Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:01, 22 Желтоқсан 2022

Боғауыз басшы, қорланған ана...

None
None

Т.Рысқұлов ауданы Көгершін ауылының тұрғыны Жайлаукүл Мұсалиева аудандық әкімдікке жер мәселесімен барып, жерге кірер тесік таппай, қорланып қайтыпты.

Кәсіпкер ананы Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысының кабинетінде аталған ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев көпшіліктің көзінше анайы түрде балағаттапты.

Сол жерде қан қысымы көтеріліп, қорланған ана прокуратураға, әкімдікке, әдеп кеңесіне арызданады. Өз кезегінде, аудандық сот Т.Биғазиевті ӘҚБ 434-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 15 315 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салса, әдеп кеңесі «ескерту» түріндегі жаза беруді жөн санапты.

Болған жайды қысқаша баяндар болсақ, Ж.Мұсалиева, Ж.Алтыбаева мен Б.Тұтқышбаев үшеуі жер мәселесіне қатысты сұрақтарымен аудандық әкімдіктің жер қатынастары бөлімінің басшысы Д.Жанәділовтің кабинетінде отырған. Сол кезде олар отырған кабинетке келген Т.Биғазиев пен Ж.Мұсалиева әңгіме барысында сөзге келіп қалған. Сол сәтте бөлім басшысы алдында тұрған анасындай кісіні балағаттап жібереді. Мұны бірге отырғандар түсініктемелерінде жазады. Тек Биғазиевтің әріптесі Т.Жанәділов нақты естімей қалыппын деп жазып беріпті.

Әрине, мемлекеттік қызметші азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуға, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуі тиіс. Олар өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен жұртшылық тарапынан сынға себепкер болмауы керек емес пе?

Осылайша, Т.Биғазиевтің тарапынан қоғамдық орында былапыт сөйлеп, боғауыз сөз айтқаны, айналасындағыларға сыйламаушылық танытқаны заңды күшіне енген сот актілерімен және жүргізілген қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен расталады. Бірақ сот шешіміне де, әдеп кеңесінің ұйғарымына да Ж.Мұсалиеваның көңілі толмайды. Қарамағындағы қызметкердің әдепсіз қылығын айтып Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповке де кіріпті. Әкім де бұл жайдан хабардар болса керек, ол үшін сізден мен кешірім сұрайын деп шығарып салыпты.

«Айналайын-ау, сонда бұл әкім бұл жерде қарамағындағы қызметкерлердің осындай әдепсіз, боғауыз қылығы, іс-әрекеттері үшін кешірім сұрау үшін отыр ма? Өзі кешірім сұрағанша, шақырып алып кешірім сұратпайды ма? Әлде ым-жымы бір болып, осылай алдарқатып шығарып салып отыр ма? Осы жайтты газетке жазсаңыздар деген өтінішпен сіздерге шығып отырмын», – дейді жыларман болған Жайлаукүл ана. 

Ал бұған өңір басшысы Нұржан Нұржігітов не дер екен?! 

    

Тегтер: