Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:10

Bloomberg Ушаков пен Уиткоффтың Украина туралы не сөйлескенін жариялады 

Уиткофф пен Ушаков
Фото: Global Look Press/РИА Новости

Америкалық Bloomberg басылымы Ресей мен АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдері арасындағы екі әңгіменің расшифровкасын жариялады. 

Басылымның жазуынша, бұл жазбалар — РФ президенті Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков, Ресей тікелей инвестициялар қорының бұрынғы басшысы Кирилл Дмитриев және АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф арасындағы әңгімелер.

Ресейдің "бейбіт жоспарды" АҚШ-қа өткізу әрекеті

Bloomberg-тің мәліметінше, алғашқы әңгімеде Ушаков пен Дмитриев Ресейге тиімді Украина жөніндегі бейбіт жоспарды АҚШ-қа бейресми түрде жеткізу жолдарын талқылаған.

Дмитриевтің сөзінен үзінді келтірілген:

 «Маған бұл құжатты біз дайындалған позиция ретінде ұсынып, барлығын бейресми түрде жеткізу керек сияқты. Олар кейін оны өзінікі қылып көрсете береді. Бәлкім біздің нұсқаны толық қабылдамайды, бірақ соған барынша жақын етер».

Бұл әңгіме «Трамптың 28 тармағы» туралы ақпарат тарамай тұрып жазылған болуы мүмкін.

Ушаков - Уиткофф әңгімесі: Донецк және территория алмасу туралы сөз

Екінші әңгімеде Ушаков Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен сөйлеседі. Онда Уиткофф АҚШ президентімен сөйлескенін айтып, Ресей тарапына не айту керегін кеңес етеді. Сонымен қатар, ол АҚШ-тың бұған дейін Газаға ұсынған жоспарға ұқсас құжат әзірлеу идеясын атайды.

 «Мен бейбітшілікке қол жеткізу үшін Донецк сияқты территорияларды беру немесе тағы бір-екі аймақ бойынша мәміле қажет болатынын түсінемін», - дейді Уиткофф Bloomberg жариялаған мәтінде.

Сонымен бірге, Уиткофф жақын күндері Зеленскийдің Вашингтонға келетінін, және өзі сол кездесуге қатысатынын айтқан. Бұл әңгіме қазан айында – Зеленскийдің АҚШ-қа нақты сапарынан аз уақыт бұрын жазылған деп болжанады.

"28 тармақ" және Украинасыз әзірленген жоспар

Бір апта бұрын Ресей мен АҚШ Украина мәселесінде Киевті шеттете отырып, келісім жобасын жасап жатқан болуы мүмкін деген ақпарат пайда болған. Кейін БАҚ бұл құжатты бейресми түрде «Трамптың 28 тармағы» деп атады.

Ал осы апта басында Женевада АҚШ пен Украина өкілдері жоспарды талқылаған, және хабарланғандай, Украина тарапына тармақтардың басым бөлігі қолайлы болған.

WhatsApp арқылы келіссөз: тыңдаудың қалай мүмкін болғаны анықталды

Даудың  тағы бір қыры — әңгімелердің қалай тыңдалғаны. Коммерсант-қа сұхбатында Юрий Ушаков мынаны мойындады:

«Иә, кейде жабық байланыс арқылы сөйлесеміз, және әдетте ешқандай мәселе  болмайды. Бірақ WhatsApp арқылы да сөйлесетін кездер болады…»

Бұл сөздер Ресей мен АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары кейде WhatsApp арқылы сөйлесетінін ресми түрде мойындатты — бұл, өз кезегінде, мұндай әңгімелердің тыңдалуына жағдай жасайтынын көрсетеді.

АҚШ-та реакция байқалмады

Bloomberg жариялаған материалға АҚШ билігі тарапынан әзірге реакция болған жоқ. Керісінше, Уиткоффтың Путинмен кездесуге Мәскеуге ұшқаны хабарланды. 

Тегтер: