Білім – теңіз, мектеп – кеме, онлайн сабақ – ескексіз қайық
Тасқыннан үйсіз-күйсіз қалған жұрт тамаққа кезекке тұрып, жататын көрпе-төсек таппай жатқан кезде мектептегі оқудың төртінші тоқсаны басталды. Оқу-ағарту министрлігі сабақтың онлайн өтетінін хабарлап, «барлық жағдайды жасаймыз» деген. Алайда педагогтар мен ата-аналар бұл шешімді түсінбей де, таңырқап та жүр...
31 наурыз күні министрлік елдегі 88 білім беру ұйымы төртінші тоқсанды онлайн форматта бастайтынын хабарлады. Онда: «Жергілікті жерлерде оқу-ағарту министрлігінің сапаны қамтамасыз ету департаменттері мен өңірлік білім басқармалары жұмыс жасауда. Балалар қашықтықтан оқу үшін қажетті оқу құралдарымен, киім-кешекпен және техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Эвакуацияланған 1-4 сынып оқушыларын тамақтанумен қамту мәселесі бойынша жұмыстар жүргізілуде» делінген. Алғашында қауіп сейілмей тұрған өңірлердегі 56 мектепте, эвакуациялық пункт ретінде айқындалған 32 мектепте қашықтықтан оқыту ұйымдастырылған. Ал соңғы мәліметтерге сәйкес, 100-ден аса білім ордасы онлайнда оқып жатыр.
«Оқу тоқтамады» деген аты ғана дейді ұстаздар. Олар сабақ онлайн екені хабарланған соң ештеңеге қарамастан жұмысқа кіріскен, ортақ чаттарға видеосабақтар мен тапсырмаларды жолдай бастаған. Бірақ кері байланыс жоқ, балаларды қойып, ата-аналармен байланысқа шығудың өзі қиындап кетіпті. Себебі түсінікті де. Осы мәселеге қатысты су басқан өңірлердегі бірнеше мұғаліммен сөйлесіп, пікірлерін білдік.
Құлсары қаласындағы Есқайыр Халықов атындағы мектептің мұғалімі Жанаргүл Сағынбайқызы: Балаларда ресурс жоқ
- Жағдайды барлық Қазақстан көріп отыр, ел-жұрт аяқ-киімін киер-киместен қашты. Балаларда сабақ оқитын оқулық түгілі, қағаз-дәптер жоқ. Жан-жаққа эвакуацияланып, туған-туыс жағалап, бірі спортзалда, бірі жерде жатқан, тамақ-суға кезекке тұрып жүрген халықта сабаққа қарайлайтын уақыт бола ма? Балалар білім алуға көңіл бөле ала ма? Бұл ойыншық емес қой.
Министрлік бағдарламадан қалмау керек деп онлайн оқу енгізілгенін хабарлады. Бірақ жоғарыға бағдарлама орындалып жатыр деген аты керек пе, әлде расымен білім сапасы уайымдатып отыр ма? Әйтпесе, балалардың қолында ресурс жоқ екені ақымаққа да түсінікті нәрсе. Министрлік түсінуі керек, күнделікке өтірік баға қою бағдарламаның орындалуы емес. Қазір бағдарлама орындалып жатқан жоқ, тек тақырыптан секіріп келе жатырмыз.
Құлсары қаласындағы № 8 мектептің мұғалімі Ермек Куанышева: Ата-аналарды мазақ қылғандай...
- Өзім де судан зардап шегіп отырған азаматтардың бірімін. Үйім мен гаражым суға кетті, сарайым құлады. Шарасыз күйде қалып, қатты күйзелдім, есімді енді-енді жинап жатырмын. Сондай жағдайда жүріп те басқармалар «срочно» сұратып жатқан есептерді өткіздік. Ал сабақты барлық мұғалімдер бірдей өтуде: видеосабаққа сілтеме жібереміз, тыңдап шығып, қайталаңдар дейміз. Бір жағынан жағдайды біліп, көріп отырып, ата-аналарды мазақ қылғандай сабақ өткізу де ауыр екен.
Жылыой аудандық №18 мектептің мұғалімі Айымгүл Амандосова: Педагогтар да пенде
– Қазір су басқан елді мекеннің тұрғындары жақын жердегі қалаларға, ауылдарға, туған-туысына барып күнелтіп жүр. Елдің көңіл күйі мәз емес. Ауыр шығынға ұшырап, бас амандығы үшін алаңдап жүрген халыққа барынша психологиялық көмек беріңіздер деп айтылып жатыр. Бірақ педагогтар да пенде ғой және олардың да отбасы бар. Шын мәнінде, біздің өзімізге де психологиялық қолдау қажет. Тіпті есімізге алып, айта бастасақ болды әлі күнге аяқ-қолымыз дірілдейді. Соған қарамастан, басшылық «ақшаларыңыз жүріп жатыр, тым құрыса тапсырма беріп қойсаңыздар да жұмыс жасалсын» дегенін естіп, жағамды ұстадым. Оларға да бұйрық министрліктен келеді ғой. Ал министрлік бұйрық шығарып жатып не ойлағаны қызық...
Ләззат Айдарқызы (өз өтінішімен аты-жөні өзгертілді): Еңбекақыларыңыз жүріп жатыр, сабақ өтесіздер
– Бізге аудандық білім бөлімінен «еңбекақыларыңыз жүріп жатқандықтан, сабақ өткізесіздер» деген хабар келді. Ал қазіргі жағдай қандай? Ақтауда бір бөлмелі пәтерге бес адам келіп жатырмыз. Осылайша, жан бағып жүрген мұғалімдер қалайша ноутбугын арқалап, сабақ өтіп отырады? Кабинетте отырып алып онлайн өтіңіздер, бағдарламадан қалмаңдар деу оңай шығар. Бірақ есі кіресілі-шығасылы болып жүргенде педагогтар мен оқушылар білім бағдарламасын қалай орындайды? Ата-аналар бөгет жұмыстарына көмектесіп, тамаққа кезекке тұрып, үй-жайды алаңдап жүргенде бала оқытатындай бола ма? Оларға балаңызды онлайн сабаққа кіргізіңіз деп айтуға да аузымыз бармай отыр. Бір-екеуінен ұрыс та естідік. Үлкен сыныпты қойғанда, бастауыш сыныптағы оқушыларда жеке телефон бола бермейді. Карантин кезінде үйде жатып оқымаған бала мынандай аумалы-төкпелі кезеңде оқи ма? Осы жағдайдың бәрін ескере отырып, ортақ чаттарға кітаптың қай бетінде, қандай тақырып екенін айтумен шектеліп отырмыз. Ал тапсырма орындап жіберуді міндеттей алмаймыз. Бағаны болса, бұрынғы үлгерімге қарап жобалап қоятынымды ата-аналарға да ашық жеткіздім. Себебі сабақ өтілген күндер бағалануы керек. Ал енді кім-кімді алдап отыр? Бұл жағдайда білім бағдарламасынан қалмау мүмкін емес. Сондықтан тым құрыса жағдай тұрақталғанша сабақ тоқтатылуы керек еді.
Су тасқынынан қатты зардап шегіп отырған Атырау облысының ұстаздары осындай пікірде. Басқа өңірлердегі ахуал қандай екенін анықтамаққа жергілікті басқармаларға хабарластық. Алайда бірі жауап беруден бас тартып, бірі мүлде байланысқа шықпады. Ал облыстық әкімдіктердегі жауапты мамандардың телефон тұтқасына жауап беретін уақыты жоқ көрінеді. Көпшілігі су тасқынына байланысты орнында болмай шықты. Бірақ бір нәрсе анық – педагогтар ТЖ-ға қарамастан онлайн сабақ өтуі тиіс. Бірақ су басқан аймақта тұратын мұғалімдер де адам, ана, жар және жапа шегуші. Соған қарамастан, олар сабақ өтуге міндеттелген. Ал ата-аналар көрші қалалар мен еріктілерден көмек келіп жатыр, азық-түлік пен тамақтар таратылды, бірақ құрал-жабдық келгенін көрмедік дейді. Олар да қазіргі жағдайда онлайн оқуға мүмкіндік жоқ екенін айтып отыр. Мәселен, үйлерін су басып, Боранқұл ауылындағы туыстарына екі баласын ертіп барған Гүлзада Дүйсенбекова бір үйде үй иелерін қоспағанда 40 адам жан бағып отырғанда балалар қайдан сабақ оқиды деп ашынды.
«Бір үйде 10 отбасының адамдары тұрып жатырмыз. Қырқынан шықпаған баладан, қартқа дейін бар. Мұндай у-шуда, бәрі уайым шегіп, басын қамдап жүргенде балада сабақ оқуға мұрша болмайды. Тіпті телефон ұстау мүмкін емес. Өйткені телефон қуаттағышын алып үлгермеген ел бірінікіне бірі кезектесіп, там-тұмдап отыр. Ал спорт залдарда, эвакуациялау пункттерінде жатқандар ше? Қаншама адамға ары кетсе 3-4 қуат көзі болады. Оны айтпағанда, кітап-дәптері жоқ оқушы сабақ оқи ала ма? Бағдарламадан қалмасын деген ұрандары қажет емес, жұрт күйзеліп жүргенде ешкім де зейін қойып сабақ оқи алмайтыны белгілі», – дейді кейіпкеріміз.
Атырау облысындағы Жаңа Қаратон кентінің тұрғыны Арайлым Жұмажанқызы да осы пікірге қосылды:
«Ауылымызды су басқан жоқ. Бірақ қауіптен сақтану үшін бес күннен бері тұрғындардың бәрі күш жұмылдырып, бөгет жасап жатырмыз. Ерлермен қоса әйелдер қауымы да сол шаруашылықтың басы-қасында қолғабыс етіп жүр. Тағы өңірлерден келіп жатқан гуманитарлық көмекті мектептегі уақытша орналастыру пункттерінде жатқандарға, қалғанын ауыл тұрғындарына тарату жағы да бар. Іске жарайтынның бәрі таңнан кеш қарайғанға дейін тырмысып бағуда. Мұндай жағдайда мұғалім де, ата-ана да сабаққа ден қоя алмайтыны анық шығар. Балаларымыз мұғалімдері жіберген видеосабақтарды қарап қана отыр».
Біз сөйлескен ата-аналардың бәрі де осы сарындас ойларымен бөлісті. Ал министрлік онлайн оқуға бар жағдайды жасап жатырмыз дейді.
«6 сәуірден бастап 11 балаларды сауықтыру орталығы жапа шеккен балаларды орналастырып жатыр. Мәселен, Ақмоладағы «Жасдәурен» сауықтыру орталығы бірінші күннің өзінде-ақ 80 баланы қабылдап үлгерді. Ақмола, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында тағы 600 шақты бала келіп орналасады деп жоспарлануда. Ал эвакуациялық пункттерде жатқан оқушыларды Дарын, РФМШ, БИЛ, НЗМ сынды мектептердің жатақханасына ауыстыру жағы қарастырылып отыр. Әрі қашықтықтан оқуға қажетті құрал-жабдықтар да тасымалдануда», – дейді министрліктің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.
Ал «Төтенше жағдай фонында балалардың бағдарламалық білім алуы қалыпты күндегідей жүріп жатқан жоқ деп айтуға негіз бар, бағдарламадан қалып кеткен мыңдаған оқушының мәселесі қалай шешілмек» деген сұрағымызға: «Оқушылар бағдарламадан қалмайды, себебі бәрі жедел ұйымдастырылып жатыр. Ал егер жағдай ушығып, кейбір мектептер оқу бағдарламасынан қалып қойса, заң бойынша каникул кезінде оқу процесі ұйымдастырылуы мүмкін» деген жауап алдық.
Жақында ғана білім саласының 20 мың қызметкері еріктілер қатарында су басқан аймақтарға көмек көрсетіп жүр деген министр Ғ.Бейсембаев оларға кәсібилігі, адамгершілігі және шынайы патриотизмі үшін алғысын білдірген. Өйткені педагогтар өздерінің күйзелісін басып та, еріктілер қатарында елге көмектесіп те, оқуға шамасы жоқ оқушыларға онлайн сабақ өтуге де, соңынан келіп өз отбасына уақыт бөлуге де үлгеріп жүр... Ал оқушылар видеосабақ қараумен шектеліп отыр. Елді су алып, еркек, әйел дегенге қарамай, тегіс жұрт қауіпсіздік үшін алаңдап, табылған орынға түнелтіп жүргенде оқушылар қалай сабақ оқымақ? Министрліктің тапқан шешімі де, айтқан жауабы да бас сауғалап жүрген қауымның көңілінен шықпайды. Егер 20 мың қызметкер еріктілер қатарында жүрсе, олар сабағын қалай өтіп жатыр деген сауал да алдымыздан кесе-көлденеңдеп шығады. Болып жатқан қиын кезеңді ескеріп, бұдан өзге жол таппаса, министрлік тапқан бұл жол тиімді шешім емес екені анық.
Баян Мұратбекқызы