Білім ордасындағы жанжал: мұғалімдер арасындағы төбелес қылмыстық іске ұласты

Астана маңындағы Қосшы қаласында мұғалімдер арасында болған жанжал қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Тарих және математика пәні мұғалімдерінің арасындағы келіспеушілік соңы төбелеске ұласып, бір мұғалімнің жағы сынған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
«Жетінші арна» хабарлағандай, IT пәнінің мұғалімі Бекарыс Жақсыбаев әріптесімен амандаспақ болған. Алайда ол дөрекі жауап естіп, екі ұстаздың арасындағы жанжал ушығып кеткен. Телеарна мәліметінше, кикілжің соңғы қоңырау күні басталып, нақты төбелес 1 сәуірде мектептің спорт залында орын алған.

Екі мұғалім бір-біріне қол көтеріп, соңы ауыр жарақатпен аяқталған. Ұстаздардың төбелесі мектеп әкімшілігіне дейін жеткенімен, оқиға орнында ешқандай шара қолданылмаған: жедел жәрдем де, полиция да шақырылмаған. Тек жарақат алған мұғалім кейін ауруханаға жеткізілген.
Екі ай өткен соң ғана тараптар полицияға шағым түсіріп отыр. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Оқиғаға қатысты білім басқармасы мен мектеп әкімшілігі әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Бұл жағдай қоғамда педагогикалық этика, мектеп ішіндегі тәртіп және білім мекемелеріндегі ішкі бақылау жүйесінің әлсіздігін алға тартты.