БҚО-ға тағы бір дрон құлады: полиция тексеріс жүргізіп жатыр
Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында сыртқы түрі дронға ұқсайтын бөлшектер табылды. Бұл ақпаратты өңірлік полиция департаменті растады.
Ведомство мәліметінше, табылған зат елді мекендерден тыс, ауылдық аумақта анықталған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барып, тексеріс жұмыстарын бастап кеткен. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде БҚО-дағы ауылдардың бірінің маңында дрон құлағаны туралы фото және хабарламалар тараған болатын.
Айта кету керек, бұл өңірде мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. 2025 жылдың наурыз айында Жәнібек ауданында да белгісіз дронның сынықтары табылған. Ал сол жылдың қазанында Бөрлі ауданында да дронға ұқсас бөлшектер анықталған еді. Барлық дерек бойынша полиция тексеру шараларын жүргізген.
Қазіргі уақытта соңғы оқиға орнына арнайы мамандар тартылып, ұшу аппаратының түрі мен тиесілігін анықтау үшін сараптама жасалып жатыр. Жағдай облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер тіркелмеген.