Bloomberg: 10 шақты ел Украинаға әскер жіберуге дайын

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, шамамен 10 мемлекет Украинаға өз әскерін жіберуге дайын. Бұл бастама соғысты тоқтату жөніндегі ықтимал бейбіт келісім аясында қарастырылып жатыр.
19 тамыз күні еуропалық ресми өкілдер Ұлыбритания мен Франция әскерін Украинаға орналастыру мәселесін талқылаған. Әңгіме олардың нақты санын және қай өңірлерге жіберілетінін анықтау жайында болған.
Ұлыбритания билігі жақында Еуропа мен АҚШ әскери өкілдері кездесіп, «сенімді қауіпсіздік кепілдіктерін» нақтылап, қақтығыс тоқтаған жағдайда қолдау күштерін орналастыруға дайындық жасайтынын мәлімдеді.
Axios дерегінше, Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін әзірлейтін жұмыс комиссиясын АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио басқарады. Украиналық шенеунікке сілтеме жасаған басылым:
«Алдағы күндері барлығы таңнан кешке дейін кепілдіктерді әзірлеумен айналысады. Апта соңына қарай алғашқы нәтижелер пайда болуы мүмкін», - деп жазды.
Bloomberg дерегіне сәйкес, қауіпсіздік кепілдіктерінің пакеті осы аптада жасақталуы тиіс. Алғашқы кезеңде Украина әскерін оқыту және жеке құрамын нығайту қарастырылып отыр. Бұл процеспен негізінен еуропалық әскери мамандар айналыспақ. Олар Украинаға, бірақ майдан шебінен алыс аймақтарға орналастырылады.
Жоспардың басқа бөлігіне АҚШ тарапынан барлау мәліметтерімен алмасу, шекараларды бақылау, қару-жарақ жеткізу және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін қолдау кіреді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында:
«Еуропалық елдер Украинаға адамдарын жіберуге дайын. Біз оларға ресурстармен көмектесеміз. Мәселен, авиация жағынан. Әлемде біздегідей мүмкіндігі бар ешкім жоқ», - деді.
НАТО мен Азия елдерінің көзқарасы
НАТО бас хатшысы Марк Рютте соңғы айларда 30 мемлекет, соның ішінде Жапония мен Аустралия да бар, Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерінің жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын айтты. Бұл кепілдіктер ұзақ мерзімді бітім жасалғаннан кейін немесе толыққанды бейбіт келісімге қол қойылған соң күшіне енетін болады.
Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба да өз елінің белгілі бір деңгейде атсалысатынын мәлімдеді:
— «Біз Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруде өз рөлімізді атқарамыз. Алайда қазіргі уақытта нақты қандай шара қабылдайтынымызды айта алмаймыз», — деді ол Kyodo News-қа берген сұхбатында.
Осылайша, Украинаға қатысты қауіпсіздік кепілдіктері жоспары халықаралық деңгейде қызу талқыланып жатыр. Еуропа, АҚШ және Азия елдерінің қатысуымен жасақталатын бұл механизм соғысты тоқтату жөніндегі басты қадамдардың бірі болуы мүмкін.