Бизнестің қанын кім ішіп жатыр?
Масқара бұл. Мұндай сұмдық жағдай басқа елдерді айтпағанда, өзіміздің таяу көршілеріміз – ТМД елдерінде де жоқ-ау.
Қазақстан мемлекетінің басшысы, кәдімгі ел президенті отандық кәсіпкерлерді қорғауға шақырып жатса, мына жақта әкімдер мемлекет басшысының саясатына саботаж жасайды екен. Ресейлік ірі бизнестің мүддесі үшін.
Не болды дейсіз бе? Қазақстандық Обухов кен-байыту комбинаты біраз жылдан бері біртүрлі жағдайды басынан кешіруде. «Тиолайн» деген отандық компанияны Башқұрт сода компаниясының адамдары рейдерлік жолмен тартып алмақ. Қазақстандық ЖШС-тің атқарушы директоры Виктор Долгалев пен комбинат қызметкерлері әлгілермен қолынан келгенше күресіп келеді.
Арты бітпейтін ырың-жырыңға айналған бұл оқиға 2005 жылы былай бастаған. Виктор Долгалев деген кәсіпкер нар-тәуекел деп, тау-кен кобинатын құру жобасын қолға алады. Оған бұл істе Фрайман мен Пяткин деген екі ресейлік бизнесмен көмектескен. Компанияны дамытуға 5 миллион доллар бөліп беріп, есесіне ЖШС акциялар пакетінің 56%-ын алған.
Долгалев әлемде смартфон, мониторлар мен компьютерлік техника өндірісінде сұранысы жоғары цирконий байытумен айналыспақ еді. Ал ресейліктердің мақсаты басқа екен. Олар шындығында бірлескен «Тиолайн» компаниясын дамытуды емес, қазақстандық сирек металлдар кенішін тонамақ болыпты. Осылай екі тарап бизнесті қалай жүргізу мәселесінде екі жаққа бөлінеді.
Қазақстандық тарап келісімшарттан бас тартты. Долгалев ЖШС акцияларының 24%-ын өз қызметкерлеріне таратып бергені үшін ресейліктер қатты жынданған. Ресейлік олигархтар қазақстандық кәсіпкердің басқа жерден несие алуына тыйым салған. Келісімшарт бойынша, кредитті солар ғана беруі керек екен, бірақ оны 40% ставкамен ұсынады екен. Қазақстандық банктер 12%-бен несие беріп тұрғанда бұл деген ашықтан-ашық тонау емес пе. Осылай компанияның тең иелері арасындағы кикілжің ушыға түседі.
Біз кездері ресейліктер бір сотта жеңіп, қазақстандық бизнесменді акционерлер қатарынан шығарып тастаған. 2006 жылдан 2017 жылға дейін ресейлік Пяткин мен Фрайман Долгалевті соттар мен прокуратурамен бетпе-бет қалдырып, Обухов кен-байыту комбинатын өз бетінше басқарған.
Басқарған жылдары Пяткин мен Фрайман Қазақстан экономикасына орасан шығын келтірді. 20 миллион долларды офшорға аударыпты. Олар Қазақстанның бюджетіне салық төлемеген, су, жылу мен жарық тұтынғаны үшін ештеңе төлемей, қарыздарды көйітіп тастаған. Тек 2017 жылы «Тиолайн» компаниясы салық бойныша мемлекетке 162 миллион теңге берешек боп қалған. Су мен жылу сияқты басқа қарыздарды айтпағанда.
Содан 2017 жылы кәсіпорында жұмыс істейтін төрт-ақ адам қалады. Кәсіпорын толықтай банкрот болды. ӘлгіПяткин мен Фрайман Ресейіне қашып кеткен, жауапкершіліктен жалтарып. Кәсіпорындағы жабдықтар тозған. Жылу мен жарықтан ажыратылған.
Қазақстандық ресурстарды тонау үшін келген ресейлік гастролерлердің басқаруы қазақстандық кәсіпорынды осылай құртып тынады.
Көрер жарығы бар екен
Сол 2017 жылы талай жыл соттасқан Виктор Долгалевтің бақытына орай, Омарова деген бір әділ судья жолығып, Долгалев компания басшылығына қайта оралды. О тоба, Қазақстанда әлі де ақшаға сатылмайтын, ары мен ұяты бар адал тірі судья кездеседі екен.
Содан Долгалев қайтып келеді. Кәсіпорында бәрі быт-шыт болған. Сау нәрсе жоқ.
Қой, дейді де Долгалев жұмысшыларды қайта жинайды. Цехтарды ақырындап қайта іске қоса бастайды. Жұмысшылар тамағын үйден тасиды. Бастықтың бұларға әзірге төлейтін ақшасы жоқ. Бірақ сенеді, оның кәсіпкерлік талантының арқасында кәсіпорынның әлі аяғынан тұрып кетеріне.
Долгалевке қазақстандық банктер мен онда отырған пәле банкирлер де сенеді екен. Мерзімі кешіктірілген кредиттері бойынша төлемдерді шегеріп беріпті.
Жұмыс жүріп кетті. Алғашқы өнімдерін тиеп, алғашқы ақша қолға тиді.
Долгалев компанияның салық бойынша берешектерін жапты. Әлгі ресейліктерден қалған 162 миллион теңгенің қарызы. Ол аздай, соңғы екі жылда Обухов комбинаты республика бюджетіне 1 миллиард теңге салық төледі. Жұмысшылардың жалақысы да өсіп жатыр. Орташа айлық 450 мың теңге. Комбинаттағы техничкалардың өзіне 300 мың айлық төленеді. СҚО-ның басқа ешбір кәсіпорнында мұндай жалақы жоқ.
Ресейліктер өлтіре жаздап, шала-жансар қалдырған компания соңғы бес жылдың ішінде титан-цирконий рудасын өндіру бойынша әлем бойынша үшінші орынға шығып кетпей ме. Долгалев тірі болып, ескірген жадбықтардың орнына жаңасын әкелсе, бұлардың цирконий өндірісі бойынша әлемдегі екінші орынға шығатын түрі бар. Айтпақшы, комбинатқа арналған бірқатар жаңа жабдықтар Қазақстанға жеткізілген, қазір кедендік төлемдері жасалуда.
Әлгі екі сұмырай тағы да сумаң етті
Долгалевтің ресейлік дұшпандарын жер жұтты деп кім айтты. Қазақстандық компанияның активтері сұмдық өсіп жатқанын көрген олар тағы да күреске кірісті. Ақша берді ме екен, әйтеуір бізге одақтас болыңдаршы деп, СҚО әкімдігін көндіріп алыпты.
2019 жылы Пяткин мен Фрайман басқаратын Башқұрт сода компаниясының өкілдері біздің компанияны арзанға сатып алып, оның активтерін қытайларға сатып жіберуді шешкен екен.
Содан бері сұмдық нәрселер басталды. Ресейліктерге СҚО шенеуніктері болысып жатыр. Билікпен ауыз жаласқан рейдерлер қазақстандық кенішті шетелдіктерге сатып жібергісі келеді.
Башқұрт сода компаниясы «Тиолайн» деген тағы бір компания құрып, оған директор қылып қарағандылық Дәулетбеков деген біреуді директор етіп тағайындап қойыпты. Дәулетбеков – тау-кен ісінде түк түсінбейтін адам. Өзі мүдегек, бір кездері пәтер ұрысының шопыры болған.
Сол ресейлік «Тиолайнды» бүгін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов қолдап отыр. Олигарх Пяткин мен Фрайманның сойылын соғып.
Әкім неге өйтеді-ей? СҚО полицейлері ойдан себеп шығарып, Обухов кен байыту комбинатының өнімдерін ұстап жатыр. СҚО прокурорлары комбинат қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғап жатыр. Соттар әділетсіздікпен соттап жатыр. СҚО әкімі Құмар Ақсақалов табысты кәсіпорынды қылқындырып жатыр. Өз саласында әлемнің үздік үштігіне кіретін қазақстандық кәсіпорынды.
СҚО прокуратурасы қазірге дейін Долгалевтің үстінен 24 қылмыстық іс қозғаған. Мемлекет қазынасына миллиардтап салық төлейтін азаматтың үстінен. Бұл енді сорақы нәрсе. СҚО әкімдігінің масқарасы осы.
Өткенде СҚО-дағы Тайынша ауданының әкімдігі өзінің жөн-жосықсыз шешімімен комбинаттың карьері жатқан жерді бір шаруа қожалығына бере салды. Сөйтті-дағы қазақтың «Тиолайнында» жұмыс істейтін 430 жұмысшыны жұмыссыз қалдырды. Олардың бала-шағасын аш қалдырды. Бюджетке кен байыту кәсіпорнынан көп салық түсе ме, әлде шаруа қожалығынан көп салық түсе ме. Қазақстанда осындай маразм болады екен,ә?
Айтпақшы, Құмар Ақсақаловтай «көреген», «данышпан» әкімі бар Солтүстік Қазақстан облысынан халық қашып жатыр. Әкім өз жұмысын атқарудың орнына бизнеске қысым жасайды, кәсіпорындарды құртып жүр. СҚО-да шаруа қожалығына беретін басқа жер жоқтай. Тек Петропавлдың өзінде 18 мың ауыл шаруашылық жер учаскелері босқа жатыр, қожайындары СҚО-дан басы ауған жаққа қашып кеткен.
Бұл деген бар ғой, елге қарсы ашық қастық, көрінеу зиянкестік жасау. Ел президентінің реформаларына қарсы саботаж.
Ұрының арты қуыс дегендей, облыс басшылығы Обухов кен байыту комбинатының жұмысшыларымен кездесіп, сөйлеуден қашады. Жұмысшылар қашан келсе де, әкім зып береді, ойбай, қазір ол орнында жоқ екен дейді.
Өз халқының көзіне тура қарай алмайтын әкімді бұрын көрмегендер болса, СҚО-ға барып, көруіне болады. Сендер неге Қазақстан халқына зияндық жасап жүрсіңдер десе, СҚО шенеуніктері ештеңе дей алмай, жерге қарайды.
Президенттің «еститін мемлекет» деген тұжырымын СҚО басшылығы жерге көміп тастады. Өткен жолы тау-кен кәсіпорындарының басшыларының алдында сөз сөйлеген президент не дейді? Ол офшорға заңсыз капитал шығаратындар, экологиялық талаптарды бұзатын, өз жұмысшыларының жағдайын жақсартпайтындардың басынан мемлекет сипамауы керек деді. Ондайлар сөзсіз жазасын алады деді.
Ал енді СҚО басшылығы ашықтан-ашық ресейлік олигархтардың лоббисі болып отыр. Пяткин мен Фрайман не істемеді: офшорға ақша тықты, экологиялық заңнаманы бұзды, жұмысшыларды аш қалдырды. Ендеше Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіндегілерді қу шыбықпен қуып шығатын жөні бар мемлекет басшысының.