Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:38, 10 Желтоқсан 2020

Боб Дилан мен Табылды Досымов

None
None

   

                      БОБ ДИЛАННЫҢ ӘНІ – БОЛМЫС ЖЫРЫ

    Күні бүгінге дейін біз оқып жүрген керемет шығармаларды, жылдар өткен сайын жүректерге жылу сыйлайтын тамаша музыкалық туындыларды талантты адамдар өмірге әкелді.

Дарынды ойдың бір жарқ еткен сәтінен шыққан сол туындылар сан ғасырлар бойы адамзат санасында салмақтанып, ой жемісін беріп келді. Бұған Шекспирдің шығармалары мен Бетховеннің симфониялары, Далидың суреттері дәлел. «Таланттың екі түрі бар: бірі –  қолдан жасалған талант, енді бірі – Құдай берген талант. Қолдан жасалған талантпен сіз өте көп жұмыс істеуіңіз керек. Ал Құдай  берген талантты анда-санда түртіп оятуыңыз тиіс», – дейді Перл Бейли. Біз осы жазбамызда Құдай берген екі талант турасында айтпақпыз. Оның бірі – Нобель сыйлығының сахибы, таңғажайып әндерімен бүкіл әлемді жаулаған әнші Боб Дилан. Ал екіншісі – қазақтың тұңғыш бард әншісі, ақын, сазгер Табылды Досымов. Былай қарасаңыз, екеуі екі тағдырдың, екі қоғамның, қала берді, екі ғаламның адамы. Бірақ екеуінің шығармашылығына назар аударсаңыз, біраз үндестік таба аласыз.

      Алматы метросына отырған сайын Боб Диланның «Желмен үрлеу» атты жаһанға кең таралған әнін тыңдаймын. Бұл туынды ән аспанында шырқалып келе жатқанына табаны күректей алпыс жылға таяу уақыт болды. Бұл сол кездегі АҚШ қоғамына деген  наразылықтан туған  ән болатын. Шығарма мазмұны бейбітшілік, соғыс және бостандық туралы бірқатар риторикалық сұрақтар қойып, оған анық жауап іздейді. Ал автор осы әннің қайырмасында «Оның жауабын жел айтады, досым», – деп, өзінің ішкі ойын ашыққа шығарады. Осы әннің сөзін былайша тәржімаладым. 

«Бір адам қанша жол басуы керек?

Азамат деп оны ел танығанынша.

Көгершін қанша теңізді асуы керек?

Арқасын от құм қарығанынша.

Атомдар қанша рет атылуы керек?

Мәңгілік тыйым салынғанынша.

Жауабын бұның жел айтады

Иә, жел айтады, досым.

Таулар қанша жыл жасауы керек?

Дүлей теңіз шайып кеткенше.

Адамдар қанша жас жасауы керек?

Бостандыққа қолы жеткенше.

Мойныңды қанша бұруың керек?

Елемей оны өткенше.

Жауабын бұның жел айтады,

Иә, жел айтады, досым.

Көзіңді қанша талдыруың керек?

Аспанның жүзін көргенше.

Адамда қанша құлақ болуы керек?

Жылағанға дем бергенше.

Ажалмен қанша айқасуың керек?

Соншама пендені көмгенше.

Жауабын бұның жел айтады

Иә, жел айтады, досым».

    Боб Диланның шығармашылық жолы жарты ғасырдан астам уақытты құрайды, ол осы барыста наразылыққа толы, ішқұсалықты білдіретін бір емес, бірнеше ән жазды.  Оның өткір, қуатты, отты, жүректі жаралайтын және көбінесе ұтымды ән болып келетін текстері музыка арқылы әлемді  өзгертуге болатынын дәлелдей алды. Бұлай дейтініміз, Боб Дилан әлемді өзгертуде қарудың орнына жанды тербер музыканы, мағынасы терең ән текстерін пайдаланған рухани генерал іспетті.

        Боб Диланның жастайынан ізгі қоғамды аңсағаны оның «Жертөледе үкімет туралы ойға баттым» деген жалғыз ауыз өлең тармағынан-ақ білінеді. Ол Нью-Йорк туралы ән өлеңінде үлкен қалаға сіңгісі келсе де, сіңе алмай азаптанған ауыл баласын жазады.

            «Қаладан кету мен үшін бәріне ұмтылыс.

            Мен бір пенде өмірге өкпесі бар.

           Нью-Йоркке қайта айналып келгенімше,

           Адамдар жерге түсіп,

           Ғимараттар көкке шығар», – деп жырлайды.

        Асқақ өнердің арын сақтауға құлшыныс жасаған ол ешқашан өз көзқарасынан қайтпады, соның нәтижесінде  2016 жылы Нобель сыйлығын иеленді.  Нобель академиясы оған  «америкалық ән дәстүрінің аясында жаңа поэтикалық өрнектер жасағаны үшін» осы алпауыт сыйлықты ұстатты. Оның лирикасын да, көзқарасын да түсініксіз деп тапқандар оны үнемі келеке-мазаққа айналдырып келген еді. Нән сыйлықтан кейін әлгінің бәрі сап тыйылып, Диланды қолпаштайтындардың қатары көбейді. «Боб Дилан тек естуге татитын өлеңдер жазды. Бірақ оның шығармаларын поэзия ретінде оқысаңыз тіпті керемет», – деді Швеция академиясының тұрақты хатшысы Сара Даниус Диланға марапат тапсырып жатқан сәтінде.

       Боб Диланды мұндай ықпалды тұлға және талантты ақын еткен не? Ол  достарының кітапханаларындағы кітаптарды, Рим ақыны Овидийдің эпикалық тарихы мифологиясын, метаморфозаларын және афинылық генерал және философ Фукидидті жастанып оқыды, сол арқылы ол өз шығармаларында адам табиғатын зерттеуге ұмтылыс жасады. Романтик жазушылар Сэмюэл Тайлор мен Уильям Бдейктің поэзиясын, сюрреализмді қалыптастырған француз жазушысы Артур Римбудың, ақын Аллен Гинсбергтің шығармашылығын жанындай жақсы көрді һәм өзіне мықтап сіңірді. Ол ұлттың жаны саналатын тілі мен әдебиетін, мәдениетін,  қоғамдағы кейбір әділетсіздіктер туралы және халық музыкасы мен оның жас аудиториясы хақында да өте жақсы білді. Нәсілшілдік туралы өшпес мұң жазды. Оның ең керемет және ең қорқынышты әні ядролық қауіп туралы Hard Rain’s a-Gonna Fall әні еді. Бұл туынды да халықтың ішкі қыжылын жеткізген қоғамдық сипатқа ие шығарманың біріне айналды, тез таралды.

       Дилан музыкамен жаралы жүректерді емдеуге болатынын түсінді, айналасына соны түсіндіргісі келді. Бірақ ешкім оны терең түсінген жоқ. Сосын ол өмірдің мәнін, музыкалық әлемнің сырын том-том кітаптардан іздеді. Шекспирге, Хемингуэйге, Томас Маннға «табынды». Тіпті өзін Шекспирмен салыстырды. Оған оның Нобель сыйлығын алғандағы мына сөзі дәлел. «Мен елу мың адамның алдында да, елу адамның алдында да ән айтқанмын. Сіздерге айтарым, елу адамның алдында ән айту өте қиын. Елу мың адам естуге көп болғанымен, олардың жүзінен көруге болатын біртүрлі сезім болады. Елу адамнан ол сезімді көре алмайсың. Олардың әрбірі жеке тұлға, әрбірінің өз алдына тәуелді әлемі бар һәм дүниетанымы бөлек. Бұл өткел сенің қаншалық қуатың бар екенін, қайратың мен талантың қаншалықты ұштасқанын бағамдайды, теңшейді. Ал Нобель сыйлығын бағалау комитетіндегілердің саны одан да аз екені маған аян. Бірақ құдды Шекспир секілді мен де әрбір шығармама шын жүректен кірістім, сол үшін де «Бұл әннің музыкасын ойнауға кім лайық?», «Бұл дыбыс жазу студиясы сапалы ма?», «Бұл әннің әуезі өзіне жарасымды ма?» дегендей әртүрлі ұсақ-түйек істерді біржақты етумен болдым. Арада төрт ғасыр аунаса да, кейбір істер еш өзгермепті. Мен осы күнге дейін өз-өзімнен «Менің әндерім әдебиет пе?» деп сұрап көрмеппін». Меніңше, оның жазған әрбір ән текстерінің әдеби құндылығына ешкім күмән келтіре алмайды.

     Өнерге құштарлық кейде сөзден де маңызды болмақ. Әдебиетті әдебиет еткен не? Әрине, талантты тұлғалардың шынайы еңбегі. Маңыздысы – Дилан әдебиеттің табиғаты туралы еш күмәнданбайды, оның осыған дейін бізге жеткен әндері уақыттың бәріне төреші екенін дәлелдейтінін қайта-қайта есімізге сала берді.  Біз тағы да айналамызға «Әдебиетті әдебиет ететін не?»  деп сұрақ тастаймыз, содан кейін Диланның ән мәтіндерінен ерекше қасиеттерді тапқан соң терең тыныстаймыз, себебі өзіміз қойған ұлы сұраққа нанымды жауап таба алдық. 

     Ол ән текстері арқылы көптеген сұрақтарға жауап іздеуден жалыққан емес. Анасына арнаған әнінде де сол сауалдар жаңғырады, төңірегінен аласұрып жауап іздейді.

«Түстен кейінгі қараңғылық,

 күміс қасыққа да көлеңке түсіреді,

 Жарайды, шеше, мен күрсініп тұрмын.

Сіз қойған сол ұлы сұраққа,

Сіз қанағаттанарлықтай жауап жоқ екенін білеміз.

Данышпандар заң жасап әлек,

Ақылдылар мен ақымақтар үшін.

Ал маған ештеңе керек те емес, мағыналы өмір сүру үшін.

Тілім отқа оранып ән салған кезімде,

Менің көзім зираттар мен  жалған құдайларға кездеседі».

Немесе «Аспан есігін қағу» атты шығармасында тағы да былай толғанады:

«Шеше

Кеудемдегі алыңыз төсбелгіні

Енді ол маған қажетсіз, анық білдім.

Айнала қап-қара әлем, көшкен нұры...

Мен Аспанның есігін қағып тұрмын.

Тық-тық, қақтым Аспан есігін...

Шеше

Қаруымды қойыңыз менен алып

Оны енді ешкімге кеземеспін.

Түсі суық қара бұлт келеді ағып...

Қақтым Аспан есігінМен – Елеспін», – дейді.

Боб Диланның ұстазы ретінде Бодлерді, Уолт Уитменді айта аламыз. Адамның кейбір кездерін, күйінішті сәттерін әнге қосудан жалықпаған Дилан да басқа ақындар сияқты өлімді тебірене жырлады. Ажал дейтін аждаһаны ол әнмен «қарсы алғысы» келді. Не дегенін оқып көрелік:

 «Айтарым сол аппақ көңіл адамға,

Ғазиз жаным дей алмаспын бүлінбек.

 Еш уайым жоқ қой менің санамда,

Бақи жаққа барсам деймін күлімдеп.

Мен өлімге қарсы келмен, жоқ күмән,

Балаларым шулап қалар сол қиын.

Қабіріме көзім қадап көп тұрам,

Күн батсыншы, сосын мәңгі қалғиын.

Қара түтін көтерілді зеңгірге,

Түтін ғой ол, шыққан менің басымнан.

Ұлы Исаға хабар айттым келдім деп,

Мен де көшем сосын мынау ғасырдан».

     Бұл неткен асқақтық? Әр әнінде осындай ірілік, тәкаппарлық, ешкімді көзге ілгісі келмейтін өр мінез бар әншінің шығармашылығы есті оқырманды бейжай қалдырмайтыны шындық.

    Қысқасы, Боб Дилан әлемі – шынайы өнердің, ізгілікке ұмтылған жүректің, қоғамнан әділет күткен періште көңілдің, рухани тазалықтың әлемі. Ал осы Боб Диланның шығармашылығы мен біздің Табылды Досымовтың өнер жолын ұқсатқым келеді. Екеуі де гитарамен ән салып, қараңғы қоғамды әнмен оятқысы келді. Екеуі де халықтық әндер арқылы өз шығармашылығын аспандатты. Екеуі де әділетті қоғамды, ізгі дүниені жақтады. Екеуіндегі жалғыз айырмашылық – Боб Дилан ерте қанат жайған өркениетті қоғамда өмір сүрді, ал Табылды Досымов посткеңестік кезең мен тәуелсіздік жылдарының тоғысында жасады. Бірі Нобель әдебиет сыйлығын еншілесе, екіншісі ешбір сыйлық бұйырмай, қаймана қазақтың жүрегінің төрінен орын алды.

                        ТАБЫЛДЫНЫҢ ӘНІ – ТАҒДЫР ӘНІ

       Қазақ ән әлемінің көгіне жарқ етіп шығып, жұлдыздай жайнаған талант иесі Табылды Досымов еді. Ол да біздің санамызға әнмен ұрыс салды, ешкімге ұқсамайтын өлеңдерімен жүрегімізді жаулады, жаттатқызды. Боб Дилан Нью-Йоркті жырласа, Табылды Алматыны өлеңге қосты.

 «Жаңбыр жауса,

Қататындай Алматы үн,

(Көкірегіне қалдырыпты мәңгі атын)

Мұңданады туған жерден кете алмай,

Тұлданады жетеріне жете алмай,

Шырмалады жер-шідерге сорлы ақын.

Алматысыз жетпейтіндей бірдеңе,

Қайғы-құмда қайырлауда жыр-кеме.

Тума бауыр тапса-дағы көңілін

Торығумен өткізуде өмірін,

Туған ауыл дейтін «Ұлы» түрмеде...

Арман ойы болғанменен мәңгі ұлы,

Алматымен тоқайласпай тағдыры.

Кеселі көп, нөсері жоқ өлкеде

Сағыныштан жан-жүрегі өртене

Жанарының тыйылмайды жаңбыры...»

      Міне, таланттар үндестігі. Боб Дилан мен Табылдының өр де асау мінездері бірін Нью-Йоркке, енді бірін Алматыға сыйғызғысы келмеді. Бірақ екеуін де айналасы түсінбесе де, табан тіреген шаһарлары түсінуге тырысады.

     Табылдының әні қадау-қадау ғасырлардың арасымен өтіп, бізге жеткен баба әуенінің ұшқыны сияқты. Ол әуенде елдің мұңы, жыры, жарасы жазылғандай. Әдебиеттанушылар Боб Диланның әндерінен ағылшын мәдениетін, құндылықтарын іздей бастады. Ендеше біз Табылды салған әндерден өз тарихымызды іздегеніміз дұрыс шығар. Жоғарыда Боб Диланның  Шекспирді, Бодлерді, Уолт Уитменді, Хемингуэйді ұстаз тұтқанын айттық. Ал біздің Табылды Досымов ұлт батырлары мен ақындарын, абыздарын ұстаз деп таныды.  

«...Ерліктері айналмайтын елеске,

Атыраудың алабының бәрі есте.

Ереуіл атқа ерін салған егесте,

Махамбеттің өзі бір тау емес пе?!

Жанарында жасын ойнап керемет,

Жауған оққа қарсы шапқан, себелеп.

Санаң болса қалай ғана айтарсың,

Нысанбаев тау емес ед, төбе деп.

...

Алты Алаштың алыптары берсе дем,

Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем.

Биіктікті, айналайын, туған ел,

Қыранының қанатымен өлшеген».

  

     Пакиза сезім, ұлы құрмет пен ізгі іңкәрлік ұштасқан осы жырда биіктік жырланады. Ненің, кімнің биіктігі? Әрине, ұлттың, рухтың, қазақы қара өлеңнің биіктігі, асқақ мұраты. Биіктікті басқа халықтар зәулім сарайлар мен аспанмен таласа өскен ағашпен, заманауи ғимараттармен өлшейтін болса керек.  Бірақ Табылдыны туған ел шынайы биіктікті қыранның қанатымен өлшейді… Бұл қасиетті Қыр баласы Табылды ақын өзінің жүрек үнімен, гитара әуезімен ұрпақтар санасына сіңіргісі келді. Әрине, арманы орындалатын күн алда.  Талантты адамдардың кейде қоғамнан, айналасынан күдер үзген сәтте бақи дүниені «армандайтыны» ежелден бері келе жатқан құбылыс. Құдды Боб Дилан сияқты Табылды да тағдырға мұңын шағып, «мені де, өлім, әлдиле» дегендей үн шығарады. Ол үн мынадай еді:

 «Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,

«Қозым-ау», – деші күлімдеп Баяндай маған.

Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,

Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам.

Оянбай қалам, бұл шындық, ұрыспа қарғам,

Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары...

Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған,

Бауырыңа басып, егіліп жылайсың әлі».

Ақынның бұл сәттегі аласапыран күйін бір түсінсе, жапан далада жалғыз атын серік етіп, Тәңірге қолын жайған мұңлы жүрек иесі ғана түсінер. Ал алабөтен ой меңдеп, Алматыны өзіміздікі деуден тайсақтап, тақыл сайын тәубесін үйірген тарғыл түсті қоғамда өмір сүрген біздің кей «таланттар» Табылды айтқан әнге қайдан құлақ түрсін...

  Боб Дилан да, Табылды Досымов та тағдырлы таланттар. Олар қандай жыр жазса да, қандай ән салса да шынайылықтан алыс кеткен жоқ. Екеуі екі халықтың жүрек үнін жаһанға жеткізуге құлшыныс жасады. Әрине, екеуі де нәтижиесіз қалған емес...

Тегтер: