Блинкеннің кеудесінен итерген Жапаров Путиннің жолымен келе жатыр
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров АҚШ пен Батыс елдері табанды түрде қарсылық көрсеткеніне қарамай «шетел агенті» заңына қол қойды. Қырғыз заңы бұдан 12 жыл бұрын Ресейде қабылданған заңның «айна қатесіз көшірмесі» дейді сарапшылар.
Әңгімені әріден бастайық. 2013 жылы Ресейде «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заң қабылданды. Шетелден қаржы алып, Ресейде саясатпен, қоғамдық істермен айналысатын ұйымдардың, ақпарат құралдарының бәріне сол заң аясында «шетел агенті» деген айдар тағылды. Яғни ел аумағында демократияны насихаттап, адам құқығы, түрмедегі азап, әділ сайлау, үкіметтің ел алдында есеп беруі сынды, т.б. биліктің пропаганда машинасының «дөңгелегіне таяқ тығатын» саясаткер, белсенді не журналистің бәрінен Кремль «тыңшы» деп күдіктенеді. Әуелде бұл заңға бағынбағандарға айыппұл салып жүрді. Украинаға соғыс ашқан соң жаза қатайып, кәдімгі саяси қуғын-сүргін құралына айналды. Биліктің ұстанымымен келіспеген жұрт шетелге қашуға мәжбүр болса, кейбірі тұтқынға түсіп, түрмеге отырды.
Осы жолмен енді Қырғызстан да жүріп көрмекке бел буған сынды. Сүрлеуді өзге емес, президент Садыр Жапаровтың өзі бастап салып бергендей. 14 наурызда Қырғызстан Жоғарғы кеңесі қабылдаған «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңның өзгеріс жобасына қолын қойып, мөр басқанын Жапаров 1 сәуір, дүйсенбі күні мәлімдеп, сүйіншісін өзі Facebook парағында сұрады. «Құрметті қырғызстандықтар!» деп басталған жазбасында президент Жапаровтың сөзі түйеден түскендей. Айтуынша, ел тәуелсіздік алғалы үкіметтік емес ұйымдар еш жерде тіркелмей, есеп бермей, ойына келгенін істеп келген. «Енді бұлай болмайды. Бұдан ары бәрі әділет министрлігіне тіркеледі. Банктен есепшот ашады, салық төлейді және жұмысы көмескі емес, айқын, ашық жүреді. Қырғызша айтқанда, «есек жайлау» (түпнұсқада «эшек жайлоо» – авт. ) болмайды» дейді Жапаров. Жазбасында Жапаров бұл заңға қарсылыққа да тоқтаған. Оның айтуына қарағанда, шетелдік саясаткерлерді Қырғызстанда жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар «бізді билік «шетел агенті» деп танып, қуғынға салғалы жатыр» деп алдаған. Демек, АҚШ, Еуропа саясаткерлері, беделді құқық қорғау ұйымдары бұл «алдауға» сеніп қалған. Ол «мемлекет басшысы ретінде ешкімнің де қуғынға түспейтініне кепіл боламын» деп, ант-су ішеді. Сөзінің соңын президент «шетелдік ұйымдар біздің әділет министрлігіне тіркелмейтіндей, салық төлемейтіндей немене, біз екінші сортты мемлекетпіз бе?» деп дүрсе қойып бітіреді.
Жапаровтың «сүйіншісіне» елдегі үкіметтік емес ұйым өкілдері қуана қоймады. Президент жазбасына «Тандем» заңгерлер қауымдастығының директоры, заңгер Тәттібүбі Ергешбаева: «Сіз ақпаратты дұрыс жеткізбей отырсыз» деп пікір жазды. Оның айтуына қарағанда, мына заңның қажеті жоқ. Өйткені шетелден қаржы алып, Қырғызстанда жұмыс істеп жатқан үкіметтік емес ұйымдардың бәрі ежелден әділет министрлігінде тіркеледі, банктен есепшот ашып, салық төлеп, жұмыс істеп келеді әрі ай сайын, кейбірі тоқсан сайын есеп беріп отырады. Ергешбаева: «Біздің үндеуімізге құлақ аспағаныңыз өкінішті» деп, кейістік танытады. Кейістік танытатын себеп те жоқ емес. Заң жобасын парламент талқылап жатқанда елде қызмет атқарып жүрген үкіметтік емес жүздеген ұйымның басшысы президентті оған қол қоймауға шақырған. «Интербілім» қоғамдық ұйымының төрайымы Гүлғақы Мамасалиева да президенттің бұл ісі өкініш тудырғанын айтқан. «Қоғамдық ұйымдар президенттің өзімен кездесуді, қабылдауды сұрап қаншама рет өтінді. Былтыр да, биыл да хат жолдаған. Бірақ ол қабылдамады. Президентіміздің өз халқына қамқорлық танытпағаны, мейіріммен қарамағаны өкінтеді» депті Мамасалиева.
Садыр Жапаровтың даулы заңға қол қойғанын АҚШ та, Еуропа да сол заматта естіп, жабырқап қалғандарын мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Мэтью Миллер Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парағында «Қырғызстан билігінің «шетел агенті» заңын қабылдауы елде үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс істеуін қиындататынына қатты алаңдаймыз. Қырғыз үкіметін елдегі демократияның өзегіне айналған азаматтық қоғамды қорғауға шақырамыз» деп жазды. «Азаттық» радиосының Қырғыз қызметіне сұхбат берген бас кеңсесі Ұлыбритания астанасы Лондонда орналасқан Amnesty International құқық қорғау ұйымының Орталық Азияға жауапты өкілі Мари Стразерс: «Қырғызстан елі үшін қайғырып тұрмын» деген. Оның айтуынша, Қырғызстан үшін бұл заңның еш қажеті жоқ, яғни «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» 2000 жылы қабылданған бұрынғы заң да үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын бақылауға, реттеуге, олардан есеп талап етуге қауқарлы. Сарапшы бұрынғы заң қоғамды жікке бөледі, сырттан қаржы алып жұмыс істеп жүргендердің аты-жөнін, есебін барша жұртқа ашық көрсету арқылы ел ішінде оларға «шетелдік өкіл» деген көзқарас қалыптастырып, өшпенділік тудыруы мүмкін деп қауіптенеді. Себебі заңға сәйкес, бұдан былай шетелден қаржы алып жұмыс істейтін бейүкіметтік ұйымдар «шетел өкілдігінің ісін атқарушы» деген қосымша айдармен тіркеледі. Демек, ақшаны халықаралық ұйымдардан алып, бірақ Қырғызстан қоғамының мүддесі үшін жұмыс істесе де ол «шетелдің өкілі» боп танылады. «Өкілі» деген бейкүнә сөзбен алмастырғаны болмаса, бұл Ресейдің кәдімгі «шетел агенті» тіркесіндегі мағынадан алыс емес. Бұны құқық қорғаушылар заң алдыңғы жылы талқылауға шыққанда-ақ байқаған. «Әділет» құқықтық клиникасы 2022 жылы жобаны сараптамадан өткізіп, оның Ресейдегі «Шетелдік агенттер туралы» заңға 98% ұқсас екенін анықтаған.
Бұл заң жобасын қабылдауды ұсынған адам – Жоғарғы кеңес депутаты Надира Нарматова деген заңгер. Ол 2022 жылы күзде парламент отырысында «Шетелдік агент туралы заң қабылдау керек. Олай етпесек, елде тыныштық орнамайды. Шетелден қаржы алатын ұйымдар мемлекеттің дамуына мүмкіндік бермейді. Билікті өздері алғысы келеді» деген. Бірді-екілі әріптесі қарсы сөйлегені болмаса, депутаттар заңды едел-жедел қабылдап тастауға бейіл екенін сол жылы-ақ танытқан. Алайда қоғамда қарсылық күшейіп, митингілер өтіп, үндеулер тарап, АҚШ пен Еуропадан «алаңдаушылық» танытқан хаттар, мәлімдемелер жиілеп, заң жобасының талқылауы ұзаққа созылып кетті. Бұл жерде депутат Нарматованың осы заңды 2013 жылы да ұсынғанын айта кету керек. Ол кезде президент Алмасбек Атамбаев еді. Атамбаев та Нарматованың ұсынысын қолдай жөнелген. Бірақ 2015 жылы Жоғарғы кеңес депутаттарының басым бөлігі жобаға қарсы дауыс беріп, ұсыныс өтпей қалған. Содан бері бұл мәселе біраз тынышталғанға ұқсаған. Бақсақ, уақытша ғана екен. Әріптестерінің қарсылығынан соң ұсынысын жылы жауып, архивке жіберген Нарматова 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін шаң басқан қағаздарын қайта жарыққа шығарса керек.
Қырғыз билігі «шетел агенті» заңын әзірлеп жатқанда БҰҰ, Еуропа одағы, Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы президент Садыр Жапаровқа дүркін-дүркін хат жолдап, ашық түрде де мәлімдеме жасады. Бәрі мына заңға «алаңдаушылық» білдірді. Былтыр БҰҰ жанындағы адам құқығы басқармасының арнайы үш адамы осы заң жобасын зерделеп, қазан айында баяндамасын ресми түрде таныстырды. Баяндамашылар жобаны адам құқығының қорғалуына, сөз бостандығы мен азаматтық қоғамның дамуына зардап тигізетінін айтты. ЕҚЫҰ жанындағы демократиялық институт және адам құқығы бюросының директоры Маттео Мекаччи мен ЕҚЫҰ-ның еркін баспасөз бойынша өкілі Тереза Рибейро да ақпан айында Қырғызстан парламентін жобаны осы күйінде қабылдамауға үндеп, керек болса көмекке әзір екендерін мәлімдеген. HRW ұйымы елдегі азаматтық қоғамның үнін өшіріп, тілін кесуге негіз болатын заң жобасы осы күйінде қабылданса, оның Қырғызстанның сыртқы қарым-қатынасына да зардабы тиетінін ескерткен. Бұл үндеулерден АҚШ билігі де тыс қала алмады. 17 қаңтар күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа Ақ үйден ресми хат жолдаған. Хатта Блинкен Қырғызстанның негізгі байлығы – азаматтық қоғамы екенін баса көрсеткен. Ол заң қабылданса, қырғыз халқы осы байлықтан айырылып қалуы мүмкін деген. Бұл хатқа Садыр Жапаров жиырма күннен соң жауап қайтарды. Жауабы Блинкеннің сыпайы, сипай қамшылаған майда сөзіндей емес, шартпа-шұрт, келсең келге ұқсайтын, қатулы шықты. Жапаров Блинкеннің хатын «Қырғызстанның ішкі ісіне араласу» деп бағалаған. Ол Қырғызстан парламенті қарап жатқан «шетел агенті» заңы АҚШ-тың 1938 жылы қабылдаған «шетел агенті» заңына ұқсас екенін айта келе «сіздерге сондай заң қабылдауға болады, ал неге бізге болмайды?» деп, Ресей президенті Владимир Путиннің сөзін қайталаған. 2013 жылы Ресей осындай заңды қабылдағанда Путин де «бұл бізде ғана емес, АҚШ-та да бар» деген мағынада пікір білдірген. Өтірік емес. «Шетел агенті» заңы АҚШ-та да бар. 1938 жылы Гитлердің пропагандасына қарсы ойлап табылған FARA (Foreign Agents Registration Act) заңы әлі күнге дейін жұмыс істейді. Ол заң бойынша да тұтастай шетелден қаржыландырылатын ұйымдар әділет министрлігінің тіркеуінен өтуге тиіс. Бірақ мұнда бірнеше айырмашылық бар. Ең алдымен америкалық заңдағы «агент» сөзі «шпион, тыңшы» емес, кәдімгі «агенттік» (Мысалы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі» деген сияқты) дегенге жақын. Тағы бір өзгешелік – 1938 жылға дейін АҚШ-та шетел қаржыландыратын ұйымдардың көбі тіркелмей, есеп бермей, жұмыс істеп келген. Солардың жұмысын реттеуге ол заң қажет болған. Ал Ресей мен Қырғызстанда ондай ұйымдардың бәрі әуел бастан тіркеліп, рұқсат алып істеп келеді.
АҚШ – Қырғызстанның тәуелсіздігін ең алғаш таныған елдің бірі. Вашингтонның дерегінше, содан бері денсаулық, білім, инфрақұрылым сынды көптеген саланың дамуына АҚШ Қырғызстанға екі миллиард доллар жәрдем берген. Бұл ақша Қырғызстан үшін айтарлықтай қомақты сома. Салыстырар болсақ, елдің сыртқы қарызы 4 миллиард доллар. Сөйте тұра екі елдің арасында қазір стратегиялық қызметтестік келісім жоқ. Бұрын бар болатын. Екі тарап 1993 жылы Вашингтонда ондай құжатқа қол қойып, келісім жасасқан. Бірақ 2015 жылы Алмасбек Атамбаев дәуірінде Қырғызстан бұл келісімнен біржақты түрде өзі шығып кетті. Бішкектің бұл қадамға баруына Қырғызстанда өмір бойына сотталған құқық қорғаушы Әзімжан Асқаровқа АҚШ үкіметінің «адам құқығын қорғауға қосқан үлесі үшін» деп сыйлық беруі себеп болған.
Бір баса айтатын жайт – Бішкек экономикалық тұрғыда Ақ үйге аса қатты байланбаған. АҚШ-тың Қырғызстанға салатын инвестициясы жыл өткен сайын азайып барады. Мәселен, 2023 жылы Қырғызстанға инвестиция құйған елдердің алғашқы ондығында АҚШ жоқ. Тізімді Қытай бастап, Ресей қостайды. Үшінші орында Қазақстан. Нидерланды төртінші, Түркия бесінші. АҚШ үшін де Қырғызстан Орталық Азиядағы аса маңызды серіктес емес. Вашингтонның Бішкектен қарағанда Астанамен алыс-берісі көп. Еуропа Одағының да инвестицияларының басым бөлігі Қазақстанға салынған. Екінші орында Өзбекстан. Алайда С5+1 призмасынан сығалайтын Вашингтон Орталық Азиядағы бес елді бөле-жармай, тұтас, біріктіре қарастырғысы келеді. Ондағы мақсат – бұл елдерді қалай да Ресейдің ықпалынан, Қытайдың сауда экспансиясынан шығарып алып, өзінің үстемдігін арттыру.
Вашингтонға өктем сөйлеген Бішкек Мәскеуге келгенде өте биязы. 27 ақпан күні Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Орталық Азияда шетелден қаржы алып, антиресейлік іс-әрекетпен айналысатын 100 шақты үкіметтік емес ұйымның 16 мың филиалы барын, соларға қарсы жұмыс істеліп жатқанын мәлімдеген. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресей қорғаныс министрінің қандай жұмыс туралы айтқанынан бейхабар екен. Бірақ Қырғыз билігі үнсіз қалды. Алайда Жапаровтың көзімен қарасаңыз, бұл да «мемлекеттің ішкі ісіне араласу». Бірақ Шойгу Блинкен емес, Ресей АҚШ емес – «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім».
Анығында, әрбір елдің азаматы шетелден грант алып, өз жерінде қоғамдық жұмыспен айналысуға құқылы. Бұл – халықаралық мақұлданған норма. Демократияны, ашық қоғамды қалыптастыруды ойлаған ел ондайға өзі мүдделі болуға тиіс. Оған үкімет, билік тыйым сала алмайды. Тіпті Ресейдің өзі азаматтарын «шетел агенті» деп қудаласа да шетелден қаржы алып жұмыс істеуге тыйым салатын заң қабылдаған жоқ. Бірақ «жеті рет өлшеп, бір кесетін», «кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дейтін демократиядан гөрі «өзім білемге» ғана салып, шешімді санаулы-ақ адамның қарауымен қабылдай салатын авторитар жүйені жөн көретін кез келген билік «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» өте шығуға, «ұр да жық» мінезін үнемі көрсетіп отыруға бейім тұратыны ежелден белгілі.
Айгүл Баба