БҚО-да 16 жастағы қызды зорлады деп күдіктелген шенеунік қамауға алынды
Батыс Қазақстан облысында полиция 16 жастағы қызды зорлады деп күдіктелген шенеунікті ұстады.
Бұған дейін істі тоқтату әрекеттеріне байланысты бұл жағдай қоғамда үлкен наразылық тудырған болатын. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
БҚО Полиция департаменті редакцияның ресми сауалына берген жауабында күдіктінің қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалғанын растады.
«Қылмыстық істі облыстық ПД Тергеу басқармасы өндіріске алды. Кәмелетке толмаған қыздың әкесі айтқан қосымша мәліметтер сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында тексерілді. Күдікті ұсталды», - деп хабарлады ведомство.
Полиция тергеу жұмыстары департамент басшылығы мен прокуратураның ерекше бақылауында екенін қосты. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
Бұған дейін зардап шеккен қыздың әкесі БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасаған болатын. Оның айтуынша, 68 жастағы шенеунік 16 жастағы қызын алдап үйіне шақырып, зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған. Оның сөзінше, күдіктіні полиция ұстап, бірақ кейін босатып жіберген, ал тергеу өте баяу жүрген.
Іс неге жабылған еді?
Өңірлік полиция бастапқыда телефондағы хат алмасуларға сілтеме жасап, жыныстық қатынас «өзара келісім бойынша» болған деп мәлімдеген. Сондай-ақ қыздың анасы мен зардап шегушінің өздері шағымданудан бас тартты деген ақпарат айтылған.
Алайда, бұл оқиға резонанс тудырған соң, жағдайға Ішкі істер министрлігі араласты. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжілісте өткен брифингте істі тоқтату туралы шешімнің күші жойылып, тергеу қайта басталғанын хабарлады.
Полицейлер жазалана ма?
Журналистер істі жауып, күдіктіні босатып жіберген қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселе көтерді. ІІМ негізгі сотқа дейінгі өндіріс нәтижелері бойынша қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдауға уәде берді.