Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:21, 14 Ақпан 2024

"Бизнес пен жер байлығын игеруде де монополия бар" - Саиров

монополия
Фото: из открытых источников

Мәжіліс депутаты, "Аманат" партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауалын жолдап, кәсіпкерлік әлдекімнің еншісі болмауы керегін айтты. 

«Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына «Экономикаға жаңа импульс беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен терең әріптестік орнатуы қажет» деп атап өтті. Бұл өте маңызды. Себебі, кәсіпкерлік таңдаулы азаматтардың еншісі болмауы керек. Яғни, ұлттық бизнес – жеке дара адамдардың қолында емес,  жаппай халықтың игілінде болуы тиіс. Адал әрі әділетті – ұлттық буржуазияны қалыптастыратын уақыт жетті. Бұл мемлекеттік саясатқа айналуы тиіс. Осы тұрғыда, жаңа Үкіметтің алдындағы басты міндет – елдің, дүйім жұрттың экономикалық белсенділігін арттыру. Халықтың бизнеске, кәсіпке деген қызығушылығын еселеп күшейту», - деді Ерлан Саиров.

Мәжіліс депутатының айтуынша, 300 мыңға жуық адам жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтасыз етушілер.

«Бізде әлі күнге дейін бизнесте, жер байлығын игеруде де монополия бар екені анық. Оған дәлел, еліміздің негізгі экономикалық көрсеткіштері 10-компанияның еншісінде, ал ірі салық төлейтіндердің саны одан да аз. Сондай-ақ, еліміздегі – 300 мыңға жуық жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтасыз етуші 2 миллионнан астам азаматтардың басым көпшілігін бизнес кеңістігіне тарту қажет. Біз кәсіпкерлік әлеуеті терең ұлтқа айналуымыз қажет! Материалдық құндылықтарды үнемі жасауға қабілетті ұлттар ғана қарышты даму бағытына түсе алады», - деді ол.

Сондай-ақ ол бұрын шенділер еліміздің шикізат, қаржы саласына эксплуатация жасап, мемлекеттің жол, темір жолы, коммуникация саласындағы ірі мемлекеттік тендерлерге жөн-жосықсыз ие болғанын айтты.

«Қазақстан азаматтары олигархтардың кесірінен «мүмкіндіктер теңсіздігіне» ұшырап отыр. Осы үрдісті тоқтату керек. Мұндай құбылыс еліміздің экономикалық тыныс-тіршілігіне үлес қосып, кәсіпкерліктпен айналысқысы келетін мыңдаған қарапайым азаматтарға өз потенциалын көрсетуге мүмкіндік бермейді. Назарбаевтың тұсында қара нарық пен көлеңкелі схемалар арқылы олигарх болғандардың орнына, халық мүддесін ұмытпайтын «ұлттық бурзуазияны» қалыптастыратын уақыт жетті», - деді ол.