БҚО-да киікті ғана емес, латифундистерді де аулау керек

Киік мәселесі қоғамда қайта қоздады. Осы күнгі санақ бойынша олардың саны шамамен 4 млн. Ал қазір төлдеп болып қалғанын ескерсек, кем дегенде 5 млн-нан асып жығылады деген сөз.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебі осындай. Ендігі сөз, сол мыңғырған дала жануарынан ауыл шаруалары зардап шегіп отырғанын айтып, дабыл қақты. Соңғы үш-төрт жылда дау болып келе жатқан осы түйткілдің әлі күнге нақты байламы жоқ. Мәжілісте өткен аптада арнайы сөз болған осы тақырыптың талқысы қалайда киік санын қолмен реттейтін болып біткен. Ал шынтуайтында қалай?
Бесеудің төртеуі БҚО-да жүр
Қазақстан территориясында киік популяциясының үш түрі бар. Бірі – Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарының шекарасында Үстірт популяциясы. Одан кейін Бетбақдала популяциясы. Оған еліміздің орталық бөлігі мен Оңтүстік және Шығыс Қазақстанға дейінгі аймақтар кіреді. Ал БҚО аумағында Орал–Волга популяциясы, ол Атырауға дейін барып, бір шеті Ресейге өтеді. Байтақ даламыздағы табиғат сыйы дейтін осы жануарға енді экология мен ауыл шаруашылығы министрлігі қырын қарап қалған. Себебі ауылдағы шаруалардан түскен арыз-шағым қалайда бір шешім қабылдауға итермелейді.
Киік мәселесін бірнеше жылдан бері зерттеп келе жатқан биология ғылымдарының докторы Әлжан Шәмшидиннің айтуынша, жайылым шөбін миллиондаған киік жеп қоймаса да жүріп өткен кезде таптап кетеді. Ол жерде шөп шықпайды.
«Киік ауыл шаруашылығы жануарларының шөбін жемейді деген сөз бұрынғы 1950 жылдарда айтылған әңгімелер. Біз өзіміз табиғатқа барып, тәлімбақта киік ұстап отырмыз. Қой мен ешкі жейтін шөптің барлық түрімен қоректенеді. Сол себепті саны шамадан асып кеткендіктен ауыл шаруашылығы жануарларына бәсекелес болып жатыр. Екіншіден, жайылымды да, шабындықты да таптап кетіп жатыр», – дейді ғалым.
Соңғы санақ бойынша шамамен 5 млн-нан асып тұр десек, соның шамамен 4 млн-ы БҚО аумағында деп есептейді Әлжан Смайылұлы. Ал санын реттеуге келсек, оның сөзінше, Қазақстанда ашылып жатқан жаңалық емес, әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен, АҚШ-та да жабайы қабандар мен жабайы жылқыларды атып тұрады. Австралияда да кенгурулар мен қояндарды реттеу жұмыстары жүргізіледі. Еуропа елдерінде де киікке ұқсас жануарлар бар. Олардың да жылына 35-40%-ын аңшылық арқылы реттеп отырады.
Зерттеушінің айтуынша, соңғы 20 жыл шамасында қорғап келген шаралардың арқасында киік саны осындай орасан деңгейге жетіп отыр. Дегенмен БҚО аумағында ары кетсе 500-600 мың бас шамасынан аспау керек деп санайды. Сонда қолдағы малмен бәсекелеспейді әрі азық қоры да жеткілікті болмақ. Ал қазіргі санына азық қоры жетпейді. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінде ет өнімі жөнінен ерекше орын алатын өңірде қазірдің өзінде 6,5 млн гектар жайылым жетіспейді.
Қасқырлар киік жемей ме?
Осы тұста табиғатты табиғи жолмен реттеу дәстүрі неге қолданылмайды деген сауал туындайды. Айталық, 90-жылдары Йеллоустон саябағында қасқырлар жойылып кеткенде бұғылар шамадан тыс көбейіп кеткен. Ол өсімдіктер мен өзен экожүйелеріне зиян келтіреді. Сөйтіп, 1995 жылы қасқырларды қайта жерсіндіру бағдарламасы басталады. Нәтижесінде жыртқыштар бұғылар санын реттеп, өсімдіктердің қалпына келуіне және өзендердің эрозиясының азаюына ықпал еткен.
Сол секілді Австралиядағы коралл рифтерін қорғау шарасы да жақсы мысал бола алады. Үлкен Барьер рифінің теңіз экожүйесін сақтау үшін Австралияда теңіз қорықтары құрылады. Себебі браконьерлік пен климат өзгерістері коралдар мен балық түрлеріне қауіп төндірген. Ақырында 2000 жылдардан бастап балық аулауға шектеу қойылып, рифтерді қорғауға бағытталған бағдарламалар іске қосылды. Соның арқасында балық популяциясы тұрақтанып, бұл экожүйенің тепе-теңдігін сақтауға көмектескен.
Алайда Әлжан Шәмшидиннің айтуынша, біздегі киік санын реттеуде қасқырдың үлесі мардымсыз болып тұр. Біріншіден, қасқыр саны аз. Екіншіден, соңғы жылдардағы зерттеулерге қарасақ, олар үй жануарларымен көп қоректенеді екен. Өйткені киікті қуып жүріп ұстағаннан гөрі жайылымдағы жайбарақат малды жеген оңай әрі киікке қарағанда еті де татымды. Оның үстіне, осынша киік санын реттеу үшін қасқырдың саны бір облыстың өзінде 35-40 мың болу керек.
Жалпы киік санын реттеу 2023 жылы қолға алынғаны белгілі. Ресми дерек бойынша сол жылы 336 мың бас киік реттелуі керек еді. Бірақ Қазақстан бойынша 43 мың ғана бас ауланып, межелі шамадан 10 есе кем болып қалды. Алайда киік етін қабылдайтын ет комбинаттары жеткіліксіз болып тұр. Өйткені БҚО-ның өзінде киік көп жүрген 4 ауданға әрқайсына кемі бір-бірден ет комбинаты керек. Себебі зерттеу қорытындысы бойынша 20%-ына дейін реттеуге болады. Бұл үлкен көлем. Оны қазіргі қолданыстағы ет комбинаттарына игеру қиын.
Айта кетерлік маңызды жайт, киік санын реттеуде шетелдің тәжірибесін қолданатын болса, ол бізге өте жағымсыз болғалы тұр. Ғалымның айтуынша, өзге елдерде төбесінен у шашу, болмаса өрт қою тәжірибелері қолданылады. Тіпті әскерилерді жіберіп, қару-жарақпен атып тастайтын жайттар да бар. Ал бізге ондай әдістің керегі жоқ. Өйткені еті адал, экологиялық тұрғыдан таза жануарды дұрыстап ұқсатып, халықтың пайдасына жарату керек.
Ал БҚО-дан өзге Үстірт популяциясында мұндай мәселе жоқ. Өйткені олардың саны өте аз. Ол жақта кемі 100 мың бас жүруі керек деп есептелгенімен, қазіргі бары 50-60 мың ғана. Ол тіпті өзінің оптималды санына да жете алмай отыр. Дегенмен Бетбақдала популяциясының да Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарында шаруаларды әуре-сарсаңға салып жатқан жайттары айтылып жүр.
Депутаттар киік санын қысқартуды қос қолдап қолдайды
Киік санын қолмен реттеу айтуға оңай болғанымен, оның да шығыны аз болмайтын сияқты. Өткен аптада мәжілісте осы тақырыпты арнайы сөз еткен отырыста депутат Қазбек Әлішев киіктің нақты жүретін аумақтарында мобильді ет өңдеу кешендерін салу керек деген бастама көтерді. Өйткені атып алу шарасына кіріскенмен еті тез бұзылатындықтан оны дереу тоңазытқышқа салып жеткізу керек. Ал бұл шараларға инвестициялық субсидиялау нормаларын 25%-дан 50 немесе 80%-ға дейін көтеру керек деп есептейді.
Екіншіден, мал жайылымдары мен егіншілік аумақтарын жергілікті бюджет 50%-ға ғана субсидиялайды. Ал шаруалардың қазір оған мүмкіндігі болмай отыр. Сол себепті бұл шығындарды да 80%-ға дейін субсидиялау керек деп республикалық бюджетке қолқа салды.
Үшіншісі, экология министрлігі «Жасыл дамуға» жиналған қаражат есебінен инсинератор сатып алу мәселесін дереу шешу қажет. Өйткені далада көбейіп кеткен өлекселерді тездетіп жоймаса, ауру таратуы әбден мүмкін.
Алайда бірқатар сауалдың лайықты жауабы табылмай тұр. Біріншіден, БҚО-дағы киік өріп жүрген аумақтар олардың тарихи мекені екені айтылады. Соның ішінде Жәнібек пен Қазталов аудандарының Ақоба, Борсы, Ақадыр, Қараоба ауылдарының маңы. Оларды бұл жерлерден қуып жібергеннің өзінде бәрібір айналып кеп сол мекеніне төлдейді. Демек, мәселеге басқаша көзқараспен қарау керек, яғни шаруалардың жерін таптап жатқан киік емес, керісінше, шаруалар киіктердің тарихи мекенін тартып алған болып шығады.
Екіншіден, киік санының табиғи құбылыстар мен ауруға қатысты қалай өзгеретінін алысқа бармай-ақ соңғы 10 жыл бедеріндегі оқиғалар көрсетіп берді. Топ-тобымен қырылып қалған жайттардан соң олардың популяциясын сақтап қалу деген мәселе көтерілгені де күні кеше ғана. Сондықтан дәл бүгін киік саны артып кетті деп байбалам салғанмен, келер жылы-ақ күтпеген аурудан аяқасты қырылып қалу қаупі жоқ емес.
Үшіншіден, былтырғы ел аумағын шарпыған су тасқыны кезінде суға кеткен мал басы үшін субсидия алу мәселесі көп сөз болды. Өйткені ресми статистикадан бөлек, шығынға ұшыраған, бірақ есепке алынбаған мал басын қайтерін білмей дағдарып қалды. Бұл жалпы қомақты салықтан қашқан ірі шаруалардың басындағы жағдай еді. Мыңғырған малын нақты есепке көрсетпей жүргенде табиғаттың жайсыз мінезі сол былықтың бетін ашып бергендей болды. Сол ресми статистикаға енбеген мал басының ендігі мәселесі киікпен арпалыс болып тұрған сыңайлы. Кең алқапқа кетпесе, оларға анау-мынау жайылым таршылық ететіні сөзсіз. Демек, далада өз бетімен жүрген киіктің жеріне барып килігеді. Бұл жайлы әзірге сөз етілмейді.
Киік тақырыбын зерттеп, көп жазып жүрген журналист Нұрлыбек Рахман фермерлер мен киіктің «қақтығысы» суатқа қатысты туындап тұр.
«Су іздеп келген киік жайылымға ауыз салатыны түсінікті. Сондықтан киікті ішетін суға тарықтырмау керек. Су іздеп шұбырған киікті ана жақ, мына жақтан қуып қайыра бергесін ақбөкеннің миграция жолы өзгере бастады. Министрліктер ең алдымен осы су мәселесімен айналысуы тиіс. Суын жеткілікті қылып реттеп алмай киіктің санын өсіре беру – абсурд. Бұл қазақ қоғамының киелі деп қастерлеп келген киігіне көзқарасының өзгеруіне, «киік – зиянкес» деген біржақты пікірдің қалыптасуына алып келе жатыр», – дейді ол.
Киіктер өзге де мәселелердің бетін ашып берді
Депутаттар мәжілісте дабыл қағып жатқанда Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы қолданбалы биология орталығы ғылым бойынша директоры Сергей Скляренко тосын жайттарға назар аударды. Облыс аумағына барып, жүзден аса шаруа мен жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізген қауымдастық өкілдері қызық деректерге көз жеткізген.
Киік мәселесі жайылым құлазып, су көзі жетіспейтін аумақтарда ушыққан. Облыстық жер ресурстары басқармасының мәліметінше, облыс аумағындағы көп жерде мал басының саны шекті межеден асып кеткен. Киіктердің табиғи көшу тәртібі бұзылған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, түрлі инфрақұрылым салынғаннан кейін киіктердің бір жерлерде шоғырланып қала беруі жиілеген. Соның салдарынан шөп шабу үшін шаруалар едәуір алыс жерлерге дейін баруға мәжбүр. Сайып келгенде, бұл жерде мәселе киікке тіреліп тұрған жоқ. Киіктер тек осыған дейін табиғаттағы қалыптасқан күрделі жағдайды одан әрі ушықтырған. Сондықтан табиғаттың қиын жағдайы жалғыз киік санын реттеумен шешілмейтінін айтады. Ол үшін аталған қос министрлік бірлесіп, кешенді жұмысты қолға алу керек.
Оның шешімін жергілікті халықтың өзі-ақ айтып беріп отыр. Біріншіден, әлеуметтік-кәсіпкерлік кооперативтерін қолға алып, шағын шаруа қожалықтарын қолдау керек. Екіншіден, пайдаланылмай жатқан жерлерді кері қайтарып, оны ортақ пайдаланатын жерге айналдыру қажет. Қазір ондай жерлерді ірі шаруашылықтар, қарапайым сөзбен латифундистер басып қалған. Ал ұсақ шаруашылықтар малын шалғай жерлерге жая алмайды. Облыста бүгінде осындай олқылық жүйелі проблемаға айналған. Киік санының көбеюі осы олқылықтың бетін ашып беріп отыр. Тағы бір қызық жайт, киік жайылатын жердің бәрі тып-типыл емес, керісінше, қанағаттанарлық жағдайда болып шыққан.
Ербол Тұрымбет
Астана