Bloomberg: Венесуэланы АҚШ атынан басқаруда негізгі рөл Марко Рубиоға берілуі мүмкін
Bloomberg агенттігінің АҚШ-тағы аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, Венесуэлада билік ауысқан жағдайда елді АҚШ тарапынан уақытша әкімшілік басқару ісінде шешуші рөлді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио атқаруы мүмкін.
Агенттік мәліметінше, Венесуэла президенті Николас Мадуро биліктен шеттетілгеннен кейін, АҚШ бұл елде саяси және экономикалық өтпелі кезеңді өз бақылауына алуды жоспарлап отыр. Бұл процесте Мемлекеттік департамент негізгі үйлестіруші орган болмақ.
Bloomberg дерегінше, АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланың мұнай саласына ерекше мән беріп отыр. Ақ үйге жақын дереккөздердің айтуынша, америкалық мұнай компаниялары елдегі мұнай инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін миллиардтаған доллар инвестиция салуға дайын.
The Wall Street Journal басылымына пікір білдірген жоғары лауазымды америкалық шенеуніктің айтуынша, қазіргі таңда Венесуэла бойынша басқару моделі Трамп әкімшілігінің жетекші тұлғалары – Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, ішкі қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Стивен Миллер және қорғаныс министрі Пит Хегсет қатысатын арнайы жұмыс тобы аясында талқылануда.
Каракастағы билік дағдарысы
Венесуэланың Жоғарғы соты елдің бұрынғы атқарушы вице-президенті Делси Родригесті уақытша президент ретінде тағайындағанын мәлімдеді. Сот өкілдерінің айтуынша, бұл шешім 2026 жылғы 3 қаңтарда Венесуэлаға қарсы жасалды делінген «шетелдік әскери агрессия» аясында қабылданған. Ресми мәлімдемеде аталған әрекеттің мақсаты – конституциялық президент Николас Мадуроны ұрлап әкету болғаны айтылған.
Билік бұл қадамды форс-мажор жағдайында мемлекеттік басқарудың үздіксіздігін және ұлттық қорғанысты қамтамасыз ету үшін қажет деп түсіндірді.
Алайда DPA агенттігінің хабарлауынша, Родригес уақытша президенттікке дайын екенін білдіргенімен, кейінірек Мадуроға адалдығын ашық көрсетті. Ұлттық қорғаныс кеңесінің отырысында ол:
«Бұл елде бір ғана президент бар, оның аты – Николас Мадуро Морос», – деп мәлімдеді.
Трамптың мәлімдемесі және әскери операция
АҚШ президенті Дональд Трамп Делси Родригестің әрекеттеріне байланысты пікір білдіріп, егер ол «АҚШ күткен бағытта әрекет етсе», Венесуэлада америкалық әскер кіргізілмейінін айтты. Сонымен бірге Трамп АҚШ Венесуэланы «қауіпсіз және дұрыс билік транзиті жүзеге асқанға дейін» уақытша басқаратынын жеткізді.
Ол сондай-ақ Венесуэла оппозициясының өкілі, Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Мария Корина Мачадоны болашақ басқару процесіне қатыстыру нұсқасын қабылдамағанын мәлімдеді.
2026 жылғы 3 қаңтарға қараған түні АҚШ армиясы Венесуэла астанасы Каракасқа әуе соққыларын жасаған. Дональд Трамптың айтуынша, сол операция барысында Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес АҚШ-тың «Дельта» арнайы жасағы тарапынан ұсталып, алдымен Гуантанамо әскери базасына, кейін Нью-Йоркке жеткізілген.
Айыптаулар
АҚШ Әділет министрлігі Николас Мадуроға «наркотерроризм», заңсыз қару сақтау және венесуэлалық дипломатиялық паспорттарды сату баптары бойынша ресми айып таққан. Айыптау қорытындысы 4 қаңтар күні министрліктің ресми сайтында жарияланған.
Құжатта Мадуро бұрын АҚШ-та террористік ұйым деп танылған Cartel de los Soles қылмыстық тобына жетекшілік етті, сондай-ақ жұбайы, ұлы және жақын серіктерімен бірге Колумбиядағы есірткі топтарымен кокаин өндіру және тасымалдау жөнінде сөз байласқан деп көрсетілген.