Блогер Қайсар Қамзаның 93 млн теңгеге жуық криптоактиві бұғатталды
Қазақстандық блогер Қайсар Қамзаға тиесілі криптоактивтерге сот шешімімен тыйым салынды.
Ол қылмыстық жолмен алынған табыстарды криптовалюта арқылы заңдастыруға және қылмысқа жәрдемдесуге күдікті.
Қаржылық мониторинг агенттігі (АФМ) мәліметінше, Қайсар Қамза халықаралық іздеу жарияланған, сот оның қамауға алынуына санкция берген. Тергеу нұсқасына сәйкес, блогер Instagram желісінде qais_arr никімен (2,4 млн жазылушы) контент жүргізіп, Telegram-дағы «Қора энтертейнмэнт» арнасына (368 мың жазылушы) иелік еткен.
Агенттік дерегінше, кейінгі бес жыл бойы ол жарияланымдарында Pinco атты онлайн-казино сайтына тікелей сілтемелер мен жеке промокодын орналастырып келген. Бұл промокод арқылы тіркелген ойыншыларға бонус берілген.
Тергеу материалдарына сәйкес, блогер казиноны жарнамалап, сыйақы ретінде бонустар, тіркелулерден пайыз және өзге де төлемдер алған. Қаражат криптовалюта түрінде оның жеке криптоәмиянына аударылып отырған. Сот Қамзаға тиесілі 182 мың АҚШ долларынан (шамамен 93 млн теңге) асатын криптоактивтерге тыйым салды.
Бірнеше күн бұрын ҚМА Қайсар Қамзаға қатысты іздестіру ісін тіркеген. Ресми ақпаратқа сәйкес, блогер ұзақ уақыт бойы Қазақстан аумағынан тыс жерде жүрген.