Бизнесмен Алмас Абдығаппаровтың жазасы жеңілдетілді
Алмас Абдығаппаровқа қатысты сот жазаны жеңілдету туралы шешім қабылдады. Жеті жылға бас бостандығынан айырылған кәсіпкер орташа қауіпсіздік колониясынан қоныс-колонияға ауыстырылды.
Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Абдығаппаров жазасын өтеу тәртібін өзгерту туралы өтінішті 2025 жылғы желтоқсанда берген. Алатау қалалық сотының 2025 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысымен өтініш қанағаттандырылып, ал 29 желтоқсанда апелляциялық саты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Прокурордың жеке өтініші қанағаттандырылмаған. Сот актісі заңды күшіне енген.
Алмас Абдығаппаров 2022 жылғы шілдеде аса ірі көлемде мүлікті иемденгені үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталған. Сондай-ақ оған 5 жылға қаржы ұйымдарында басшылық қызмет атқаруға тыйым салынған.
Сот дерегінше, AV-Construction ЖШС-нің коммерциялық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары бола отырып, Абдығаппаров Esentai City тұрғын үй кешеніндегі вилланы сату бойынша алдын ала келісім жасап, сатып алушы тарапынан алынған 2 млн доллардың тек 1 млн долларын компания басшылығына тапсырған, ал қалған 1 млн долларды қылмыстық жолмен иемденген. Нәтижесінде компанияға 418 640 000 теңге көлемінде материалдық шығын келгені анықталған.
Кәсіпкер 2021 жылдың жазында ұсталған. Сол жылы тамызда қорғау тарапы кепілмен босатуды сұрағанымен, сот өтінішті қанағаттандырмаған. 2025 жылғы ақпанда оның жұбайы Ольга Абдығаппарова аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша ұсталды.
Қоспаевтың қылмыстық тобы ісімен байланыс
Айта кету керек, AV-Construction компаниясы Елдос Қоспаев басқарған қылмыстық топ ісінде де аталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің 2022 жылғы мәліметінше, топ мүшелері компанияға тиесілі пәтерлер мен жер телімдерін нарықтан төмен бағамен өз туыстары мен таныстарына рәсімдеген.
Сот үкіміне сәйкес, 2018 жылғы шілде мен 2022 жылғы сәуір аралығында AV-Construction-ға тиесілі пәтерлер, кеңселер мен жер телімдері 4,6 млрд теңгеден астам сомаға жымқырылған. Тергеу барысында Қоспаевтың компанияның 75% үлесін бақылағаны, ал қалған 25% үлес Абдығаппаровқа тиесілі болғаны анықталған. Агенттік мәліметінше, Қоспаев тобы Абдығаппаровтың анасына қысым көрсетіп, оның үлесін өтеусіз рәсімдеткен.
Осы істер аясында 2023 жылғы наурызда Бас прокуратура Абдығаппаров ісі бойынша Жоғарғы сотқа кассациялық наразылық енгізген. Ал 2025 жылғы 28 қаңтарда Астана соты Елдос Қоспаевты қылмыстық топ құру, рейдерлік, алаяқтық, мүлікті жымқыру және ақшаны заңдастыру баптары бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырды.