Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:47, 14 Тамыз 2025

Білімде теңдік, саясатта алшақтық: Қазақстандағы гендерлік ахуал

Гендерлік теңдік
Фото: из открытых источников

Бүгінде күллі әлем халқы гендерлік теңсіздікке баса назар аударып, мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлшегіне айналдырып отыр.

 Бұл құбылыстың себебі де жоқ емес. Гендерлік теңдік – жеке тұлғаның өмір сүру сапасына, қоғамдағы әділеттіліктің орнығуына және өркениеттің гуманистік бағдар алуына тікелей әсер ететін құбылыс. Бұл ұғымның мәнін тек құқықтық нормалармен шектеу жаңсақтық болар еді. Себебі шынайы гендерлік теңдік қоғамдық сананың, әлеуметтік институттардың және мәдени дәстүрлердің үйлесімді өзгеруін талап етеді. Егер бір қоғамда жынысқа қарай кемсіту, мүмкіндіктерді шектеу немесе стереотиптер үстемдік етсе, ол қоғам өзінің интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетінің бір бөлігінен айырылып отыратыны анық. Қазіргі таңда әлемнің көптеген мемлекеттері гендерлік теңдікке қол жеткізуді басты стратегиялық мақсаттардың бірі ретінде қабылдаған. Алайда бүкіләлемдік экономикалық форумның мәліметтеріне сүйенсек, толық гендерлік теңдіктің үстемдік құруы үшін адамзатқа әлі ондаған жылдар қажет. Бұл – әлеуметтік-саяси реформалармен ғана емес, тарихи қалыптасқан көзқарастар мен әлеуметтік құрылымдардың инерциясымен байланысты. Мысалы, көптеген қоғамдарда әйелдің рөлі ғасырлар бойы отбасы шеңберімен шектеліп, ер адамның билік пен шешім қабылдау кеңістігіндегі үстемдігі қалыпты жағдай ретінде қабылданды. Мұндай тарихи тәжірибе санада орнығып, тіпті заңнамалық өзгерістер енгізілген күннің өзінде, әлеуметтік қатынастарда бірден жойыла қоймайды. Гендерлік теңдік, ең алдымен, санада басталатын реформа, сондықтан ол құқықтық өзгерістермен қатар, мәдени, білім беру және ақпараттық саясат арқылы нығаюы тиіс.

Global Gender Gap Report ұйымының деректеріне сүйенсек, шынымен-ақ әлемде гендерлік теңдік жүз пайыз орнаған әлем жоқ. Дегенмен әлем елдерінің 97%-ы гендерлік алшақтықты 60 пайызға дейін қысқарта алған. Бұл көрсеткіш 2006 жылы бар болғаны 85 пайызды құраған еді. Яғни соңғы он сегіз жылда айтарлықтай ілгерілеу байқалғанымен, толық паритетке жету қарқыны әлі де баяу. Гендерлік теңдік орнаған елдердің көш басында 93,5%-бен Исландия тұр. Бүгінгі таңда бұл 90 пайыздық межеден асқан жалғыз ел. 2024 жылғы жаһандық гендерлік теңдікке байланысты жасалған индексте еліміз 76-орынға жайғасты. Бұл көрсеткіш Армения (64-орын) мен Грузиядан (69-орын) төмен болғанымен, Орта Азиядағы көптеген көрші елдерден әлдеқайда жоғары. Дегенмен сала-салаға бөліп қарастырсақ, білім мен денсаулық сақтау бағыттарында толық теңдікке қол жеткізгенімізбен, экономика мен саясаттағы гендерлік теңсіздік әлі де сол күйі өзгермей тұр. Әлеуметтанушы Жұлдыз Сембинаның айтуынша, еңбек нарығындағы кедергілерді азайту, әйелдердің саяси шешім қабылдау процестеріне қатысуын арттыру және жоғары жалақы төленетін салаларда гендерлік әртүрлілікті күшейту арқылы ғана толық теңдікке жете аламыз.

«Гендерлік теңдік ұғымы тек әйелдерге қатысты әділеттілікті көздемейді. Ол – ерлердің де гендерлік стереотиптердің құрбаны болмауын қамтамасыз ететін қағида. Мысалы, «ер адам эмоциясын білдірмеуі керек», «ер адам тек белгілі бір мамандықтарда жұмыс істеуі тиіс» деген қасаң түсініктер ерлердің психологиялық еркіндігін шектейді. Сол сияқты, әйелдерге қатысты «отбасы – басты міндет», «басшылық әйелге жараспайды» деген көзқарастар да олардың кәсіби дамуына кедергі жасайды. Бұл – қоғамда әлеуеттің толық ашылмауына, инновациялық және интеллектуалдық мүмкіндіктердің толық пайдаланылмауына алып келеді. Экономикалық зерттеулер көрсеткендей, гендерлік теңдікке қол жеткізген елдерде жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны да жоғары болады, себебі еңбек нарығында адам ресурстарының барынша тиімді бөлінуі қамтамасыз етіледі. Азаматтардың жынысына қарай емес, қабілеті мен біліміне қарай бағалануы саяси жүйенің әділеттілігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Әйелдердің саясатқа, басқару құрылымдарына, бизнеске тең дәрежеде қатысуы шешім қабылдау процесінің көпқырлы болуына, түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерінің ескерілуіне мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, гендерлік теңдік деңгейі жоғары мемлекеттерде әлеуметтік саясат анағұрлым жан-жақты және әділетті қалыптасады, өйткені шешім қабылдауға әртүрлі көзқарастар мен өмірлік тәжірибелер еніп отырады. Алайда гендерлік теңдікке жету жолы тек заң қабылдаумен шектелмейді. Ол үшін білім беру жүйесінде ерте жастан бастап тең құқықтылық қағидаларын сіңіру маңызды. Оқулықтар мен оқу бағдарламаларындағы жыныстық рөлдерге қатысты стереотиптерді жою, мектептен бастап қыз бен ұлға бірдей мүмкіндіктер беру – болашақта еңбек нарығында, саясатта, мәдениетте тепе-теңдік орнатудың негізгі алғышарты. Сонымен қатар медиа кеңістікте әйел мен еркектің бейнелерін тең дәрежеде көрсету, оларды стереотиптік қалыптардан арылту да аса маңызды. Өйткені ақпараттық орта – қоғамдық сананы қалыптастыратын ең ықпалды тетіктердің бірі.

Гендерлік теңдікті дамытуда мәдениет пен дәстүр мәселесі де өзекті. Кейбір қоғамдарда гендерлік теңдікке ұмтылу ұлттық болмысты әлсіретеді деген қате түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде, бұл ұғым ұлттық құндылықтарға қарсы келмейді, қайта оларды жаңа әлеуметтік-мәдени контексте жаңғырта алады. Мәселен, қазақ мәдениетінде тарихтан белгілі аналардың, батыр қыздардың, ел басқарған әйелдердің рөлі – гендерлік теңдіктің тарихи негіздерінің бірі. Бұл тәжірибе бүгінгі қоғамда да жаңаша мәнге ие бола алады», – дейді маман.

Бүгінде білім беру саласында Қазақстан 1-ге жуық (0,999) балл жинап, толық гендерлік паритетке жеткенін көрсетті. Бұл дегеніміз – қыздар мен ұлдар мектеп пен жоғары оқу орындарына білімге бір деңгейде қол жеткізе алады деген сөз. Денсаулық сақтау мен өмір сүру ұзақтығы бойынша индекс 0,976-ны құрайды. Ана өлімі деңгейі бүгінде әлдеқайда төмендеген, яғни 100 мың адам босанса, соның ішінде шамамен 13 ана өлімі ғана тіркеледі екен. Сонымен қатар еңбек нарығында айқын гендерлік теңсіздік байқалады. 15 жастан асқан халықтың 64,4 пайызы экономикалық тұрғыда белсенді болса, оның ішінде ерлердің үлесі 69,7%, ал әйелдердікі небәрі 59,6%. Яғни айырмашылық 10 пайыздық тармақтан асып тұр. Бұл жағдай әйелдердің жұмысқа араласу мүмкіндігінің төмен екенін, сондай-ақ еңбек нарығының гендерлік құрылымын көрсетеді. Сәйкесінше, жалақы мәселесінде де әжептәуір айырмашылық бар, дегенмен соңғы жылдары әйелдердің табысы ерлерге қарағанда қарқынды өсіп келеді. 2020 жылы ерлердің орташа айлық жалақысы 243 524 теңге болса, әйелдердікі 182 679 теңгені құраған. Байқасақ, айырмашылық шамамен 61 мың теңгені құрайды. 2024 жылға қарай ерлердің орташа жалақысы 468 914 теңгеге, ал әйелдердікі 344 496 теңгеге дейін өскен. Сарапшылардың пікірінше, жалақыдағы гендерлік алшақтықтың басты себептерінің бірі – еңбек нарығындағы кәсіби сегрегация. Әйелдер көбіне әлеуметтік сала мен төмен жалақы төленетін қызмет көрсету секторында шоғырланса, ерлер жоғары жалақы берілетін технологиялық және өндірістік салаларда басымдыққа ие. Саяси өкілдік те төмен деңгейде қалып отыр. 2023 жылғы деректер бойынша Қазақстан парламентіндегі әйел депутаттардың үлесі небәрі 18,4%, ал жергілікті мәслихаттарда небәрі 23%. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы гендерлік теңсіздік индексі бүгінде 0,182. Статистика бойынша бұл орташа деңгей көрсеткіші ретінде саналады.

Сәруар Бақберген