Білім саласындағы ауқымды өзгерістер: педагог мәртебесі, жоғары жалақы, жаңа заманауи мектептер

Қазақстандағы орта білім беру жүйесінің «тұтынушылары» жылдан-жылға артып келеді.
Оқушылардың саны, соның ішінде бірінші сыныптардың қатары қалыңдап, бүгінде 4,1 млн-ға жуықтады. Ал мектептер 8 мыңнан асады. Осындай ауқымды салада қандай өзгерістер болып жатыр?
Еліміздегі білім беру жүйесі жиі сынға ұшырайтыны жасырын емес. Әсіресе, орта білім беру саласында сұрақ көп. Мәселелер орын жетіспеушілігі мен педагогтардың сапасынан бастап, инклюзияға дейін ұласа береді. Бірақ соңғы жылдары біршама алға жылжу да байқалады. Мысалы, 1 млн-нан астам балаға шақталған 1200 жаңа мектеп ашылған. Әсіресе, 2023 және 2024 жылдары мектеп құрылысы бүкіл елде қарқынды жүрді. Осы екі жылдың өзінде 510 мың оқушы орнына арналған 422 мектеп пайдалануға берілді. Бүгінде «Келешек мектептері» жобасы бойынша сәулеті жеке мектептер мен инттеллектуалды мектептерді де артқа қалдыратын оқу ордалары ашылуда. Олар алдымен орын тапшылығы мәселесін шешсе, одан кейін қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтуға ықпал етіп отыр.

Иә, бұған дейін ауыл мектептерінің түрі де, мазмұны да көңілге қаяу түсіретін. Ал қазір өңір-өңірдегі үш ауысымды мектептер саны төрт есе, апатты жағдайдағы мектептер екі есе, оқушы орындарының тапшылығы төрт есе қысқарған. Биыл Шымкент қаласында, Ақмола және Қызылорда облыстарында үш ауысымды мектептер мәселесі жойылды. Бүгінде елімізде шамамен 3 мың мектеп бір ауысымда, 5 мың мектеп екі ауысымда жұмыс істейді.
Одан бөлек, инклюзивті білім беруге және психологиялық-педагогикалық қолдауға қолжетімділік 90 пайызға дейін артқан. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған кабинеттердің саны екі есеге көбейді, ал арнайы білім беру ұйымдарының желісі 230-ға жетті. Қазіргі таңда 508 арнайы білім беру ұйымдары бар, тағы мектептер жанынан 121 қолдау кабинеті ашылды. «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленуде. Осының бәрі де ерекше қажеттілігі бар оқушыларға білім беру сапасын арттырады.
Орта білім беру жүйесіндегі сапаны қалыптастыратын үлкен факторлардың бірі – педагог кадрдың сапасы. Бұл орайда шырмауығы көп мәселелер беріге дейін сақталған. Жағдайдың ушыққаны сонша педагогтың мсәртебесін айқындайтын бөлек заң қабылданды. «Педагог мәртебесі туралы» заң күшіне енген соң, мұғалімдердің жүктемесін азайту, артық тексерістерден қорғау, бейінді емес міндеттерден босату, ынталандыру тетіктері заңнамалық деңгейде бекітілді. Әрине, мәселелер әлі күнге сақталып, ішінара көрініс беріп отыр. Алайда ұстаздардың жағдайы едәуір жақсарғанын байқап отырмыз. Себебі, қоғамдағы педагог рөлі мен жастардың бұл мамандыққа көзқарасы өзгерген. Ұстаздық мамандыққа қызығушылық та артып келеді. Соңғы бес жылда жыл сайын шамамен 50 мың түлек ЖОО-ны, 20 мың түлек техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын аяқтап, педагог атанады. Әрі педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік білім беру гранттарын алып жатқан талапкерлердің де орташа балы едәуір артқан.

Оған себеп, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы деп топшылауға да негіз бар. Өйткені, соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысы екі есеге артты. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтарының жалақысы тағы 30 пайызға өсті. Аттестация нәтижесі бойынша біліктілік санаты үшін қосымша үстемақылар да төленеді. Жалпы, еліміздегі орта білім беру жүйесінде 412 мың педагог еңбек етіп жатыр. Олардың басым бөлігі жоғары біліктілік санатына ие. Өткен оқу жылында орта білім беру ұйымдарында педагогтер саны айтарлықтай өсіп, жұмысқа қабылдау көрсеткіші жоғары болған. Әсіресе, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қалаларында маман қабылдау деңгейі бәрінен асып түсті. Әрі кадрлық резерв есебінен директорлар тапшылығы да жойылған.
Педагогтерді аттестациялау процесі де оңтайландырылуда. 2024-2025 оқу жылында педагогтерді аттестаттау процесі алғаш рет «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы толықтай цифрлық форматта жүргізілуде. Платформада мұғалімге қатысты мәліметтер бірнеше мемлекеттік дерекқордан автоматты түрде алынады. Қызмет орны, еңбек өтілі, білім деңгейі мен жетістіктері бір жүйеге жинақталған. Цифрлық формат қағазбастылықты жойып, аттестаттаудың әділ әрі ашық өтуіне мүмкіндік берді.