Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:10, 09 Қазан 2025

Блогер Сәрсенбаев Антикорға жала жабу ісі бойынша сотта жеңіске жетті

Сәрсенбаев
Фото: instagram.com/@Азамат Сәрсенбаев

Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Антикорға жала жапты деген айыппен 20 тәулікке қамалған еді. Кассациялық сот оны толықтай ақтап шықты.

Бұл туралы блогер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Міне, бес ай өткен соң мен және менің адвокаттарым — Асылбек Болатбекұлы мен Серікбол Калмұшев әділдікке қол жеткіздік! Маған сеніп, қолдау білдірген баршаңызға алғыс айтамын! Әсіресе, әділ шешім шығарған кассациялық сот судьяларына рақмет! Президент жариялаған сот реформаларының шын мәнінде іске аса бастағанына көз жетті!», — деп жазды Сәрсенбаев.

Еске салайық, блогердің ұсталуына оның Антикоррупциялық қызметті айыптаған мәлімдемесі себеп болған еді. Сәрсенбаев әлеуметтік желіде Антикордың Ақтаудағы бір мекемені «қорғаштап отыр» деп мәлімдеген.

Бұл жазбадан кейін Антикор қызметі блогерге қарсы жала жабу туралы шағым түсірген.

2025 жылғы 28 мамырда сот Сәрсенбаевты «мемлекеттік органның ар-намысы мен абыройын қорлады» деген айыппен кінәлі деп тауып, 20 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасын кескен.

Блогер мен оның қорғаушылары алғашқы сот шешіміне бірнеше мәрте шағым түсірген. Ақыры 2025 жылғы 9 қазанда кассациялық сот бұрынғы үкімнің күшін жойып, Сәрсенбаевты толық ақтады.

Тегтер: