Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:12

БҚО-дағы мас әкім мен мейірімді Әдеп кеңесі

Миржан Есқалиев
Шежін ауылдық округінің әкімі Миржан Есқалиев. Фото: gov.kz

Биыл 13 ақпанда Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров мас болып, машина жүргізгені үшін 15 тәулік қамалғанын естіп, біздің шенділерден бәрі шығады деп бас шайқаған едік.

 Toyota Land Cruiser Prado маркалы қымбат көлік мініп, Астана көшелерінде алшаң басып келе жатқан Бабақұмаровты жол полицейлері сабасына түсіріпті. Ол енді 7 жыл бойы рөлге отыра алмайды.

Елордада экс-әкім ұсталғанын елдің бәрі естігенімен, алыс аймақтағы ауыл әкімі қандай «өнер» көрсетіп жатқанын көп ешкім білмей де қалған еді. «Жас Алаш» редакциясына келген оқырман хаты осындай бір былықтың бетін ашып берді.

Бисенбай Өтегенов есімді ақсақалдың жазуынша, Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының Шежін округінің әкімі Миржан Есқалиев Бабақұмаровтың «ерлігін» қайталап, 15 тәулік қамауда отырыпты. Ең қызығы, ережені елемей, ел алдындағы беделінен айырылған әкім әлі қызметін жалғастырып жатқан көрінеді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесі Есқалиевті креслосынан қозғамай, ескерту берумен шектеліпті.

Есқалиев Бабақұмаров сияқты тағайындалған емес, сайланған әкім. Бірақ ауылдағы ағайынның батасы мен дауысын алып, қызметке кіріскен әкім бар абыройынан өзі айырылып қалды. Оған Әдеп кеңесі кеңшілік танытқанымен, халық кешіріп, келесі сайлауда дауыс берер ме екен?..

Біз мас әкім мен мейірімді Әдеп кеңесі жайлы толық ақпарат алу үшін БҚО әкімдігіне хабарластық. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бұл істен хабарсыз болып шықты. Ауданға сұрау салып, мән-жайды біліп беруге уәде еткен. Бірақ жарты жаттанды жауап алдық. Олардың айтуынша, ауыл әкімі жол полициясының қолына еңбек демалысында жүріп түсіпті. Қызметінен қуылмауына осы жағдай әсер еткен сияқты.

«2024 жылғы 14 желтоқсан күні Шежін ауылдық округінің әкімі М.Есқалиев әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берді деген ақпарат келіп түсті. М.Есқалиевке қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Бұл уақытта М.Есқалиев еңбек демалысында болатын. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 25-тармағына сәйкес, ауылдық округ әкімінің тәртіптік жауапкершілігі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО Әдеп жөніндегі кеңес отырыстарында қаралады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №156 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы Әдеп жөніндегі кеңестері (бұдан әрі – Әдеп жөніндегі кеңес) агенттіктің алқалы органы саналады. Аталған іс-әрекет кеңесте қаралып, шешім (№61 28.01.2025ж.) қабылданған болатын. Аталған шешімге сәйкес Тасқала ауданының әкімі М.Есқалиевке «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс енгізіліп, аудан әкімінің 29.01.2025 жылғы №17 өкімімен қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды».

Оқырман хаты:

2023 жылы 12 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының Шежін округінде өткен әкім сайлауында «Аманат» партиясы ұсынған Тасқала ауданының тұрғыны, 1989 жылы туған Миржан Сүндетқалиұлы Есқалиев 82,3 пайыз дауыс жинап, округ әкімі болып сайланған.

Ал 2025 жылы 14 ақпанда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында осы Есқалиевке қатысты тәртіптік іс қаралды. «Бақсам – бақа екен» дегендей, жаңа әкіміміз мас болып, рөлге отырғаны үшін қатаң сөгіс алыпты.

Мәселені басынан бастайық, ауыл әкімі 2024 жылы 14 желтоқсанда мас күйінде рөлге отырып, машина жүргізгені үшін 15 тәулікке қамалып, көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылған. Әкім аудан көлеміндегі кең дала жетпегендей, әрлі-берлі көлігі қайшалысып, адамдар шұбырып жатқан күре жолда мас күйінде көлік жүргізіпті. Ол көшеге сыймай зулап жатқан автомобильдердің біріне соғылып қалармын немесе бір адамды қағып кетермін деп ойламаған сияқты.

Облыс орталығы Орал қаласында сайраңдап, аяғын алшаң басып, мас күйінде машина жүргізіп келе жатқан Миржанды қалалық полиция қызметкерлері тоқтатпаса, мұның соңы қандай жағдайға апарып соғары белгісіз еді.

Облыстық газеттен ішімдік ішіп, көлік жүргізген әкімге қатаң сөгіс жарияланғандығын оқығанда қатты таңғалдым. Мұндай өрескел қателік жасап, тұрғындар сенімінен айырылған, мемлекеттік қызмет этикасын бұзған адам қалай жеңіл жазамен құтылды? Әкім ереже бұзғанда қызметтен тыс уақыт болған деп, оны кімдер негізсіз арашалап отыр?

Аудан әкімі Талғат Шакиров М.Есқалиевке берген қызметтік мінездемесінде Есқалиев жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын, бір жылда тәртіптік жазаға тартылмағанын ескеріпті. Бірақ арақ ішіп, машина жүргізгені үшін 15 тәулікке қамалған мемлекеттік қызметкердің халық алдында қандай бедел қалды? Оның ел алдында әкім болып жүргенінің өзі ұят деп есептеймін.

Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметкердің мінез-құлық стандарты қандай болуы керек екені тайға таңба басқандай айқын жазылып тұр. Мемлекеттік қызметші жұмыс уақытынан тыс уақытта да әдеп кодексін қатаң сақтауға міндетті. Ендеше, облыстық әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов неге әдеп кодексіндегі 5 бөлімнен тұратын жалпы стандартты ескермей, Есқалиевке аяушылық танытып отыр?

Мемлекеттік қызметкер деген атаққа өрескел кір келтірген әкім халықпен енді қалай сөйлеседі, жұртты қалай басқарады деген сауалға Есқалиевке жеңіл жаза тағайындаған тиісті орындар жауап беруі керек деп есептеймін.

Бисенбай Өтегенов, зейнеткерТасқала аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі,

Батыс Қазақстан облысы

Тегтер: