пайыз. Нұр-Сұлтанда орыс тілін таңдау – 72,7 пайыз. Алматыңыз да оңып тұрған жоқ – 71 пайыз. Қарағанды облысында орысшаны оңай көретіндер – 67,1, Шығыс Қазақстан облысында – 67,1 және Батыс Қазақстан облысында 54,8 пайыз тіркелді.

        «Қазақ тілі озып тұрған аймақтар бар ма, өзі?!» десеңіз, Түркістан облысының тұрғындары мемлекеттік қызметтің тілін таңдапты (85,6 пайыз), Қызылорда облысында (80,2 пайыз) және Атырау облысында (78 пайыз).

Сонымен, Қазақстанның солтүстігі, орталығы мен шығысы орысшаға озық. Еліміздің оңтүстігі мен батысы (Батыс Қазақстан облысын санамағанда) қазақ тіліндегі өмірді қолайлы көреді.

       Қарап отырсақ, өзіміз кінәлі екенбіз. Банкомат болсын, түрлі терминал мен техника болсын тілді таңдау дегенде, саусағымыз орыс тілін таңдай жөнеледі. Содан келіп осындай статистика шығады. Рас, өзімізден де бар екен.

Тегтер: